19 Наурыз, 2015

Атырауда балықшыларды іздеген құтқарушылар жоғалып кетті

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19-03-15-atyrau-1

АСТАНА. 19 наурыз. Атырау облысында Каспий теңізі айдынында жоғалған балықшыларды іздей шыққан төрт құтқарушыдан хабар болмай кетті. Бұл туралы «Мұнайлы астана» газеті жазады. Наурыздың 16-сы күні Атырауға іргелес елді мекеннің екі тұрғыны мотоциклге мініп, Каспийдің үстінен ойық арқылы балық аулауға барған жерлерінде адасып кетеді. Газет редакциясына хабарланғандай, балықшылар өз жолдарын Атырау қаласынан 170-180 шақырым жердегі Исатай ауданының Забурын ауылынан бастайды. «Қатып жатқан жағалауда адасып кетіп, бір тәулік бойы жүрген олар келесі күні, 17 наурызда көршілес Құрманғазы ауданының балықшыларымен жолығысады. Мотоциклдерін мұз үстіне қалдырған олар қайықпен Құрманғазы ауданының Ресеймен арадағы шекараға жақын жердегі Сафоновка ауылына дейін жетеді. Сол жақтан тек 17-сі күні кешке қарай ғана қайтадан Забурын ауылына оралады. Сөйтсе, сол күні ауылдың 4 жігіті оларды іздеп, «Нива» машинасымен жолға шығып кетіпті. Бірақ олардың көлігі далада өшіп, тұрып қалған», - делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында. Бұдан әрі іздеушілер JPS навигаторының көмегімен жаяу жүруге көшеді. Түнді олар теңіздің жағалауында өткізеді. Ал таңертең навигатор істен шығып қалады. Бұл ауылдағылардың оларды жоғалдыға санауларына себеп болады. Сосын, 18 наурыз күні таңертең олардың туған-туыстары полицияға хабар беріп, шұғыл іздестіру жұмыстары басталады. Осылайша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бес қызметкері бір көлікпен және Забурын ауылының 57 азаматы 13 мотоциклмен, 5 автомашинамен іздеуге шығады. Облыстық департаментте жоғалған адамдарды іздеу жөніндегі штаб құрылады. Іздеушілер тобына көмекке Атыраудан сегіз құтқарушы жіберіледі. Көрші ауданнан тағы 4 қызметкер қосылады. Жолда қалған «Нива» шамамен 13:15 сағатта Забурыннан 20 шақырым жерде, Каспий бағытынан табылады. Алайда, кетіп қалған адамдары табыла қоймайды. Сосын Атыраудан «Еврокоптер» маркалы тікұшақ ұшып келеді. Ол теңіз жағалап ұшудың нәтижесінде жоғалғандарды жағалаудан 40 шақырымдай қашықтағы «Новинские» аралынан табады. Жиырма минуттан кейін олар Забурынға жеткізілді. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: Мұнайлы астана.