17 Ақпан, 2015

«Барыс» плей-офф кезеңіне өтті

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Амур-Барыс 16.02.2015 сурет 03АСТАНА. 17 ақпан. «Барыс» Хабаровскіде жергілікті «Амурмен» күш сынасып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша «Амурмен» екі күн қатарынан айқасып, қос жеңіске қол жеткізген астаналықтар Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Қос ойыннан тұрған сериялы тартыстың екінші бөлімінде де қазақстандық хоккейшілердің мысы басым болды. Алғашқы кезеңде айдын иелері тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберді. Алдымен, ойынның 5-минутында «Барыс» сапынан Оскарс Бартулис кіші айыппен жазаланса, 10-минутта Николай Антропов 10 минутқа айдыннан қуылды. Ол аз десеңіз, арада тағы 5 минут уақыт өткен кезде Олег Кваша да алдыңғы әріптестерінің кебін киіп, екі минуттық жазасын өтеуге аттанды. Бір кезеңнің өзінде осыншама мүмкіндікті пайдалана алмаған хабаровскіліктер керісінше бес ойыншымен жүріп, өз қақпаларына шайба жіберіп алды. Бір ойыншыға кем болғанына қарамастан шабуылға шыққан астаналықтар 17-минутта Константин Романовтың көмегімен есеп ашты. Екінші кезең басталысымен қонақтар қарсыластарының қақпасына лап қойды. Нәтижесінде, 24-минутта Олег Кваша қанжығасын майлап, есепті еселеді. Ал келесі үзіліске 5 минут уақыт қалған кезде Николай Антропов «Амурдың» қақпасына үшінші шайба соғып, есепті «Барыстың» пайдасына 3:0-ге жеткізді. Шешуші кезеңде Юкка Раутакорпиден тәлім алатын «Амур» хоккейшілері жинақылық танытып, есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. 51-минутта Вячеслав Литовченко командасының ойындағы алғашқы шайбасын соқса, кездесудің аяқталуына 5 секунд қалған кезде Михел Миклик мергендігімен көзге түсті. Алайда, бұл «Амурды» ойындағы жеңілістен құтқарып қала алмады. Осы жеңісінен кейін 84 ұпаймен «Барыс» ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында 5-орынға көтерілді. Тұрақты чемпионаттың соңына дейін әлі үш ойын өткізетін елордалық команда қазірдің өзінде сайыстың плей-офф кезеңінде ойнауға мүмкіндік алып тұр. Андрей Назаров жаттықтыратын команда келесі ойынды 20 ақпан күні өз айдынында Новокузнецкінің «Металлургіне» қарсы өткізеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcamur.ru. Амур-Барыс 16.02.2015 сурет 01 Амур-Барыс 16.02.2015 сурет 02