
ӨСКЕМЕН. 6 мамыр. Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Бүкіләлемдік би күніне орай хореографиялық фестиваль өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

«Бір үйдің баласындай» атауымен өткен фестиваль Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмірін бейнеледі. Фестивальға облыс орталығындағы зияткерлік мектеп оқушыларымен бірге халықаралық «Нұр Орда» мектебі, № 44 мектеп-лицейі, №24 мектеп-гимназиясы және Меновной орта мектебінің жас өнерпаздары қатысты. Олар қазақ, орыс, корей, өзбек, түрік және парсы халықтарының ұлттық билерін биледі.

Жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының мүшелері мерекені ұйымдастырған мектеп ұжымына ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, еліміздегі тұңғыш Достық үйін ұйымдастырушылардың бірі Лео Шик қазақстандық ұлтаралық келісім моделінің татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы үлесі туралы әңгімеледі.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz