02 Шілде, 2010

КЕДЕНДІК РЕСІМДЕУ ЖОЙЫЛДЫ

614 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың маусым айының аяғынан бастап Кеден одағы қызметі туралы халыққа жан-жақты толыққанды түсінік беретін ҚР ҚМ КБК call – орталығы жұмысын бастады. Бұл туралы кеше Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ө.Бейісбеков хабарлады. Қазір Кеден одағы туралы алып-қашпа әңгімелер көп. Бірақ өмір шындығы аталған одақтың оған қатысатын елдерге берері мол екендігін күннен күнге айқындай түсуде. Ал қарапайым азамат­тар­дың жаңа одақ туралы сұрақ­тарының болуы орынды. Міне, халықтың осындай көкейкесті сұрақтарына нақты жауап алу үшін жоғарыда аталған орталық қызмет көрсетуге кірісті. Кез келген адам Кеден одағы туралы өзін толған­дырған сұрақтарын немесе Кеден одағы кодексінің ережелері бұ­зылғандығын бай­қа­ған жағдайда бұл туралы мә­лі­меттерді осында жолдауына бол­а­ды. Кеден одағын қалыптастыру 2009 жылғы 9 маусымда Үкімет басшылары деңгейінде Мемле­кетаралық кеңес белгілеген кезең мен мерзімге сәйкес жүргізілуде. Кеден одағы – бұл бірыңғай кедендік аумақты көздейтін тараптардың сауда-экономикалық ықпалдастығының нысаны болып табылады. Айта кету керек, оның аясында, яғни тауарлардың өзара саудасында кедендік баж және эко­номикалық шектеулер қолда­нылмайды. Сондықтан бұл орайда тараптар бірыңғай кедендік тарифті және үшінші елдермен сауданы реттеудің біртұтас ша­раларын қабылдайды. Кеден одағын қалыптастыру 2007 жылғы 6 қазанда “Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағын құру және қалыптастыру туралы шарт­қа” және 2009 жылғы 19 жел­тоқсанда “Беларусь Респуб­ли­касының, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының және Ресей Федера­ция­сының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына” қол қо­йылудан бастау алған еді. Соның негізінде оның стратегиясы мен алдағы кезеңдері белгілі болды. Атап айтқанда, бастапқы алдын ала кезең – 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін болды, оны өттік. Содан кейінгі кезең, яғни бірінші кезең – 2010 жылғы 1 шілдеге дейін болатын, оны да артқа тастадық. Сөйтіп, міне, Кеден одағының 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін созылатын екінші кезеңіне де аяқ бастық. Ал 1 шілдеден бастап жаңа Кеден кодексі қолданысқа енгізіліп, соған байланысты ішкі шекарада өзара саудада кедендік ресімдеу жойылды. Бірақ, кедендік бақылау Ресей және Қазақстан жағында да әзірге қалатындығын естен шығармаған жөн. Оның өзіндік тәртібі белгіленген. Кеден одағының екінші кезеңі аяқ­талғанда кедендік бақылау толы­ғымен алынып, шекара қызметі қалады. Қазір сол 2011 жылдың 1шілдесіне дейін бекітілген жоспарға сәйкес кедендік және мемлекеттік бақылаудың басқа түрлерін сыртқы шекараға ауыс­тыру мәселелері қарасты­рылып жатыр. Санитарлық, фи­тосани­тар­лық және ветери­нарлық бақылау саласындағы, сондай-ақ техни­ка­лық реттеуде рұқсат беру құ­жат­та­рын өзара тану жүзеге асырылатын бо­лады. Осылайша ЕурАзЭҚ атал­ған мемлекеттерінің Кеден одағы жұмыс істеуінің негізгі тетігі қол­да­нысқа енгізіледі. Сөйтіп, 2011 жылғы 1 шілдеде Бірыңғай кеден ау­мағын қалыптастыруды аяқтау жоспарланып отыр. Александр ТАСБОЛАТОВ.