Ақмола облысының Қатаркөл кентінде Қазақстан энергетиктері ардагерлерінің екінші съезі болып өтті.
Нақ осы жиында электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралардың алдағы бес жылға арналған түзетілген жоспары Қазақстанның дағдарыстан шығуы орайындағы басым бағыт деп жарияланды. Сөйтіп Қазақстан Электрэнергетикалық қауымдастығы мұрындық болып, Бурабайдағы “KEGOC” АҚ оқу орталығындағы өткен Қазақстан энергетиктері ардагерлерінің екінші республикалық съезінің қорытындысында қабылданған қарардың бір тармағы осы жайды айғақтады.
Қазақстан экономикасын дамытудың индустриалдық-инновациялық бағдарламасын табысты іске асыру үшін энергетикалық қуаттарды ұлғайту қарқынын, электр стансалары мен электр желілерінің жабдықтарын жаңалау мен қайта құруды жеделдетіп, энергетика саласын басқару жүйесін жетілдіру, елдің бүкіл энергетикалық кешенінің қауіпсіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету қажет. Міне, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, “KEGOC” АҚ пен сала компанияларының өкілдері және энергетика ардагерлері бас қосқан съезге қатысушылар осындай ортақ ой тоғысына келді.
“Қазақстан экономикасын индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасын жедел іске асырудағы электр энергетикасының рөлі” тақырыбындағы негізгі баяндаманы Қауымдастық төрағасы Шаймерден Оразалинов жасады. Оның айтуынша, Үкімет электр энергетикасын одан әрі дамыту үшін Электр энергетикасы саласын дамытудың таяудағы бес жылға, яғни 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзірлеуде. Осы кезеңде жаңа қуаттылықтарды қатарға қосу және жұмыс істеп тұрған электр стансаларын кеңейту белгіленген. Бағдарламада “KEGOC” АҚ компаниясы іске асырып жатқан Қазақстанның Ұлттық электр торабын дамытуға ерекше орын берілген. Осы жұмыста айтарлықтай ілгері басушылық байқалады. Мысалы, ВЛ-500 кВ “Солтүстік-Оңтүстік”, “Екібастұз-Батыс” желілерінің іске қосылуы Ұлттық электр торабының транзиттік әлеуетін едәуір арттыруға, республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінің зәру тұтынушыларын электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
220-500 кВ-тық электр стансалары мен электр желілерінің жабдықтарын жаңалау, күрделі жөндеуден өткізу және реконструкциялау жөнінде ауқымды жұмыстар атқару көзделуде. Белгіленген жоспарларды 2015 жылға дейін іске асыру үшін 2,8 трлн. теңге инвестиция қажет етіледі.
Электр энергетикасы саласындағы іс-жай және ондағы аға ұрпақтың алаңдаушылығын туғызып отырған толғақты проблемалар жайында Қазақстан энергетиктер ардагерлері кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов әңгімеледі. Ол, атап айтқанда, энергетика нысандарын салу, реконструкциялау және жаңалау жөнінде атқарылып жатқан жұмыс қарқыны мен көлемі экономиканың даму деңгейінен артта қалып қойғанын тілге тиек етті. 19,1 мың МВт қуаттылық қойылған жағдайда Қазақстан электр стансалары 14,8 мың МВт қуатқа ғана ие. 2010 жылдың 1 қаңтарында қуаттылықтардың алшақтығы 4,3 мың МВт құраған. Жылу электр стансаларының энергия өндіруші қуаттарының 41 пайызға жуығы 30 жылдан артық пайдаланылып келеді. Мұның өзі апатты ахуалдардың шығуы орайындағы тәуекелдерді айтарлықтай арттыра түсуде. Жағдайды түзету үшін генерация секторына инвесторлар мен қаржыны көбірек тарту керек. Бүгінгі таңда жаңа электр стансаларын салуды және қолданыстағыларын жаңаландырып, кеңейтуді қамтамасыз ететін қуаттылық рыногының моделі жасалуда. Бұл туралы ардагерлерге “KEGOC” АҚ басқарушы директоры Владимир Осоченко айтып берді.
Ардагерлер өз кезегінде Жамбыл ГРЭС-і қуаттылығының толық пайдаланылмай отырғандығына қынжылыстарын білдірді. Ақсақалдар Мемлекеттік техникалық инспекция мен Мемлекеттік энергобақылау мекемелерінің рөлі төмендеп кеткендігін өкінішпен атап көрсетті. Соның салдарынан энергетика нысандарын қауіпсіздік техникасы мен пайдалану ережелерін сақтау тұрғысынан толық құқықты инспекторлық тексеріс жүргізілмейді, қажетті нормативті-техникалық нұсқаулықтар мен апаттардың алдын алатын пәрменхаттар шығарылмайды.
Тағы бір сұрақ былай қойылды: инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшы кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі өзін-өзі ақтаған республикалық оқу орталықтары неге жұмыс істемейді? Съез делегаттарын өзгеріске ұшыраған Энергетика министрлігінің бірқатар аса маңызды қызметтерін салалық үйлестірушіге (АРЕМ) беру тақырыбы да бейжай қалдырмады. Олардың пайымдауынша, елдің техникалық тұрғыдан күрделі, көпсалалы энергетикалық кешенінің ырғақты жұмысы дербес ведомство түріндегі орталық кәсіби органның құрылуын талап етеді. Украина, Беларусь, Өзбекстан сияқты ТМД-ның бірқатар жетекші елдері бұрынғы Энергетика министрлігін сақтап қалулары тегін емес.
Съез делегаттары тиісті қарар қабылдап, оны Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басшылығы мұқият қарайтынына, сөйтіп қабылданған шаралар мен шешімдер жайлы Қазақстан энергетиктері ардагерлерінің кеңесіне хабарлайтындығына сенім білдірді.
Алексей ЖУКОВ.