Облыстық өлкетану музейінде “Қайталанбас тұтастық” атты байқау-көрме ұйымдастырылды. Бұл шара көрме ғана емес, жарысқа негізделуімен де көрерменге қызықты болды. Оған облыс аудан, қалаларынан тоғыз музей қатысты. Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық мәдениет басқармасы осындай шаралар арқылы мұражайлардағы қорлардың мүмкіндігін толық аша отырып, бүгінгі көрермен санасында халқымыздың, өлкенің тарихын жаңғыртуды басты мақсат тұтыпты. Байқауға қатысқан музейлер түрлі тақырыпта жобалар ұйымдастырды. Қазылар алқасы оларды “Ең көне бұйым”, “Жиындықтардың алуан түрлілігі”, “Жиынтық түйіні”, “Білім беретін мұражайлық инновациялық бағдарламалар” сияқты бірнеше аталым арқылы таразылады.
Мысалы, Арқалық қаласындағы Дала тарихының музейі байқауға жалғыз сәукелемен ғана қатысты. Жангелдин аудандық тарихи-өлкетану музейі Міржақып Дулатовтың өмірбаянына қатысты 105 фотосуреттің 35-ін осы байқау-көрмеге ұсынды. Рудный қалалық музейі “Нил Сорский. Жәдігер не туралы сыр шертеді?” жобасын “Ең көне бұйым номинациясына ыңғайлапты.
– Музейлерде мыңдаған жәдігерлер сақтаулы. Ал оларды тек қорда сақтап ғана қоймай, көрерменге мүмкіндігінше ұсынып, оларға көрсетіп отыру керек. Жасыратыны жоқ, қазір бұл мәдениет ошақтарына адамдар жиі бас сұға бермейді. Жәдігерлер – туған өлке мен халқымыз тарихының куәгерлері. Өткенді білмей біз жастар бойына патриотизм сезімін де қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан уақыт сабақтастығын қамтамасыз ететін музейге көрермен тарту үшін біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Бұл шара да сол ізденістен туған жұмыстардың бірі ғана,–дейді облыстық-тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Галина Саталкина.
Көрме-байқауға көпшілікті жинай білген музей қызметкерлерінің еңбегі де айтуға тұрарлық. Қазылар алқасы музейлердің танымдық-тарихи жобаларын қарай келе, бірінші орынды Арқалық қаласындағы Дала тарихы музейіне берді. Екінші орынды Алтынсариннің мемориалдық музейі, үшінші жүлдені Жангелдин ауданындағы музейлер кешені иеленді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.