23 Маусым, 2015

«Астана арландары» – wsb жобасының чемпионы!

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2b АИБА-ның WSB жобасында ел намысын қорғайтын «Астана арландары» бесінші маусымның жеңімпазы. Маусымның 20 және 21-і күндері елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен екі финалдық кездесудің қорытындысында олар «Куба домадорес» командасын жалпы есепте 6:4 етіп ұтты. Жобаға былтыр қосылған бойда же­ңім­паз атанған кубалықтар Астанаға сол атақтарын сақтап қалу үшін келді. Ко­манда сапында 2016 жылғы Олим­пиа­даға жолдама алған алты бірдей бокс­шының болуы осыны айғақтай түседі. Жарыстың алғашқы күні 49 кило­ға дейінгі салмақ дәрежесіндегі бокс­шылардың жекпе-жегімен бас­талды. Бұл сында «арландар» сапынан Теміртас Жүсіпов шаршы алаңға көтерілді. Ал кубалықтар Йоанис Аргилагосқа сенім артты. Бес раунд бойы айқын басым­дық танытқан Теміртас 3:0 есебі­мен жеңіске жетті. Өз кезегінде коман­дамыздың капитаны Самат Бәшенов (64 кг.) пен Мейірім Нұрсұлтанов (75 кг.) та қарсыластарын осындай есеппен тізе бүктірді. Олар сәйкесінше, Ясниер Лопес пен Арлен Кардонаны жеңді. Ал 56 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Қайрат Ерәлиевтің Лондон Олим­пиадасының чемпио­ны Робейси Ра­миреске шамасы жетпеді. Қайрат бірін­ші және үшін­ші раундтарда басым түс­ке­німен, жалпы есепте 0:3 болып ұтылды. Алғашқы күннің нүктесін ауыр салмақтағы (91 кг.) боксшылардың жекпе-жегі қойды. Бұл сында біздің коман­да сапынан Василий Левит шықса, қарсы тараптан Эрисланди Савон сынға түсті. Васяның осы жоба арқы­лы 2016 жылғы Ойындар жолда­масын иемденгені белгілі. Ал Эрис­лан­дидің үш дүркін Олимпиада чемпио­ны, атақты Феликс Савонның туысы екенін айта кетейік. Тартысты өткен жекпе-жек нәтижесінде кубалық 2:1 есе­бімен жеңіске жетті. Бұл ретте Левит­тің қар­сыласынан әлдеқайда басым бол­ға­нын қаперге алғанымыз жөн. Деген­мен, төре­шілер жеңісті қонақ боксшыға ұс­татты. Осылайша, финалдың бірінші бө­лі­гінде «арландар» 3:2 есебімен алға шықты. Екінші күні алғаш болып шаршы алаңға 52 килоға дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. «Арландардың» жат­тықтырушылары бұл салмақта Олжас Сәттібаевты шығарса, куба­лықтар оған Йосвани Вейтианы қарсы қойды. Шайқаста Олжас 3:0 есе­бімен жеңіске жетті. Дәл осын­дай есеппен Асланбек Шым­бергенов (69 кг.) пен Иван Дычко да (+91 кг.) қарсыластарын қапы қал­дырды. Асланбек Рониель Иглесиас Сотолонгодан басым түссе, Ваня Йоханди Ортеганы жеңді. Ал 60 килоға дейін салмақта бақ сынаған «арлан» Закир Са­фи­уллин Ласаро Альвареске 1:2 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ, 81 килода жұдырықтасқан Нұрдәулет Жарманов екі дүркін әлем чемпио­ны Хулио Сесар ла Крустен 0:3 есебімен жеңілді. Сонымен, біздің боксшылар екінші күні 3:2 есебімен ұтып, жалпы есепті 6:4 етті. Осының нәтижесінде «Астана арланс» WSB жобасының екінші мәрте чемпио­ны атанды. Бұған дейін ол 2013 жылы осы тұғырдан көрінген еді. Ал 2011 жылы – күміс, 2012 және 2014 жылдары қола медальдарға қол жеткізген болатын. Айта кетейік, маусым басында «Астана арландарының» құры­лымы айтарлықтай өзгеріске ұшы­рап, команда басшылығына Лон­дон Олим­пиадасының чемпионы Серік Сәпиев келді. Сондай-ақ, жаттықтырушылар құрамы да қайта жасақталды және алғаш рет ұлттық құрамамен тұтас команда ретінде өнер көрсетті. Биылғы жеңіс осы рефор­ма­­лар­дың жемісі екенін айтқан «Аста­на арландары» командасының бас ди­ректоры Серік Сәпиев: «Бұл – тұтас ко­манданың жеңісі. Маусым бойы бел­сенділік танытқан жаттық­тыру­шыларға алғысым шексіз. «Ар­ландарымыздың» жеңісі – сол төгілген тердің өтемі», – деді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».