АСТАНА. 7 мамыр. Еліміздің Бас прокуратурасында Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында Бас прокурор Асхат Дауылбаев құттықтау сөз сөйлеп, тәуелсіздік жылдарында Елбасының қолдауы арқасында армияның қауіпсіздік кепіліне және мемлекеттің алып күші мен қуатының кемелді көрінісіне айналғандығына тоқталды. Сондай-ақ, ол еліміздің Қарулы күштері бүгінде мемлекетіміздің шын мәніндегі сенімді тірегі болып саналатындығын атап көрсетті.
«Отан қорғаушылар күні еліміздегі барлық буын өкілдерінің басын біріктіретін мейрам. Біз Отанымыздың тарихындағы ерлікке толы кезеңдерді әрдайым қастер тұтып, батыр әкелеріміз бен қаһарман аталарымыздың жанқиярлық ерліктерін мәңгілік есте сақтайтын боламыз. Сонымен қатар, бүгінде Отан сақшысы болып, елдегі бейбіт өмір мен тыныштықтың күзетінде тұрған арыс азаматтарымызға құрметіміз шексіз», – деді Бас прокурор.
Асхат Дауылбаев ұжымды Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен де құттықтады. «9 мамыр барлық ұрпақ өкілдері үшін Отанға деген адалдықтың, қаһармандық пен ерліктің белгісі ретінде тарихымыздан айшықты орнын алған қасиетті күн болып табылады. Соғыс ардагерлерінің қатарында прокуратура органдары сапынан майданға аттанған ағаларымыз көп. Алайда, солардың талайы шайқас даласынан оралмады. Олардың жасаған ересен ерліктері мен жанқиярлық шайқастары жүрегімізден мәңгілік орын алады», – деді ол.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен прокуратура органдарының бірқатар басшылары жоғары сыныптық шендерге ие болып, мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Атап айтсақ, 3-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені бас көлік прокуроры Ыбырай Тілеуғалеевке, Ақтөбе облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровке, Ақмола облысының прокуроры Мұратбек Исәділовке, Алматы облысының прокуроры Ғабит Миразовқа, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетовке, Атырау облысының прокуроры Ғалымжан Тоғызбаевқа және Бас прокуратураның 3-ші департаментінің бастығы Тимур Тәшімбаевқа тапсырылды.
II дәрежелі «Даңқ» орденімен Астана қаласының прокуроры Сабыржан Бекбосынов пен Батыс Қазақстан облысының прокуроры Серік Қараманов марапатталды. І дәрежелі «Айбын» орденімен Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Қайрат Абылқасов мараптталды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Бас прокуратураның 5-ші департаментінің бастығы Роза Досымбекова, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Василий Олейник, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Берік Құлтасов, Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Асқар Досекенов мараптталды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі бас әскери прокурордың аға көмекшісі Дәулет Бекеновке тапсырылды.
Қызметтік парыздарын үлгілі атқарғандары үшін Бас прокурор орталық аппараттың бірқатар қызметкерлеріне сыныптық шендер мен ведомстволық наградалар тапсырып, марапаттады.
Салтанатты жиынға қатысқан Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына «Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалін тапсырды.
Мерекелік іс-шара прокуратура органдарының қызметкерлері әзірлеген концертке ұласты.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.