АЛМАТЫ. 5 тамыз. Алматылықтар даңқты әскери ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновті туған күніне орай еске алды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері арасынан батырдың замандасы-сырласы болған майдангер Сейтқасым Боранқұлов, республикалық генералдар кеңесі төрағасының орынбасары Махмұт Телеғұсов әскери ұшқыштың өткен өмірінен сыр шертіп, батырды еске алу жиынына әр берді.
«КезіндеТалғат Бигелдинов бүкіл Кеңес Одағының мақтанышы, абыройлы да даңқты азаматы саналды. Одан соң, тіпті, ТМД мемлекеттерінің барлығы да бірдей оған ерекше құрмет көрсетті. Осының өзі біздің жігерімізді жанитын, сезімімізге серпін беретін. Талғат Бигелдинов – біздің ұрпақ үшін ерліктің символы. Біздің ұранымыз! Біздің – Алтын қыранымыз!», – деді еске алу митингісінде сөз алған азамат – Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Санжар Боқаев.
Батырдың қызы Райхан Талғатқызы: «Мен таяуда ғана әкем туралы кітап жазып бітірдім. Қазақ халқы сүйікті перзенті, жаужүрек әскери ұшқыш Талғат Бигелдиновтің майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі туралы көп біледі, тіпті, аңыз етіп айтып та жүреді. Ал мен бұл шығармамда аяулы әкемнің жеке тұлға ретінде, азамат ретінде өзім байқаған болмысын, өзім куә болған қасиеттерін айна-қатесіз тізбектеп бердім. Оның ерлігін әрі есімін құрметтейтін қауымның жауынгерлер жиналатын саябаққа арнайы келіп, бізбен бірге Батырды еске алғанына орай білдіретін алғысымыз да шексіз», – деді.
Еліміздің Әнұраны шырқалып, қазақстандық генералдар кеңесінің мүшелері мен майдан ардагерлері, Талғат Бигелдиновтің жақындары мен туыстары Мәңгілік алауға алқызыл гүл шоқтарын қойды.
Салтанаттың соңында Офицерлер үйінде Генералдар кеңесінің демеушілігімен кинорежиссер Лаврентий Сон түсірген «Көкке көтерілу» атты деректі фильм көрсетілді.
Талғат Сүйінбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.