20 Наурыз, 2015

Су – өмір өзегі

1313 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазіргі заманда коммуналдық, өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларында суды пайдалану мен тұтынудың қажеттілігі орасан артып отырғаны белгілі. Жер бетіндегі халық тұтынатын барлық судың 22 пайызы тек тұрмыстық қажеттіктерге жұмсалады екен. Орта есеппен алғанда дүниедегі әр адам күніне 150 литр суды пайдаланады. Су ресурсы – халықтың таусылмайтын өмірлік қазынасы. Егер оны есеппен, ұқыпты әрі үнемді пайдаланып отырсақ, жауын-шашын, қар, т. б. жерүсті, жерасты суларымен қайта толығып, толысып отырады. Алайда, бұл тепе-теңдік бұзылған жағдайда, бүгінгі кейбір елдердегі, мемлекеттердегі сияқты су тапшылығы туындайды. Соңғы 30 жылда дүниеде су ресурс­тарын пайдалану тым артып кетті. Бұл халық тұрмысының өсуімен, тұрмыстық техникалардың (ыдыс, кір, автокөлік жуу машиналары, бақ пен бақша суару машиналары, дәретханаға жұмсалатын су, т.б.) көбеюімен де байланысты. Мысалы, 1900 жылмен салыстырғанда Америкада (АҚШ) суды пайдалану 1000 пайызға өсіпті. Дамып келе жатқан елдермен салыстырғанда америкалықтар суды 10 есе көп пайдаланады екен. Қазіргі уақытта суды ысырапсыз, үнемді, тиімді пайдалану жер-жерде жүзеге асырылып келеді, әсіресе, бұл суға тапшы елдердің қолға алып отырған жұмысы. Осыған байланысты арнайы бөгендер жасалып, ондағы сулар қажетіне қарай пайдаланылып отырады. Бөгендер, су қоймалары өзен суын реттеп, артығын су қорына жинақтайды. Ондай су қорларының жанынан әдетте су электр стансалары салынып, электр қуаты өндіріледі. Ал су қоймаларының, бөгендердің жағалаулары табиғатының ыңғайына қарай саяжайларға, халықтың сүйіп демалатын орындарына айналып жатады. Жетісу жеріндегі Қапшағай бөгені осының жарқын мысалы бола алады. Дамыған елдерде жерасты суларының қоры да зерттеліп, оның орналасу карталары жасалған. Жерасты суларын жоспарсыз, келеңсіз пайдалану топырақты құрғатып, құнарын жояды. Сондықтан көптеген Еуропа елдерінде, Америкада өзендердің артық суларын арнайы жасалған жерасты су қоймаларына жинақтайды. Суларды үнемді пайдаланудың тағы бір тәсілі – бұрын пайдаланылған суды тазартып, өндірісте қайта іске қосу. Әрине, бұл жұмыс қосымша күрделі шы­ғын­дарды қажет етеді, сондықтан көпшілік кәсіпорындар өндірісте пайдаланған су қал­дықтарын өзен, теңіздерге төгіп тастап жатады. Адамдар әлі суды үнемді пайдалануға жөнді мән бермей келеді. Мысалы, бау-бақшаларға су шашатын көпшілік су бүрку құралдары сағатына 1000 литр су жұмсайды екен. Бұл төрт адамнан тұратын отбасының бір тәулік бойы пайдаланатын суымен пара-пар. Сондықтан көп елдерде бау-бақшаларды суару жұмысын билік орындары қадағалап отырады. Суды үнемді жұмсаудың, тұтынудың тағы бір жолы – тұрмыста қолданатын судың бағасын көтеру. Қазір көпшілік елдерде біздің елдегі сияқты үйлерге тұтынған судың көлемін өлшейтін есептеуіш аспаптар орнатылған. Зерттеулерге қарағанда, үйлерде пайдаланылатын су мөлшері осыдан кейін 22 пайызға азайған. Көл, су қоймаларының бетіндегі судың үлкен бөлігі жыл сайын, әсіресе, құрғақ, ыстық аймақтарда буға айналып отыратыны белгілі. Ғалымдар қазір су бетінің булануын азайтатын арнайы заттардың технологиясын жасап, оны су бетіне тозаңдатқыш арқылы шашпақ. Бұл судың булануын анағұрлым азайтатын көрінеді. Жер бетіндегі халықтың жылдан-жылға көбейіп, олардың суға деген қажеттілігінің артуы көптеген елдерде су тапшылығын тудырып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын өзен сулары жетіспей жатады. Осыған байланысты ғалымдар ағынды суларды шаруашылықта пайдалану жолдарын зерттеп, оны жүзеге асыра бастады. Қазақстанда бұл жұмыс 1969 жылдан жүргізіліп келеді. Республика Үкіметі 1985 жылы ағынды суларды тиімді пайдаланып, мал азығы мен техникалық дақылдарды, шабындықтар мен ағаш, орман-тоғайларды суландыру жұмысын дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылдады. Қазіргі кезде Қазақстан қалаларында жыл сайын 8,5 млрд. м3 ағынды су түзіледі екен. Тек Алматы қаласы ғана секунд сайын 6,5-7 м3 су пайдаланатын көрінеді. Қала халқының жыл санап өсуіне және жеке секторлардың, үйлердің қалалық ортақ кәріз жүйесіне қосылуына байланысты ағынды сулардың көлемі жақын жылдардың өзінде 20-30 пайызға өсуі мүмкін деп топшылайды ғалымдар. Сондықтан ағынды суларды қайта өңдеп (утилизациялап) оны тиімді пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Ол үшін, біріншіден, пайдаланудан шыққан ағынды суларды қайта өңдеп, тазартып, жақын су қоймаларына жинақтау қажет. (Бұл тым қымбатқа түседі). Екіншіден, ондай суларды әуіттерде жинақтап, егістікте пайдалану. (Бұл әдістің экологиялық қаупі бар). Үшіншіден, ағынды суды өзен суына апарып қосу керек. (Өзен суының тапшылығына байланысты). Төртіншіден, жаз айларында арнайы дақылдар түрлерін суаруға пайдаланып, қыста ағынды суларды әуіттерге жинақтаған дұрыс. Көп елдерде осы соңғы әдіс көбірек пайдаланылады. Қазақстандағы ағынды сулармен суарылатын жер көлемін 2005 жылы 142 400 гектарға жеткізу жоспарланған еді, ол жүзеге аспай қалды. Біздің елімізде ағынды суларды ең көп, тиімді пайдаланған жылдардың өзінде көлемі 48-50 мың гектардан аспаған екен. Ал қазір бұл көрсеткіштің өзі екі есеге қысқарған. Ғылыми-зерттеулердің нәтижесі жер суаруға ағын суларды пайдаланған жағдайда мал азығы мен техникалық дақылдардың өнімділігі өзен суымен суарылғандағыдан 30-50 пайызға дейін артатынын анықтап отыр, әрі топыраққа сумен бірге органикалық, минералды тыңайтқыштар, микроорганизмдер мен микроэлементтер де барып, оның құрамын жақсартады. Алайда, ағынды суларды пайдаланғанда әрқашан олардың химиялық құрамын, топырақты бақылап отыру қажет, өйткені, пайдаланылған ағынды сулардың құрамында күрделі химиялық және косметикалық өнімдер мен заттар (препарат) болады, олар ауылшаруашылық өнімдері мен жерге зиянды әсер етеді. Сондықтан ондай өнімдерді тек мал азығына қосымша ретінде ғана пайдалануға болады. Егер еліміздің қалаларындағы ағынды сулардың кұрамында 11 мың тонна азот, 6 мың тонна фосфор және 9 мың тонна калий болса, бүгінгі күні 400 мың гектар жерді суландырып, әрі тыңайтып, тұрақты жоғары өнім алуға болар еді деп есептейді ғалымдар. Қазіргі нарықтық қатынастар кезеңінде құрамы түрлі минералды заттарға бай мұндай ағынды суларды халық шаруашылығында пайдалану экономикалық жағынан өте тиімді болары сөзсіз. Дүйсен ЖҮНІСОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.