05 Тамыз, 2015

Чемпиондар лигасы. «Астана» іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесінде

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
05-08-2015-Astana-KhIK 01АСТАНА. 5 тамыз. Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінің үшінші раундында «Астана» Финляндияның ХИК командасын қабылдады. «Астана-Арена» спорт кешенінде өткен кездесуде алаң иелері 4:3 есебімен жеңіске жетіп, іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесіне жолдама алды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Елордалықтар ойынды өте сүреңсіз бастады. Ойыншылардың денесі әлі қызып үлгермеген тұста қонақтар есеп ашып кетті. Матчтың 4-минутында ХИК-тің шабуылшысы Осман Джаллоу мергендігімен көзге түсті. Бұл ретте біздің қорғаушылардың қателігін айта кеткен жөн. Апта бұрын Хельсинкиде өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталған болатын. Соған байланысты ХИК-тің «Астана-Аренада» соққан әр голының бәсі жоғары екені түсінікті. Сол себепті, «Астана» ойыншылары келесі айналымға шығу үшін тек жеңіске жетуі тиіс-тін. Өз қақпаларына доп жіберіп алғаннан кейін астаналықтар жинақылық танытқандай болған. Алайда, матчтың 41-минутында тағы да өрескел қателік жіберіп, қарсыластардың екінші рет біздің қақпаны дәл көздеуіне жол беріп қойды. Атап айтқанда, ХИК ойыншыларының бірі біздің айып алаңға допты әуелете асырды. Пастың тым жоғары болғанын ескерген алаң иелері, соның ішінде қақпашы Ненад Эрич соңына дейін ойнамай, тоқтап қалды. Ал соңғы сәтке дейін шабуылдаған Джаллоу тура алаң сызығының бойынан допты кейін қайтарып қана қоймай, өз әріптесіне басымен тамаша пас шығарып берді. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеген Джиден Баа есепті еселеді. Үзіліске бір минут қалған кезде «Астана» шабуылшысы Патрик Твумаси айып алаңының сыртынан соққы жасап, есеп айырмасын қысқартты. Екінші таймды алаң иелері өте белсенді бастады. 46-минутта ХИК ойыншыларының бірі өз айып алаңында қолымен ойнап, ережеге қайшы әрекет жасады. Кездесудің бас төрешісі Алон Ефет ойланбастан он бір метрлік нүктені көрсетті. Бұл ретте тамаша соққысымен көзге түскен Рохер Каньяс таразы басын теңестірді. Арада 9 минут уақыт өткенде Дмитрий Шомко өте әдемі соғылған голдың авторы атанып, «Астананы» есепте алға шығарды. Кездесудің 70-минутында Твумаси алаңнан қуылып, біздің команда қалған уақытта 10 ойыншымен ойнауға мәжбүр болды. Бір футболшысы артық қонақтар басымдыққа ие болып, шабуыл шебін күшейтті. Матчтың 86-минутында дегендеріне жетті. Төреші енді біздің қақпаға пенальти белгілеп, Эрфан Зенелидің нәтижелі соққы жасауына мүмкіндік берді. Дегенмен, алғашқы таймдағы қателіктен нәтиже шығарған астаналықтар 93-минутта төртінші допты соғып, клуб тарихындағы маңызды жеңіске қол жеткізді. Бұл жеңісінен кейін «Астана» кем дегенде Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алғанын айта кетейік. УЕФА Чемпиондар лигасы. Іріктеу турнирінің үшінші раунды. «Астана» (Астана, Қазақстан) – ХИК (Хельсинки, Финляндия) 4:3 (1:2) 5 тамыз. Астана. «Астана-Арена» спорт кешені. 20 000 көрермен. Төрешілер: Алон Ефет, Рой Хассан, Саги Мазамбер (бәрі де – Изариль). «Астана»: Ненад Эрич, Марин Аничич, Бранко Илич (Жуниор Кабананга 46), Евгений Постников, Неманья Максимович, Георгий Жуков, Таңат Нөсербаев (Абзал Бейсебеков 60), Дмитрий Шомко, Рохер Каньяс, Бауыржан Жолшиев, Патрик Твумаси. ХИК: Даниэль Эрлунд, Джиден Баа, Маркус Хейккинен, Валттери Морен, Расмус Шуллер, Эрфан Зенели, Ги Моусси, Себастьян Сорса, Атому Танака, Майк Хавенар, Осман Джаллоу. Голдар: Патрик Твумаси 44, Рохер Каньяс 47, пенальти, Дмитрий Шомко 56, Евгений Постников 90+3 – Осман Джаллоу 4, Джиден Баа 41, Эрфан Зенели 86, пенальти. Ескертулер: Бранко Илич 45 – Валттери Морен 75. Алаңнан қуылды: Патрик Твумаси 70. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: footboom.kz.