23 Маусым, 2015

Мереке мерейін өсірген мәдени шаралар

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ZAH_5060 Қала күні – қалың жұртшылықтың көңілінен шығып келе жатқан еліміздегі мерейлі мемлекеттік мерекелердің бірі. Биыл Елорда күніне орай «Ел жүрегі – Астана!» лейтмотивімен 70-тен астам шара өтеді. Барлық шаралар ортақ бір тақырыппен топтастырылып өткізіледі. Мерекенің басты тақырыбы Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналады. – Осы жылы «Ел жүрегі – Астана!» лейтмотивімен 70 шара ұйым­дасты­рылады. Салтанатты шарамен 500 мыңнан астам астаналықтар мен қала қонақтарын қамту қарастырылған. Осы жылғы мерекенің ерекшелігі шаралардың барлығы ашық алаңда өтеді, – деді Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз мәслихатында. Елорда күнін ресми мерекелеу 4 шілдеде Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімінен басталады. Мерекелік шаралар дәстүр бойынша салтанатты отшашумен аяқталады. Оны қаланың бірнеше бөлігінен, атап айтқанда, Есіл өзенінің жағасынан, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы алаңынан және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы саябақтан көруге болады. – Қала күні мерекесі аясында Гол­ливуд жұлдызы Стивен Сигал, актер, кәсіби спортшы, «Бокс әлемі», «Қаһар­мандар елі» тележобасының жүргізушісі Сергей Бадюк, сондай-ақ, кәсіпқойлар арасында кикбоксингтен қазіргі чемпион Бату Хасиковтің қатысуымен елордада жекпе-жектер өнерінің бірінші халықаралық фестивалі өткізіледі, – деп мәлімдеді жуналистермен болған жүздесуде Б.Мажағұлов. Ұйымдастырушылардың ақпара­тынша, фестивальға АҚШ, Қазақстан, Қытай, Ресей, Чехия, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінен өздері қаты­сатын жекпе-жек түрлерінің үздік шебер­лері және ең жоғары белбеулер мен дандардың иелері қатысады. Бұл жолы – айкидо, джиу-джитсу, капоэйра, будзинкан, тай боксы, каратэ годзю-рю, шин кали, кендо, таэквондо, вин-чун, шаолинь және қол жекпе-жегі сияқты 12 тәртіп түрі бойынша көрнекі жекпе-жектерді өткізу жоспарланған. Жекпе-жектер өнерінің фестивалі 26 маусым күні Астанадағы «Дәулет» ұлттық теннис орталығында өтеді. Сонымен бірге, биылғы мерекеде Есіл өзенінің жағасында тұңғыш рет «Нұрлы Есіл» атты мультимедиялық-пиротехникалық таңғажайып шоу ұйым­дастырылады. Бұл замануи лазерлік және пиротехникалық технологияларды су бетінде ойнататын айрықша көрініс болмақ. Мұнымен қоса, өзенде симфониялық оркестрге арналған сахна орнатылады, бұл шоудың әсерін арттыра түседі. Оркестр қазақтың халық әндері мен заманауи классикалық әуендерді орындайды. Сахнаның айналасына биіктігі әртүрлі субұрқақтар салтанат құрады, жаңа лазерлік технологиялардың көмегімен жарқын бейнероликтер көрсетіледі. Бұл көріністің соңы эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көз жауын алатын таңғажайып пиро­техникалық шоуға ұласады.