20 Наурыз, 2015

Талап – жер ресурстарын тиімді пайдалану

1094 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекетіміз үшін жаңа әрі өте маңызды ғылыми бағыт – жерді биологиялық өңдеу, топырақтың құнарлылығын арттыру биотехнологиясы сәтті даму үстінде. Ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу және топырақтың құнарын барынша ұлғайтуға мүмкіндік беретін топырақ микроорганизмдерін ретімен пайдалану – Үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынған келелі мәселенің бірі. 17-18 наурыз аралығында Алматыда Орталық Азия елдері аймағындағы жер ресурстарын тиімді пайдалану жобасының екінші кезеңінің жұмысын сараптау мақсатында халықаралық жиын өтті. Жиынға халықаралық «ИКАРДА» шөлейт аймақтардағы ауыл шаруашылығын зерттеулер орталығының өкілдері мен Орталық Азия елдерінің ғылыми зерттеу институттарының мамандары қатысты. «Қазақстанда бағдарламаның негізгі құрамдас үш бөлігі де жақсы іске асып келеді. Жаңа инновациялық технологияларды құрау, оларды халықаралық тәжірибеде сараптау және қолданысқа енгізіп, өндірісте пайдалану. Біз бұл үш жылдық бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асатынына және әлемдік ірі жобаның екінші кезеңінің мақсаттары орындалатынына сенеміз», деген пікір білдірді «ИКАРДА» халықаралық шөлейт аймақтардағы ауыл шаруашылығын зерттеулер орталығының аймақтық үйлестірушісі, доктор Джозеф Турок. Біріккен Ұлттар Ұйымының шөлейт аймақтардағы ауыл шаруашылығын дамыту жобасының жер ресурстарын тиімді пайдаланудың әдіс-тәсілдерін дамыту және жаңа инновациялық технологияларды жетілдіру бағыты бойынша 90-нан астам түрлі технологиялар халықаралық тәжірибеде қолданысқа енгізілген. Солардың бірі – Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми институты тамшылатып суарудың жаңа әдісін ойлап тапқан. Осы әдіс арқылы былтыр Еңбекшіқазақ ауданында қатты дегредацияға ұшыраған жерлерде 1 гектар аумақтан 32,8 тонна жүгері дәні өндірілген. Ал, арықпен суару әдісімен сол аймақтан 6 тонна ғана өнім алынған. Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ басшысы Абдолла Сапаров бұл Елбасының ауылшаруашылық саласына деген айрықша көзқарасының арқасында жеткен жетістік, дейді. Топырақтың мың түрлі қасиетін зерттеп жүрген институт жерді тиімді пайдалану, құнарлылықты сақтау жобалары бойынша да біршама жетістіктерге қол жеткізген. Алқалы жиында егін шаруашылығында топырақты минералды азот тыңайтқыштармен емес, керісінше, биологиялық азотпен тыңайту халық денсаулығы үшін пайдалы екені баса айтылды. Орталық Азия аймағындағы бес мемлекеттен келген ғалымдар Қазақстан Үкіметі тарапынан жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығы саласының жандануына сеп болатынына тоқталды. Еліміздегі біршама шөлейтті аймақтарды игеру жайы да талқыланды. Өркениетке жетудің ең төте жолы – ғылыми жаңалықтардан қалыс қалмау. Ендеше, ғылымның жаңа табыстарын отандық ауыл шаруашылығын дамытуға бағыттау – өркендеу жолы болмақ. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.