Сәрсенбі күні Астанада Бокс федерациясының ұйымдастыруымен ересектер арасында Елбасы кубогы жолында өтіп жатқан ІІ халықаралық турнирдің ширек финалдық кездесулері өтті.
Мұнда Қазақстан құрамасында ширек финалға жолдама алған 32 боксшының арасында 24 былғары қолғап иесі келесі айналымға шықты. Жартылай финалға жолдама алған боксшылардың дені ұлттық құраманың өкілдері болғанына байланысты олардың көбі бір-бірімен қолғап түйістірді. Онда биылғы республика чемпионатының ақтық сынында жолдары түйіскен 69 кг. салмақтағы Рүстем Сыбаев пен Серік Сәпиев, 81 кг. салмақтағы Алмат Серімов пен Азамат Белгібаев кездесті. Естеріңізде болса, Қазақстан чемпионатында Рүстем мен Алмат қарсыластарын қиналмай жеңген еді. Сондай-ақ, жартылай финалда Нұрдәулет Жарманов пен Әліби Нұрматов (75 кг.), Дәурен Елеусінов пен Данабек Сужанов (75 кг.) кездессе, Марат Қиясов (81 кг.) кубалық Иросбанис Дювергел Авилеспен, Данияр Үстембаев (91 кг.) оның жерлесі Линиер Унисе Перо Жустинмен күш сынасты. Сонымен бірге аса ауыр салмақта Иван Дычко мен Руслан Мырсатаевтың жолы түйіссе, Досжан Оспанов сириялық Соумар Хуссунмен кездесті. Осы жерде жартылай финалда одан басқа тағы бір сириялық боксшының өнер көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Мохаммад Хуссун 91 кг. салмақта украиналық Александр Усинмен қолғап түйістірді.
Ал жеңіл салмақта Қазақстан құрамасында Біржан Жақыпов, Мардан Берікбаев (48 кг.), Нұрғазы Жүсіпов, Мирас Жақыпов (51 кг.), Данияр Төлегенов (54 кг.), Мәди Шолақов (57 кг.), Ғани Жайлауов, Айдар Әмірзақов, Самат Бәшенов (60 кг.), Мерей Ақшалов, Әділет Егізеков (64 кг.) жартылай сынға жолдама алды. Бұл кездесулерде Самат Украинаның олимпиада чемпионы Василий Ломаченкомен күш сынасса, Мирас ресейлік талантты боксшы Ғайырбек Гермахановпен кездесті. Осы жекпе-жектер газет беті қатталып жатқанда өткендіктен олардың нәтижелерін келесі нөмірде хабарлауды жөн көріп отырмыз.
Сөйтіп, Қазақстан құрамасынан 24 боксшы жартылай финалға шықса, Ресейден үш боксшы – Ғайырбек Гермаханов, Вислан Далхаев, Александр Беспутин шықты. Кубадан – Иосвани Виейта Сото, Норлан Вера Диас және жоғарыда аталған Иросбанис Дюверхел Авилес пен Линиер Унисе Перо Жустин жолдама алды.
Биылғы турнирде Моңғолия, Сирия мен Үндістан боксшылары жақсы қырынан көрінуде. Осы кезге дейін жартылай финалға шықпаған аталған елдердің құрамаларының биылғы жарыста екі-үш былғары қолғап шеберлері ақтық сынға жолдама алу үшін күресуде.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, осы жылғы турнирге АІВА-ның төрешілер алқасының жетекшісі Терри Смит келіп, Азия аймағындағы бір жұлдызды төрешілерден емтихан алуда. Олардың арасында біздің елімізден төреші ер азаматтардан басқа екі нәзік жанды қазы да бар. Турнир олардың жұмысы Т.Смиттің көңілінен шығып жатса, өз істерін адал атқарғандары үшін олар омырауларына екінші жұлдызды қадайды.
Дастан КЕНЖАЛИН.