Ақкөл – бір кездері аудан орталығы атанып, кейінірек ірілендіруге байланысты бұл атағын өз қолымен Қаратау қаласына берген елді мекен. Содан кейін көзден таса қалып, сол жылдары бұл ауылдың басынан бағы тайып, базары тарқағандай азып-тоза бастағаны да жасырын емес. Белгілі ақын, осы топырақтың перзенті, марқұм Нарша Қашағановтың Ақкөлден ел көшіп жатыр деп күңіренетін кезі де осы тұс.
Қазақстанның картасына жалпағынан жайғасқан Жамбыл облысының бір бүйірін жылытып, тамырына қан жүгіртіп жатқан Ақкөлдің бір қарағанда жүдейтіндей жағдайы да жоқ сияқты. Қазір Қызылорда, көрші Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданынан, одан берідегі Жаңатас қаласынан Алматы, Астана бағытында жолға шыққан автобус, көліктер осы ауыл арқылы өтеді. Одан қалса Сарысудан тұз тасыған, Амангелдіден газ тасыған көліктер ағылып жатыр. Былайша айтқанда, жол жағалай орналасқан Ақкөлдің өзегі талатындай тұрмысы тым төмен емес. Соңғы жылдары Ақкөл дегенде ойымызға бірден ауызсу мәселесі түсетін болды. Қайбір жылы сонау Тәңірқазғанның биігінен осы ауылға құбыр тартылып, бірақ су жақсы жетпей, елді әбден шулатқаны бар. Осы жұмысты қолға алғандар бір басталған тірлікті мың қайтара істеп, кешеге дейін ауызсудың «жыры» еш бітпеді.
– Көп уақыттан бері дау болып келе жатқан ауызсу мәселесі өткен жылдың қыркүйегінде шешімін тауып, алғашында тәулігіне бір мәрте, желтоқсан айынан бастап екі реттен су беріле бастады. Қазір ауылдағы 410 үйдің 382-сі таза су ішіп отыр. Қалған 28 үйге тұрғындарының болмауына байланысты құбыр кіргізілмеді. Соңғы жылдары елдің тұрмысы жақсарып келеді. Бүгінде ауылда үлкен жолды жағалай орналасқан 14 азық-түлік дүкені, 2 кафе, 1 дөңгелек желімдеу орны мен 1 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Одан бөлек қымыз, шұбат өндірумен айналысатын шаруа қожалықтары бар. Кей шаруашылықтар Астана, Алматы, Тараз және Қаратау қалаларына апарып өз өнімдерін саудалауда. Жалпы алғанда, ауылда 31 шаруа қожалық нақты жұмыс істеп жатыр. Тағы да біраз шаруашылықтар ірілену үстінде, – дейді Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуаныш.
Ауылда №14 Талас колледжі, 2 мектеп, 140 орындық «Қарлығаш» балабақшасы, балалар өнер мектебі, жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Шынын айту керек, қазір ауылдардың тіршілігін осындай мемлекеттік мекемелер де жандандырып отыр ғой. Өткен жылдары Ақкөлге облыс орталығындағы жүйке аурулары интернатының бір бөлігі көшіп келеді екен деген әңгіме шыққан. Бірақ, Жамбыл облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жорабек Баубеков қаржы дағдарысына байланысты бұл істің басқаша шешілгенін айтады. Шынында, интернат көшіп келсе ғимарат та дайын, бір жағы ақкөлдіктерге жұмыс табылып, тіршілігіне сеп болып, ел бір серпіліп қалар еді.
– Біздің ауылға бір банкомат керек. Қазір ауылда ай сайын жалақы алатындар баршылық. Одан бөлек, зейнетақы алатындар да көп. Сол үшін, Қаратау қаласына, қала берді, сонау Тараз қаласына сенделеді. Сосын іргемізде «Амангелді» газ кеніші жатыр, осы мекемеге біздің ауылдың жігіттері де көптеп жұмысқа тартылса. Бәлкім, кеніште жұмыс істеу үшін арнайы маман ретінде дайындар, болмаса қарауыл, аспазшы, басқа да қара жұмыстарды атқару ауылдағы азаматтардың қолынан келеді емес пе? – дейді Ақкөл ауылының тұрғындары.
Ауылда 67 жұмыссыз ресми түрде тіркелген. Өткен жылы олардың 39-ы тұрақты жұмыспен қамтылып, 18-і қоғамдық жұмысқа тартылыпты. Бұдан бөлек «Өрлеу» жобасы бойынша 9 адам жұмысқа орналасқан.
– Талас – негізінен ауыл шаруашылығы дамыған аудан. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тан 4 шаруашылық 53,0 млн. теңге несие алып, 304 бас сиыр және 17 бас асылтұқымды бұқа сатып алды. Соның ішінде Ақкөл ауылдық округінен «Дияс» шаруа қожалығы 10,2 млн. теңге несие алып, 57 бас сиыр, 3 бас бұқа сатып алды. Жалпы алғанда, біріксе бітпейтін, ұйымдасса ұтпайтын тірлік жоқ. Ақкөл – бұдан да ауыр, бұдан да жауапты кезеңдерде мойымай, бар қиындықты абыроймен еңсерген ауыл. Ақкөлдіктердің қазіргі қадамы, тіршілігі көңіл қуантады, – дейді Талас ауданының әкімі Болат Рысменди.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Талас ауданы,
Ақкөл ауылы.
Суретті түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ.