23 Маусым, 2015

Көлік саласының кеңейтілер көкжиегі

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазіргі күні елімізде көлік инфрақұрылым жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде жаңадан көптеген жобалар қолға алынды. Солардың қатарында Құрғақ порт құрылысын жүргізу, Астанадағы көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды жақсарту, Ақтау теңіз портын кеңейту,  Боржақты – Ерсай теміржол желісін жүргізу, Арқалық – Шұбаркөл жаңа теміржол желісін іске қосу, Жезқазған – Бейнеу жаңа теміржол желісін іске қосу, Жетіген – Қорғас – ҚР мемлекеттік шекарасы теміржол желісін салу, Жолаушылар тасымалдауды дамыту, «Қазтеміртранс» АҚ инновациялық қызметін дамыту, Ішкі және сыртқы терминалдық желілерді дамыту, Локомотивтер және вагондар шығаратын жаңа зауытты салып дамыту, Әуежайлар жұмысының сапасын арттыру, контейнерлік жүк тасымалын дамыту секілді жобалар бар. Солардың кейбіріне аздап тоқтала кетейік: Құрғақ порт құрылысы: «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық ауданы инфра­құ­ры­лым­дық нысандарын және құрғақ порт құрылысын жүзеге асырудың кешен­ді жұмыстары 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде құрғақ порт жә­не Көлік-логистикалық кешен инфра­құ­ры­лымының бірінші кезекті нысандарын салу және оларды Алтынкөл стансасының теміржол инфрақұрылымдарымен жал­ғау жұмыстары жүзеге асырылуда. Құрғақ порттың бірінші кезегін іске қосуға қажетті негізгі жұмыстар 2014 жылдың 1 желтоқсаны күні аяқ­талған болатын. Қазіргі күні мұн­да логистикалық белдеудегі бірқа­тар жұмыстар жүзеге асырылды. Кон­тей­нерлік терминалдың негізгі алаңы әзірленіп, бетондау жұмыстары жүр­гізілуде. 9 шақырымға рельсті шпалдар тө­селінді. Мұның сыртында құрғақ порт опе­раторының әкімшілік ғимараты, авто­кө­ліктердің жол айрықтары және құрғақ порт ішіндегі автокөлік жолдары, су бөгендері салынуда. Кеден одағы бойынша бұл жоба маңызы өте зор орталық ретінде баға­ла­нуда. Өйткені, осы жоба құрылысы арқылы Кеден одағы елдеріне және Еуропа елдеріне, Түркия мен Парсы шығанағы елдеріне, Қытай Халық Рес­публикасынан шыққан экспорттық та­уарлар жөнелтілетін болады. Сондай-ақ, аталған елдерден шыққан экспорттық өнімдер осы нысандар арқылы Қытайға өткізіледі. Ақтау теңіз портын кеңейту жобасы: Бұл жоба Ақтау портын Солтүстік бағыттар бойынша кеңейту мәселесін қарастырады. Екі жүк жөнелтетін айлақ, бір астық түсіріп тиейтін жүк кешені тиісті инфрақұрылымдармен салынады. Олардың жалпы қуаты жылына 3 миллион тонна жүкті тиеп-түсіруге және сақтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, порттың қуаты қазіргі 18 миллион тоннадан 21 миллион тоннаға дейін артады. Жобаны жүзеге асыру үшін «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминал» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Бір­лес­кен кәсіпорын жұмысына Сингапурдың IPD компаниясы, «KTZ Express» АҚ және «АММТП» ҰҚ» АҚ қатысуда. Терминал алаңы 22 гектарды құ­райды. Теңіз портын кеңейту жұмыс­тарын 2015 жылдың шілде айының ба­сында аяқтау жоспарланып отыр.  Жобаның жалпы құны 38 миллиард теңгені құрайды. Мұның 30 пайызы қатысушылардың қаржысы болса, 70 пайызы – тартылған несие қаржылар. Жұмыс кестеге сай жүзеге асырылуда.