Бозшакөлге қарай бару үшін ертелетіп жолға шықтық. Екібастұздың солтүстігінде орналасқан, 70 шақырымдай жерде. Бозшакөл, жалпы, игерілмеген кен орындарының бірі. Павлодар-Астана бағытындағы жолдың бойы, Шідерті кентінен өткен соң, оң жақтан алып құрылыс алаңы көрінеді. Әрілі-берілі ағылған көліктер. Жазық, кең дала. Талай жылдар үнсіз жатқан Бозшакөл даласы бүгін тынымсыз, индустрияландыру дүбірі келіп жетіпті. Құрылыс алаңына жетпей көліктен түсіп, даланың таңғы ауасымен тыныстап, алыстан қарап біраз тұрдық. Осы далада Индустрияландыру картасына енген құны 2,2 млрд. АҚШ доллары болатын жобаны «KAZ Minerals Бозшакөл» ЖШС іске асырып жатыр. Кен орнын пайдаланып, іске асыруды кезінде Кеңес өкіметі де қолға алды. Сол кезде де технологиялық корпустар, тұрғын үйлер, өнеркәсіп нысандары салынып, электр желілері, тіпті, теміржол рельстері де тартылған екен. Одан кейін бәрі ұрланды, талан-таражға түсті, қайта қалпына келтіру көп қаражатты керек етті. Негізінде, Бозшакөлдегі жобаны игерудің үшжылдық кезеңі 2012 жылы басталды. Бұл жоба жұмыстары «нөлден» басталып отыр деген сөз. Тағы бір ерекшелігі, комбинат энергетикалық, көліктік және басқа да инфрақұрылымдар жанында орналасқан. Өзіміз көргеніміздей, алдымен жұмысшылар, құрылысшылар тұратын тұрақты вахталық кент салыныпты. Жол төселіпті. Алып кеніштің инфрақұрылымдарының іргетасы, металл-құрылғылық тұғырларды тұрғызу жалғасуда. Қуаты 220 кВт болатын электр тарату желісінің құрылысы да аяқталыпты. Жалпы, «KAZ Minerals» компаниясының өкілдерінің айтуынша, кен байыту комбинатының құрылысын жүргізу және оны іске қосу үшін қазір негізгі мердігер ретінде «Non Ferrous China» атты қытайлық компаниясы бекітіліпті. Бұл – елімізде жылдар бойы жұмыс жасап келе жатқан, тәжірибе жинақтаған компания. Бозшакөл сынды ауқымды кенішті салуға 6-7 жыл уақыт кетеді екен. Кен орнының жұмыс жасауына Екібастұздың ГРЭС-1 стансасы және Шідерті су қоймасының қоры пайдаланылады деп есептелген. Құрылыс жүргізіліп жатқан алаңдарға әрине, қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында баруға рұқсат жоқ болса да, көк түске боялған болашақ кен комбинатының бой көтеріп келе жатқан нысандарын, вахталық үйлерін, айнала тынымсыз жүріп жатқан жұмыс ырғағын көріп қайттық. Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық. Құрылысшылар қыстың ызғарлы суық күндеріне қарамай еңбек етуде. Қазір кен тасымалдауға арналған жер үсті конвейерінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс кесте бойынша орындалып жатқанын, құрылыс біткен соң қалай көрініс табатынын да көзге елестеттік. «KAZ Minerals» компаниясы Бозшакөлге шамамен 2,2 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция салады. Кеніштің пайдалану мерзімі 40 жылдан асады. Алғашқы 10 жыл ішінде жылына орта есеппен 100 мың тонна кен алынады. Толық іске қосылған кезде кеніште 1 500 адам еңбек етеді екен. Бізді қуантқаны, жоба құрылысында кенішке жақын орналасқан Шідерті, Бәйет және басқа да көрші ауылдардан келіп еңбек етуде.
Ал, «КAZ Minerals» Қазақстанда заманауи, аз шығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания болып табылады. Еліміздегі, әлемдегі мыс өндіруші алып компаниялардың бірі «KAZ Minerals» компаниясының 5 кеніші, 4 тау-кен фабрикаcы бар болса, енді оның қатарына «Бозшакөл» тау-кен комбинаты да қосылады.
Бозшакөлдің мысы жер астына түспей-ақ бетінде ғана тұр, қазуға дайын, сондықтан ашық әдіспен өндіріледі. Бұл далада мыс қана емес, сондай-ақ молибден, алтын, күміс және басқа да құнды металдар жетеді. Бозшакөл даласының кен қорларының ерекшелігі де сол. Табиғи байлықты сатудан қазынамызға кіріс құйылады, орнықты экономикалық өсуге тиімділік туғызады. Яғни, Бозшакөл эволюциялық өркендеудің ғасырлық жобасы деуге болады. Кен байыту комбинатының құрылысы әлемдік стандарттарға сай жүргізілуде, дейді мамандар.
Кеніштің құрылыс жұмыстарына қажетті қондырғылар толық сатып алыныпты. Бозшакөлдің ел экономикасындағы орны біздің еліміз үшін ғана емес,ТМД елдері үшін де көшбасшы жобаға айналары сөзсіз. Өйткені, бұл ТМД кеңістігінде салынып жатқан тұңғыш ауқымды мыс кәсіпорны болып отыр.Толық қуатына қосылғанда кен-байыту кешені жылына 30 миллион тонна кен өндірмек. Ал, сатып алынған заманауи қондырғылар мен технологиялардың арқасында еңбек өнімділігі артады. Яғни, миллиондаған тонна мысты 1 жарым мың адам өндіріп, өңдеу үшін жұмысшылар, кеншілердің кәсіби біліктілігі, жоғары білімді, озық техникалармен жұмыс жасай алатын нағыз маман болуы қажет. Өйткені, олар бүгінгі күнге дейін Қазақстанда да, Ресейде де қолданылмаған заманауи қондырғылармен жұмыс жасайтын болады. Білікті, білімді мамандарсыз жаңа заман кәсіпорнын салу да, оны іске қосып жұмыс жасау да мүмкін емес. Кеніш мамандарының айтуынша, 2015 жылдың екінші жартысында Бозшакөлде кен өндіруге дайындық жұмыстары басталады. Қазір кеніштегі жаттығу орталықтарында кәсібилік, еңбек қауіпсіздігін сақтау сияқты түрлі өндірістік бағытта салалық тренингтер өткізілуде. Оқыту бағдарламасы жүргізілуде. Білікті мамандар даярлануда. Кеніштің 300-ден астам жұмыскері өндірістегі қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау тәсілдерін меңгеруде. Оқыту бағдарламасы әлемдік озық әдістемелерге сай әзірленген. Екінші кезеңде жұмысшылар, кеншілер құрамы ауыр техникалармен қалай жұмыс істеуді меңгереді. Ол үшін бульдозер мен самосвалда, экскаваторда әрі бұрғылау қондырғысында атқарылатын жұмысты қауіпсіз меңгеруге көмектесетін «Cybermine» жаттығу құрылғысы сатып алынды. Оқыту бағдарламасы биыл көктемде аяқталады. Өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне кеніште ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, компания кен орнында еңбекті қорғауға өте қатаң талаптар қояды. Озық технологиялар, өндіріс қауіпсіздігі және экологиялық қатерлерді болдыртпау ісінде алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе қолданылады. Бүгінде кен-металлургия индустриясы саласындағы ахуал, жалпы, әлемдегі экономикалық ахуал күрделі. Мыс бағасы да тұрақсыз. Бірақ, соған қарамастан елімізде осынау үлкен жоба қолға алынды. Болжам бойынша, 2017 жылға қарай мыс өніміне деген сұраныс мыс өндіруші компаниялардың өндірістік қуатынан біршама жоғары болады делініп отыр. Ал, бұл уақытта қоры шамамен 4 миллион тонна мысты құрайтын Бозшакөл кен орны да өндіріс қарқынын арттырары сөзсіз. Жоспарлы өндіріс көлемі бойынша алғашқы он жыл ішінде жылына 100 мың тонна мыс өндірмек. Кен байыту комбинатының іске қосылуы елдің металлургиялық шикізат қуаттылығын елу жылға қамтамасыз етеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ЕКІБАСТҰЗ.