Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудегі жетістіктері жайында айтылды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдермен келіссөздер жүргізу кезінде қазақстандық делегация отандық тауарларға барынша жоғары импорттық тарифтерді қорғады, деді брифинг барысында Ұлттық экономика министрлігінің Сыртқы сауда қызметін дамыту департаментінің директоры Жанель Күшікова.
Естеріңізге сала кетсек, 27 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо еліміздің ұйымға кіруі туралы хаттамаға қол қойды. Бұл шара әлемдік нарықтың негізгі ойыншыларымен жүргізілген көп жылдық келіссөздердің қорытындысын шығарды. «Түрлі өнім санаттарына кедендік тарифтерді талқылау көп уақыт алды. Ең алдымен, біз өндірісі Қазақстанда ретке келтірілген тауарлар бойынша мүдделерді ескердік. Мысалы, ең ірі қант жеткізушілердің бірі Кубамен келіссөз жүргізу барысында біз өндірушілеріміздің мүддесін қорғадық. Осы тауарға деген жоғары тарифтер туралы келісіп, біз олардың ромы мен темекісіне баждарды төмендеттік», деді ол. Қазақстанның негізгі экспорттық тармақтары бойынша осындай уағдаластықтарға қол жеткізілді. Жаңа өндірістердің ашылуы болжанып отырмаған салалар үшін анағұрлым бейтарап кедендік баждар айқындалды. Негізінен бұлар Қазақстанда өндірісін объективті себептермен ретке келтіру мүмкін емес болатын тауар топтары. Ондай өнімдерге, мысалы, мұхит және теңіз балығы, тропикалық жемістер және басқалар жатады. «Ондай тауарларға деген неғұрлым төмен тарифтердің арқасында стратегиялық маңызды өнімдер – көмірсутектер, металдар, бидай бойынша мөлшерлемелерді көтеру мүмкін болды. Осылай ДСҰ-ға кіру үшін қажетті болған оңтайлы орташа кедендік тарифке қол жеткізе алдық», деп атап өтті Жанель Күшікова. Айта кетерлігі, Қазақстанда экспорттық баж шағын тізбедегі тауарлар түрлеріне енгізілген, соның ішінде терілерге, үй жануарларының терілеріне, қара және түсті металдар сынығына, мұнай және мұнай өнімдеріне енгізіліп отыр. Бұл ретте баж салығы реттеуші құралын атқаратын болады. Осы арқылы ішкі нарық отандық өндірушілер үшін қажетті деңгейдегі шикізатпен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мұнай мен мұнай өнімдеріне экспорттық баж бюджетті толықтырады. «Жалпы Еуропалық одақ экспорттық баждарды алып тастау саясатын ұстанады. Дегенмен, Еуропалық одақпен салмақты жүргізілген келіссөздер нәтижесінде біз бүгін қолданылып жүрген тізбедегінің бәріне дерлік экспорттық бажды қолдану мүмкіндігін сақтап қалдық. Ал тауарлардың басқа түрлеріне экспорттық кедендік баж салығын қолдану бойынша шешімдер тек ДСҰ мүшелерімен келісілгеннен соң ғана мүмкін болады. «Мұнай мен мұнай өнімдеріне келетін болсақ, біз бұл ретте кедендік баждарды ресейлік форма бойынша есептеу мүмкіндігі туралы да қарастырдық. Әлемдік конъюнктура мен мұнай бағасының құлдырауына қатысты біз бүгінгі күні экспорттық бажға біршама төменгі ставканы қолданып келеміз. Егер әлемдік нарықта мұнай бағасы көтерілетін болса, онда біз бюджетке кірісті арттыру үшін оны да көтере алатын боламыз», деді департамент басшысы. Айтпақшы, тағы бір айтат кететін жайт – Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында Қазақстан автокөліктерге кедендік бажды төмендететін болады. Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаменті директорының мәлімдеуінше, кедендік баждың төмендеуі көлік бағасына қаншалықты әсер ететінін болжау әзірше мүмкін емес. «Дегенмен, кедендік баж міндетті түрде төмендейді, ал бұдан автокөлік бағасының төмендеуі орын ала ма, мұны нарық сол кезде көрсетеді деп жауап бере аламын», деді брифинг барысында журналистер сауалына орай департамент басшысы. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда автоөндіріс енді ғана жанданып келе жатқан тұста ДСҰ аясында импорттық кедендік баж бойынша келіссөздер аяқталып кеткен болатын. «Еліміздегі жеңіл автокөліктер өндірісі 2010 жылы біз бірыңғай кедендік тарифті 30 және импорттық бажды одан да жоғары мөлшерге бекіткен кезде қуатты серпіліс алды. Сосын ол тұста Еуропа елдері, АҚШ пен Жапония өздерінің нарығын тазарту үшін үшінші елдерге мінілген ескі көліктерді қаптата бастағандықтан, біз елімізге оларды әкелуге мүлдем тыйым салған едік. Бұл бір жағынан отандық өндірістің жандануына да оң әсер етті. Бір ескеретіні, сол кезде ДСҰ аясында бұл нарыққа қатысты келіссөздер аяқталып, біз оны қайта бастай алмайтын болғанбыз», деп түсіндірді Жанель Күшікова. Автокөлік саласы бойынша баж салығы кедендік құнының 20-15 пайызы мөлшерінде қамтылады. «Әрине, бұл біздің отандық өндірісті дамыту үшін жеткіліксіз деңгей. Дегенмен, осы жылдар ішінде біз техникалық реттеу жүйелерін, түрлі стандарттарды реформалай алдық. Соған сәйкес, Кеден одағы аясында техникалық регламентке сай келмейтін көліктер мен автокөліктер Қазақстанға импорттала алмайды. Осы арқылы біз өзіміздің тауар өндірушілерімізге қорғаныс тетігін жасайтын боламыз. Ал жалпылама келсек, отандық өндірісті қорғау бойынша кешенді шаралар қазір әзірлену үстінде. Бұл ретте ескі автокөліктерді нарыққа қаптатпас үшін салықтық жеңілдіктер, басқа да шектеу шаралары қолданылмақ», деді департамент басшысы.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».