Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мен «Электр энергетикасы және қуат үнемдеуді дамыту институты» АҚ басқарушы директоры Әлібек Қабылбай баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «Энерготиімділік саласына стратегиялық инвесторларды тарту» тақырыбы талқыланды.
Бес институттық реформаның үшіншісі жөнінде әңгімелеген вице-министр, елімізде энерготиімділікті арттыру шараларының қалай жүргізіліп жатқаны туралы әңгімеледі. «Естеріңізде болса, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 59-шы қадамы бойынша энерготиімділік саласына инвесторлар тартуды дамыту жүктелген еді. Бүгінде осы бағытта германиялық энергетикалық агенттікті стратегиялық әріптес ретінде айқындап отырмыз. Аталған агенттіктің энерготиімділік саласында тәжірибесі мол. Біз осы институтпен әріптестік туралы келісімшартқа отырған едік. Енді олар бізге энергосервистік компанияларды тартуға көмектесумен қатар, осы бағыттағы өздерінің жұмыс істеу тәжірибелерімен де бөлісіп отыратын болады», деді А.Рау.
Вице-министр «100 қадам» бойынша энерготиімділік шараларын жүзеге асыру мақсатында елдегі заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілетінін де айтты. Мысалы, бюджеттік және табиғи монополияларды реттеу туралы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар жасалады екен. «Қарапайым тілмен түсіндірсек, бүгінгі күні еліміздегі бір мектепті жылыту үшін маусым барысында айына бір млн. теңге қажет етіледі. Ал ертең энергосервистік компания келіп, энергия үнемдейтін қазандық орнатады. Ол қазандық айына 800-900 мың теңгені қажет етуі мүмкін. Бұл жерде бюджеттен мектепті әлгіндей қаржыландыру жалғаса береді де, есесіне қалдық қаражат энергия үнемдеумен айналысатын компанияға беріледі. Міне, бюджеттік заңнамада осындай өзгерістер болады», деді вице-министр. Бұған қоса, энергия шығыны үлкен болып есептелетін коммуналдық секторға да осыған ұқсас өзгерістер енгізілетін көрінеді. Атап айтқанда, коммуналдық қызметтер тарифіне инвестициялық құрамдар назарға алынып, ол бойынша үнемделген қаражат инвесторларға тиесілі болады екен. Сөйтіп, энерготиімділік бойынша бюджетке де, табиғи монополия субъектісіне де салмақ түспейді. Оны инвестор көтереді. Есесіне, инвестор үнемдеуді нақты атқарып, одан қалған қалдық қаражатты өзі иеленіп отыратын болады. Баспасөз мәслихатында энергия тиімділігі қорын құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны да айтылды. Бұл қор Дүниежүзілік банкпен және БҰҰ Даму бағдарламасының негізінде құрылатыны да айтылды. «Қор тұжырымдамасы әзірленетін болады. Ол ведомствоның мамандары әзірлейтін қазақстандық энергия тиімділігі картасының жобасын қаржыландырады. Бұл шара экономиканың осы секторын дамытуды қосымша ынталандырады деген үміт бар. Осы тұрғыдан біз энергияны үнемдеу саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен Еуропаның, соның ішінде, Германияның жолын үлгі етеміз», деді А.Рау. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұлттық компаниялар арасында энергия тиімділігіне қатысты жобаларды, бағдарлама аудитін өте сәтті іске қосыпты. Қазақстан темір жолы бүгінгі таңда Еуропалық даму банкімен бірлесе отырып, өз саласында энерготиімді жобаларды жүзеге асыру үшін 40 млн. долларға лайықталған арнайы бағдарлама жасап, оның аудитін өте сәтті қорғады. Бағдарлама тұжырымдамасында жоғарыда аталған қаражат теміржол саласындағы стансалар мен парктердегі электр энергиясын үнемдеп пайдалану тетіктерін заманауи құрылғылармен жетілдіретіндігі анық көрсетілген, деді бұл жөнінде Ә.Қабылбай.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».