20 Наурыз, 2015

Құрылыс келесі жылдың жазында бітеді

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-851Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің елімізге келген екі күндік ресми сапары аясында баспасөз мәжілісі болып өтті. Оған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев және «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қатысты. Халықаралық көрмелер бю­ро­сының Бас хатшысы са­парының алғашқы күні елордада қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан көрме қалашығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Сонымен бірге, көрме ұйымдастырудағы кешенді шаралармен, павильондардың дизайнымен, көрме қалашығының құрылысына инвесторлар тарту, заңгерлік мәселелерімен ай­налысты. «Мен таңертең көр­ме қалашығының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен таныс­тым. Үлкен құ­рылыс алаңындағы тәртіп пен жинақылық мені ерекше таңғалдырды. Құрылыс жос­пары нақты және ауқымды жасалған. Жоспар ЭКСПО-ны ұйымдастыру бойынша өткізілетін іс-шараларға толық сәйкес келеді», деді өз сөзінде В.Лоссерталес. Сонымен бірге, ол құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімнен бұ­рын аяқталатындығына се­нім білдіріп, Қазақстан та­ра­пының халықаралық ма­ман­дандырылған көрмені өт­кіз­уге барынша жауапты дайындықпен келіп отырғандығын атап көрсетті. «Мен қазақстандықтардың жаһандық шараны өткізуде үлкен жауапкершілік биігінен көрінетініне сенімдімін», деді ол сөзінің қорытындысында. Орталық коммуникациялар қызметіндегі жүздесуде сөй­леген сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ бас­қар­ма төрағасы Ермегияев «Біз кестеге сәйкес жұмыс жасап қана қоймай, көп ретте одан оза қимылдап жатырмыз. Осы қыста құрылысшылар нысандардың іргетасын құйып бітірді. Кейбір павильондардың металл құрылымдары орнатылып, кейбіреулері қазірдің өзінде шынымен қапталды. Екпінді құрылыс алаңындағы 3500 құрылысшы өздеріне жүктелген тапсырманы мер­зімінен бұрын аяқтауға жігер­ленген. Біз 2016 жылдың со­ңына қарай құрылысты толық аяқтауды жоспарлаған едік. Енді бүгін оны тамыз айының соңына таман немесе қыркүйек айының басында аяқтау жөнінде міндет алып отырмыз», –  деді. Содан кейін жүздесуге қа­ты­сушылар БАҚ өкілдерінің көптеген сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Осы пі­кір­алысу барысында анық­талғанындай, бүгінгі күнге дейін Астанада өтетін көрмеге қатысу үшін 19 мемлекет өті­ніш білдірген көрінеді. Жыл аяғына дейін олардың саны 60-қа жетпек. Қазір құрылыс алаңында 3500 құрылысшы еңбек етуде. Олардың 70 пай­ызға жуығы жергілікті тұр­ғын­дар. Жыл аяғына дейін көрме қалашығының құрылыс алаңындағы құрылысшылардың саны 10 мың адамға дейін жетеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».