Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Еуропа одағының Заңдылықты сақтау және адам құқықтары жөніндегі бас директоры Ф. Буайя бастаған осы Одақ делегациясымен кездесті.
Болған іс-шараның мақсаты Қазақстанмен, Еуропа кеңесі мен Еуропалық одақпен «Қазақстандағы әділ сот жүйесінің сапасы мен тиімділігін жақсартуды қолдау» атты ортақ жобаның шеңберінде жүзеге асырылатын 2015-2017 жылдар кезеңіндегі екіжақты ынтымақтастықты талқылау болды.
Кездесудің барысында А. Шәкіров шетелдік әріптестеріне ұлттық құқық қорғау мекемесі қызметінің түрлері мен әдістері, негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі жобаның қатысушысы болғандықтан, уәкіл жобаны жүзеге асыруды толықтай қолдайтынын білдірді.
– Біздің тәжірибеміз құқық қорғаушылар арасындағы кәсіби әлеует пен білімді арттыру адам құқықтары жөніндегі жағдайларды нығайтуда шешуші фактор болып табылатындығын көрсетеді, – деді А. Шәкіров. Оның атына келіп түсетін шағымдардың төрттен бір бөлігін сот әрекеттеріне, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының әрекеттеріне келіспеу шағымдары құрайтын көрінеді.
Қазақстандық Уәкілдің айтуынша, басталған әрекеттестік ұлттық құқық қорғау мекемесінің әлеуетін одан әрі нығайтуға көмектеседі, әсіресе, ол сот төрелігі, халыққа, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына, сот әділдігіне қол жеткізу саласында көрініс табады. Шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу және институттық мүмкіндіктерді нығайту жөніндегі іс-шаралар маңызды рөл атқаратын болады.
Ал Ф. Буайя қазақстандық Уәкілді жобаның негізгі серіктесі деп белгіледі. Саяси-құқықтық бірегей рөл, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның арасындағы қатынастарда медиатор функциясы тараптардың алдына қойылған мақсаттарға тиімді қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Егемен-ақпарат».