Журналистермен кездесуде Қостанай облыстық білім беру басқармасының басшысы Әлия Тұрғараева осыны мәлімдеді. Содан кейін мектептердің жаңа оқу жылына және қысқа дайындығы, оқулықтың жеткізілуі жөнінде әңгімеледі.
Облыстағы 548 жалпы білім беретін мектептердің 47 пайызы күрделі жөндеуден өткізілді. Қарасу ауданындағы апат жағдайында тұрған Ильич білім ұясы туралы көптен бері айтылып келеді. Білім беру басқармасының басшысы бұл мектептің жөндеу жұмыстары 2016 жылы жүргізілетінін айтты. Жыл басынан бері 5 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінге дейін барлығы 741 мемлекеттік білім беру мекемелерінің 431-і қатты отынмен жылытылады. Оларға жылына 95 мың 21 тонна көмір жеткізілуі тиіс. Қазір барлық керекті отынның 94 пайызы жеткізілді. Облыста биыл 9 мектеп жабылып, 5-уі қайта құрылатын себебі ауылда бала санының азаюына байланысты болып отыр. Өткен жылы 8 мектеп жабылып, 10 мектеп қайта құрылған болатын. Әлия Тұрғараеваның айтуынша, былтыр 3-ші және 10-шы сыныптар арасындағы оқушылар оқулықпен 98 пайыз қамтамасыз етілген. Алайда, білім ошақтарына кітаптардың өз уақытында жеткізілмеуі біраз қиындықтар туғызған болатын. Биыл оқулықтардың тасымалданып, жеткізілуі 80 пайызды құрап отыр. Ал оларды аудандарға жеткізу 10 тамызда аяқталады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.