Аудан экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан шағын және орта бизнес өкілдерінің бірі – ерлі-зайыпты Бауыржан Кәрімов пен Айнагүл Қадіркеева.
ХХ ғасырдың аяқ шенінде мемлекеттік өндіріс орындары таратылып, болмаса жабылып, әркімнің өзінше тірлік жасауларына тура келді. Бірі қорадағы малын көбейтіп, жеке шаруа қожалығын құруға талпынса, екіншісі жер баптап, астық өсіруді жөн көрді. Қаржылық күш-қуаты жеткендер саудаға бейімделіп, дүкен, асхана нысандарын тұрғызды. Келесі бірі құрылыспен айналысса, бәзбіреулер иесіз қалған ғимараттарды жекеменшікке айналдырып, нәпақасын тапты.
1998 жылы кәсіпкерлік жолға түскен Бауыржан мен Айнагүл екінің бірінің тісі бата бермейтін дәріхана секілді күрмеуі қиын саланы таңдап алды. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, оң мен солын айырғаннан кейін ветеринарлық дәріхананы іске қосты. Арада екі жыл өтпей жатып компьютерлік салон мен баспахана бой көтерді. Мұнда балалардың бос уақыттарын мазмұнды өткізуге мүмкіндік тудырылса, екіншіден, жергілікті мекемелер мен тұрғындар баспа өнімдерімен қамтамасыз етілді. Бұдан былай тұрғындар бір парақ қағаз үшін қалаға жүгірмейтін болды.
Ерлі-зайыптылар жұртшылық игілігіне пайдалануға берген ауқымды құрылыстардың бірі – қонақ үй. Маңызды нысанды салуға жұмсалған қаражат пен моральдық-психологиялық салмақтың жүгін айтпай-ақ қояйық. Төрт қабырғасы қалқиып, жұрты үңірейіп тұрған үй орнына жан бітіру, қараса көз тоятын әлеуметтік нысанға айналдыру –үлкен ерлікпен пара-пар. Бүгінде мейманхана орналасқан ғимаратта 36 орындық дәмхана мен бильярд залы бар. 10 адам жұмыспен қамтылған. Былтыр азық-түлік дүкені есігін айқара ашты.
Әрине, кәсіпкерлік сала айтар ауызға ғана оңай. Жеңіл болса кез келген адам ұмтылыс жасар еді. Шын мәнінде олай емес. Іскерлік, табыстың көзін таба білу, ұйымдастырушылық қасиеттер өз алдына, қомақты қаржысыз ілгері басу қиын екенін ерлі-зайыптылар тәжірибеден жақсы біледі. Бауыржан мен Айнагүл де Үкіметтің жеңілдетілген несиесіне сүйенді. Бастапқыда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тан төмендетілген пайызбен несие алды. Кейін Еуразиялық банк арқылы да шаруасын дөңгелетті.
–Шағын және орта бизнесті қолдау туралы Елбасының тапсырмасы қағазбастылықты кемітіп, бюрократтық кедергілерді мейлінше азайтуға айтарлықтай ықпал етті,– дейді Бауыржан Берушаұлы.
Елімізде ауқатты отбасылардың саны күннен-күнге артып келеді. Олар бала-шағадан артылғанын қосалқы шаруашылық ашуға, өндіріс орнын кеңейтуге жұмсайды. Демек, жаңа жұмыс орындары пайда болып, жұмыссыз жүргендер екі қолға бір күрек ұстайды деген сөз. Жергілікті салық түсімі де молаяды. Сондықтан, жұмыс істеймін деп талаптанғандар өз шаруасын ұршықша үйіріп отырған «Кәрімов» жеке кәсіпкерлігінен үлгі алса, еш артықтық етпейді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегеннің бір мысалы осы.
Болат АМРИН.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы.