06 Тамыз, 2015

Алдымызда – жауапты да маңызды істер

459 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы жаһандық сын-қатерлердің алдын алудан туындағаны белгілі. Бұл стра­тегиялық құжат күні бүгін Ұлт жос­пары саналатын бес инс­ти­туттық реформалармен жә­не 100 нақты қадаммен толықты­рылды.

011 (13)

Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мүмкіндігі осы 100 қадам арқылы жүзеге асады. Сондықтан, 100 қадам жүктеген міндеттерді жүзеге асыру өте жауапты да маңызды іс. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында, оның әрбір аудандарында 100 қадам міндеттерін іске асырудың жоспары жасақталып, оны халыққа түсіндіретін, насихаттайтын арнайы ақпараттық топтар құрылып, жұмыс істеуде. Жалпы, көпшілік көңілінен шыққан Ұлт жоспарындағы бес реформа мен 100 нақты қадам­ды ел экономикасын қалып­ты дамытудың айқын жос­пары десек, қателеспейміз. «Көп­ұлт­тылық – біздің байлығымыз» деді Елбасымыз. Оны елдің өмі­рінен көріп, куә болып келеміз. Алысқа бармай-ақ дәлел кел­тірсек, Жаңақала ауданы жұрт­шылығының қазіргі атамекені – қасиетті Нарын жиегіндегі Қа­мыс-Самар өңірінде бірнеше этнос сан жылдар бойы тату тұрмыс кешіп келеді. Негізінен бұл өңірді басқа эт­нос өкілдері он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысынан бастап қоныстанды. Олар негі­зінен татар этносының өкілдері еді. Бұдан кейін Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарында тағдырдың талайымен келген өзге ұлт өкілдері Қамыс-Самар өңірі елін, жерұйығы – Жаңақала жерін достықтың ордасына айналдырды. Біз оларды жатсынып бөлген емеспіз, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етіп ынтымағымызды ұйытып, бірлігімізді жарастырып, ортақ тірлігімізді жалғап келеміз.

011 (23)

Жаңақала ауданы облыстың оңтүстік бетінде орналасқан. Жер көлемі 2076073 гектар, оның 1923325 гектары ауыл­ша­руа­шылық жері болса, шабындық – 139026 гектар, жайылым – 1768871 гектар, бос жер – 15428 гектар. Аудан жері жарты­лай шөлейтті, сондықтан халық­тың негізгі күнкөрісі мал ша­ру­а­шылығы. Елбасымыз индустрияланды­ру және экономикалық өсім ре­формасының 69-қадамында ет өндірісіне қатысты міндет – ши­кізат бағасын дамыту екендігін атаған. Бұл қадамға қатысты біз­дің аудан жағдайында атқарылған да, атқаратын да жұмыстар бар­шылық. Күні бүгін ауданда 51335 бас мүйізді ірі қара, аналығы – 22141 бас, 218195 қой мен ешкі, 17771 бас жылқы, 958 бас түйе өсіріледі. Ауданда 4740 аула ба­рын ескерсек, түйе мен құсты қос­пағанда әр аулаға 11 сиыр, 46 қой, 4 жылқыдан келеді. Бұл тұрмысының төмен еместігін көрсетеді. Сол сияқты жыл басынан бері 48475 центнер ет, 43987 центнер сүт, 142 мың дана жұ­мыртқа, 1519 центнер жүн өнді­рілді. Үкімет ауыл шаруашы­лығын дамытуға, соның ішінде мал шаруашылығына да басымдық беріп отыр. Осыған орай аудан халқы мал басын өсіріп қана қоймай, Үкімет бағдарламаларын пайдаланып, мал тұқымын асылдандыру ісіне ден қоюда. Қазіргі таңда ауданда қазақтың ақбас тұқымды малдарын өсіретін – 8, герефорд, ангус малын өсіретін – 1, қырдың қызыл сиырын өсіретін – 1, асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін – 3, көшім жылқысын өсіретін 2 шаруашылық бар. Асыл тұқымды малдың алынуы жыл санап арта түсуде. «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы бойынша асыл тұқымды шаруашылықтар желісін құру үшін биылғы жылы Ресейден «Шамұрат» шаруа қожалығы 51 бас, «Бекарыс» шаруа қожалығы 43 бас, «Дос» шаруа қожалығы 30 бас, Бөкей ордасы ауданынан «Ғабды-Ғали» шаруа қожалығы 100 бас қашар сатып алды. Аудан шаруалары мемле­кеттік бағдарламалармен қоян­қол­тық жұмыс істеуде. Тек өт­кен жылдың өзінде «ҚазАгро­Қаржы» АҚ арқылы лизингке және өз қаржыларына 102 ауыл­ша­руашылық техникаларын алса, бұл жұмыстар биыл да жүйелі жалғасын табуда. 100 нақты қадамда құры­лыс саласын дамыту да көрі­ніс тапқан. Осы мақсатта да ауданда атқарылып жатқан жұмыс­тар аз емес. Өткен жылы «Қолже­тімді тұрғын үй-2020» бағдарла­масының 7-бағыты бойынша 5760 шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылды. Бұл алдыңғы жылдан 12 пайызға артық. Жұмыс биылғы жылы да қарқынды жалғасуда. Биылғы жаңа оқу жылына аудан орталығында 600 орындық мектеп, 100 төсектік жатақхана, Сарыкөл ауылында 108 орындық, Жуалыой ауылында 108 орындық мектеп үйінің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілмек.

011 (21)

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ке­ремет сөзі бар. Бесікті тү­зеу де­геніміз – ата-бабадан бері қанмен беріліп келе жатқан ұлт­тық қасиеттерімізді бойымызға қа­лып­тастырып, елдің арғы-бергі тарихын түгендеп, оны жас ұр­пақтың санасына сіңіру. Бұл орайда ел Президентінің «Ха­лық тарих толқынында» бағдар­ла­масының маңызы зор болды. Осыған орай ауданда біркел­кі жұмыстар жүргізілуде. Тарих пәнінен Бородино, Курск шай­қастарын оқып, саналарына сіңіріп алған буынның Иса­тай-Махамбет бастаған ұлт-азат­тық көтерілісті білмеуіне таңға­луға болмайды. Кеңестік отарлау­шы саясат бабалар ерлігін насихат­тауға мүмкіндік бермегені белгілі. Осы ақтаңдақтардың орнын толтыру үшін аудан орталығында Тастөбе шайқасының 175 жыл­ды­ғына орай арнайы белгі қойылды. Жыл сайын қараша айында мектеп оқушылары осы Тастөбе кешеніне жиналып, Махамбеттің өршіл өлеңдерін оқып, шара өткі­зеді. Бұл да отаншылдық тәрбие берудің бір жолы деп есептейміз. Ауданда алты күй алыбына, төрт Ұлы Отан соғысының батырына ескерткіш, Мәмен мен Тұяқ кесенелерінің салынуы, Бөкей көшін бейнелейтін белгі ұрпаққа тағылым екені даусыз. Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда мақсаты айқындалған істердің бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл бағытта ауданда 1005 шағын және орта кәсіп­керлік тіркелген. Оның 416-сы шаруа қожалықтары, 12-сі жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тіктер, 577-сі жеке кәсіпкерлер. Қазіргі таңда 801 кәсіпкерлік жұ­мыс жасап тұрса, оларда 1653 адам еңбек етеді. Ендігі мақ­сат – кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, яғни өнім сапасын арттыру. Жалпы, Ұлт жоспары – 100 қадам жүктеген міндеттерді халыққа жете түсіндіру, ортақ іске жұмылдыру оны жүзеге асырудың алғышарты екені белгілі. Бұл мақсатта шілде айында облыс әкімі белгілеген жоспарға сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары бастаған ақпараттық топ ауданымызға келіп, облыстың оңтүстік бетіндегі төрт аудан өкілдері қатысқан актив жиынын өткізді. Жиында 2-бағыт – Заң үстемдігін қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша БҚО қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы М.Нағашыбаев әңгі­ме­леп, реформаның 2-бағыты 19 нақты қадам арқылы жүзеге асатынына тоқталып, әр қадамды саралап берді. Сондай-ақ, Орал қалалық Әділет басқармасының басшысы Е.Рашқалиев жеке сот орындаушысы, жергілікті полиция қызметкері жөнінде жатық тілмен мол мағлұмат берді. Ұлт жоспарындағы 5-бағыт – есеп беретін мемлекетті қалыптастыру тақырыбы бойынша БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Б.Қонысбаеваның слайдтар арқылы жасаған баяндамасы да көңілге қонымды болды. Активке қатысушылар әкімдер арасындағы меморандумға қол жеткізу, мемлекеттік бағдарламаларды оңтайландыру, мемлекеттік органдар жұмысын бағалаудың жаңа жүйесі, мемлекеттік аудит жүйесі, «Ашық үкімет» порталы, қоғамдық кеңестердің өкілеттілігі мен мәртебесін заңмен бекіту, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін қалыптастыру, басқа да мәселелердің мәнісіне әбден қанықты.

011 (22) Пікір алысу жағдайында өткен жиын реформаның 2-бағыты бойынша мол түсінік берді. Мұндай актив жиыны көршілес аудандарда да өтіп, реформаның қалған бағыттары елге жатық жеткізілді. Мұндай алты адамнан жасақталған бес ақпараттық топ ауданда да құрылып, жұмысын жүргізуде. Қорытып айтқанда, Ұлт жос­пары – 100 нақты қадам елді дамуға бастайтын, атамекеніміз – Қазақстанды жерұйыққа айнал­дырып, елдің бірлігін, ынтыма­ғын нығайтып, мерейін тасы­тып, бақытқа жеткізетін маңыз­ды бағдарлама. Оны жүзеге асы­ру­дың айқын жолы – ұйымдасқан, жұмылған еңбек. Елді еңбекке жұмылдыру біздің парызымыз.

Лавр ХАЙРЕТДИНОВ, Жаңақала ауданының әкімі.

Батыс Қазақстан облысы.