Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел. Алдыңғы толқын – ағалар, Кейінгі толқын – інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер. Осыдан 170 жыл бұрын туып, қазақтың қара өлеңін шырқау биікке көтерген данышпан Абайдың әр сөзі жаңа заманға үн қосып, бүгінгі қоғамның шынайы болмысын берер өміршеңдігімен құнды-ақ, «Абай керемет, Абай данышпан» деген тамсанудың, таңырқаудың кезеңі артта қалды. Бүгінгі ғасыр ақынның ішіне үңілу ғасыры болуымен құнды. Әйгілі Ешен әулиенің түсіне еніп, Ибраһим деп азан шақырылған нәресте әлемге Абай атымен мәшһүр болды. Қазақтың Құнанбайын дәретсіз емізбеген асыл жан – Зере әжеміздің аузына Алла тектен-тек «Абай» деп салмаса керек. Жарты әлем жабайылықтан арыла алмаған шақта алтыннан сауыт киген бабалар көші сан ғасырлық тарихтың торабынан аман-есен өтіп ХІХ ғасырға жеткенде, екі алпауыт елдің ортасында отырып маңайына абайлап қарап, аңдап басар Қазақ елінің шекесі қызып тұрмаған заман-тын. Ибраһим Құнанбайұлы сол тұста абайлар елдің Абайы болып тарих сахнасында қалды. Санасына бүкіл ғалам кеңістігін, қос жанарына екі кеңістікті – Батыс пен Шығысты бірдей сыйғызып, пәни мен бақидың жұмбағынан сыр аңдаған ойшыл ақынның үні бүгінде Адамзатқа ортақ ең асыл, ең қасиетті үндерге айналған. Елбасымыздың сөзімен айтқанда, Абай «…барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылманы» ретінде рухани ұстаздық тұғырына қонды… Тал бесікке сүйеніп Ұлжан анасы сәбиін өлеңмен жұбатқан. Кәрі әжесі бейуақытта айтқан аңыз, ертегі, жыр, ескі әңгіме, шешендік сөздермен, дала даналығының ерекше бай күйі, әдемі әуезімен балғын санасын тербеткен… Әке ықпалымен сергек те, ойлы жас он үшінде билікке араласып, ел ішінің қатпары көп ісіне бел шеше кірісті. Ел тізгінін ұстап, «басқа шауып, төске өрледі»… Халық жадындағы аталы сөз, ақылды ойларға терең бойлап, әсем саз бен көркем жырдың үзілмес қорынан мол өнеге алды, ел өмірінің қалтарыс-бұлтарыстарына қанықты. Халық тілінің алуан түрлі астарлы, айшықты мағыналарын, сыры мен сұлулығын игерді. Ақындық ақиық алғырлық пен қырғидай қырағылықтың дәстүрлі мектебінен өтті. Шығыстың ғажайып сырлы әлемімен алғашқы таныстығы Ахмет Риза медресесінде басталған. Бала қиялы Шираз, Гүлстанның гүлзар бақтарында еркін серуендейтін. Он төртінде Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хафиз сынды шайырлардың есімдерін жадына тұтып, жыр жазды. Ал жиырма бесінде атақты Шығыс классиктері, ғұлама хакімдер мен тарихшылары, шығыстық қисса-дастандармен толық танысып, ұлы софылардың пайымдарын ой көрігінде қорытты. Қырықтан асқан шағында осыған дейін істеген ісінің «баянсыздығын», жақсы менен жаманның шын парқын сезді. Ақын көңілі «мезгілінен кеш» болса да жаңа бір қиырларға, өзгеше бір әлемге жетеледі… Абай ел ішіндегі етекбасты тірлікті тәрк етіп, жаңа әлемге, рухани дүниеге құлаш сермеді. Ол өз заманы мен өз елінің мұңы мен зарын, қайшылықтары мен дертін бүкіл адам баласының тақырыбына айналдыра алды. Керенау, қараңғы заманда туып, надандық пен зұлымдыққа қарсы жан аямай күресті. Ел-жұртын ізгілік пен жақсылықтың алыстан жылтырай көрінген әлсіз жарығына, сәулелі болашағына бастады. Ізінен ерген жігерлі жасқа өнер мен білімнің дәнін септі. Артына өлмейтін сөз, өшпейтін мұра қалдырды. Оның мұрасы «Дүние-жұмбақ» пен «Адам-ғапылдың» бірегей болмысын танудың көркемдік кілті, философиялық құралына айналды. Ақынның оралымды сөз, ордалы ой, телегей терең мәнге ие өлең жолдары қазақ поэзиясының мәдениетін көтерді. Бірақ, барлық ұлы тұлғалар тәрізді Абай да рухани жалғыздықтың, заманынан озып туған даналықтың уы мен қайғысын қатар ішті… Бодандықтың темір ноқтасын киіп, «алтыбақан алауыздық, сыпырма елірмелік» күйін кешкен ел ішіндегі қым-қуыт қайшылықтар дананың «ақылын ашыған уға айналдырып, ойын кермек» етті. Қазақ сахарасындағы қарымсыз ортадан, дос-дұшпаннан бірдей түңілген сәттерінде өзіне серікті, рухани достарды әлемдік ой алыптарынан тапты. Жігіт ағасы болған шағында Семейдің кітапханасын рухани пана етті. Ақын бойына сіңген дала данышпандығының мәйегі, табиғат дарытқан даналық, үлкен ізденіс, іргелі зерттеулердің иелері: Шығыста Әбуғали Сина, Ғазали, әл-Фараби, Маржани, Батыста Платон, Сократ, Аристотель, Спиноза, Милль, Бокль, Спенсер, Лафонтен ойларымен ой жарыстырып, Толстой, Крылов, Бунин, Салтыков-Щедринмен өнер бәйгесінде үзеңгі қағыстырып, Лермонтов, Пушкинмен, Гете, Байронмен рухани үндестік табуына жол ашты. Әлемдік сөз зергерлері мен данышпандарының үлгі-өнегесін, философиялық пайымын терең зерттеу нәтижесінде Абайдың рухани өрісі мейлінше кеңіді. Өнер әлемінде тың тыныс тауып, соны соқпаққа түсті. Қазақ жырының дәстүрлі шекарасынан шығандап шығып, өзгеше бір үн, түр тапты. Классикалық сөз өнерін қалыптастырды. Абай поэзиясы тұтастай алып қарағанда адам баласының рухани кемелдену әліппесі іспетті. Ол пенде бойындағы рухани дерттерді тап басып айтып, бір қазақ емес, бүкіл адамзат қоғамын ізгілендіру жолында шарқ ұрды. Ұлт болмысына тән кері кеткен келеңсіздік пен кесапаты басым кемшіліктерді, соның себеп-салдарлары мен тереңдегі тамырын айқара ашып, өз халқының рухани жетілуіне бар ғұмырын арнады. Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин, Гете, Байрон есімдері қазақ оқушыларына алғаш Абай арқылы жол ашты. Шебер аудармашының үздік тәржімалары арқылы қыр баласы оларды жатсынбай қабылдады. Қазақ қауымы әлемдік өркениет биігіне Абай арқылы қол созды. Семей шіркеуі қасынан ашылған орыс мектебінде үш-ақ ай сабақ алды. Сөйте тұрып, орыс тілінің ең бір нәзік иірімдерін меңгерген Абай-аудармашының феноменін қалай түсіндіруге болмақ?! Неміс тілінен мүлде хабарсыз Абайдың Гете өлеңдеріндегі Лермонтов байқамаған нәзік ерекшеліктерді сезіп-білгендігін немен түсіндірген лазым? Оның аудармаларының шеніне қазіргі қазақ ақындарының бірде-біреуі жете алмай жүргені де айдай ақиқат емес пе?!. Бұл – қарапайым адам санасына сия бермес, даналық пен даралық аталатын тылсымның ғажайып көрінісі деуге лайық рухани құбылыс. Ұлы хакім тамырын тереңнен тартқан дәстүрлі дүниетанымымызды Шығыс пен Батыс көркем ойымен тоғыстырып, сол арқылы адамзат санасы мен рухани мәдениетінің көкжиегін кеңітті. М.Әуезовше айтқанда: «Абай бала күнінде екі шешенің қолында қатар тәрбиеленгендіктен жеңгелері «Телғара» деп атандырған екен. Шынында мұның ақындық өмірі де өзіндік, қазақтық қалпынан басқа жаңағыдай екі жағадан қатар нәр алу арқылы бір әдеби «Телғаралықпен» ерекшеленіп туған сияқтанады». Шығыс пен Батыс руханияты Телғарасының өмірі де, өлеңі мен өнер-өнегесі де өзгелерден ерекше, оқшау. Өйткені, Абай бұрынғы көшпелі, жаңа да, жат отырықшы өркениеттердің бетпе-бет келген өліара тұсында өмір сүріп, заманалар талқысына, өз ұлтының басына түскен алмағайып дәуірге куә болды. Ұлт трагедиясы – ұлы ақынның жеке трагедиясына айналды… «Абай көшпелі заманның соңғы, жаңа низамның алғашқы Ұлы тұлғасы болды. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен рухани дүниесінің айнасына айналды», – дейді Тұрсын Жұртбай. Шын мәнінде ұлы суреткерлерге тән қайғы-қасірет пен болашақтың сәулелі саңылаулары оның шығармаларында да бірде егіз, бірде ерегесе егесіп, алмаса өрілетіні де заңдылық. Ақын поэзиясындағы адамның рухани кемелденуі жайлы ой толқындары қара сөздерінде өзгеше гуманистік таным, мораль философиясының кең арна, терең иіріміне ұласты. Қара сөздер қазақ жұртының ұлттық санасын жаңғыртып, дүниетанымын дүр сілкіндірген іргелі таным мектебі болды. «Абайдың қырық бес ауыз сөзі он сегіз мың ғаламның бір уыс түйіні» (Асқар Егеубаев) ретінде танылды кейінге… Терең ой, сұлу сезім, нәзік сазға тұнған Абай музыкасы қазақ ән өнерінің көркемдік деңгейін көтерді. Жаратылыс берген асқан музыкалық қабілет, әнге деген шексіз махаббат, эстетикалық талғампаздық ақынға мезгіл мен мекеннен тәуелсіз, ұлт пен нәсілдік шектеуге бағынбайтын классикалық дүниелер туғызды. «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң» әндерінің әуені мен ырғақтық жаңалығы сөздеріндегі идеялық-философиялық тұңғиықтық, сыршылдықпен егіз өрімдей үйлесім тауып қазақ даласына тез тарады. Шын мәніндегі халықтық туындыларға айналды. Абай жүрегін жарып шыққан мұңлы күй қазақ даласында қанатты ән болып қалықтады, Абай үні әрбір қазақ азаматының жүрек үнімен бірігіп кетті. Осы орайда, Абай поэзиясының жан түкпіріне жететін асыл қасиеттерін музыка тілімен жалғастыру, Абайды заманға лайық музыкалық туындылар арқылы әлемге таныту – бүгінгі сазгерлердің алдында тұрған азаматтық парыз, асыл міндет деп білеміз. Себебі, Евгений Брусиловскийдің «Абай» операсынан кейін ұлы ақынның образын сомдаған, айта қаларлықтай ірі музыкалық туындылардың тумауы кімді болса да бей-жай қалдырмайтын, үлкен олқылық. 1939 жылдары Мәкен Мұхаметжановадай әншілердің орындауымен үнтаспаға жазылған Абай әндерін кеңінен насихаттау қажет-ақ. Авторлық орындауға жақын мұндай классикалық үлгілердің кеңінен насихатталуы ұлы мұраның қалай болса солай орындалып, кейінгіге бұзылып жетуіне тосқауыл болар еді. Абай әндерінің жинағын үлкен тиражбен тарату, музыка пәнінің бағдарламасына әндерін толық енгізу, шет тілдерге аудару, әлеуметтік желілер арқылы насихаттау – басы ашық мәселелер. Сөз орайы келгенде тағы бір айтарымыз, Абайдың өмірі мен заманын өнер тілінде кейінгі ұрпағымен жалғастыратын алтын көпір – ақынның өмірі мен дәуірі жайлы көп сериялы көркем фильм түсіру де кезек күттірмейтін, тезірек қолға алуға тиісті мәдени шара. Тұрсын Жұртбайдың: «Абай сияқты әлемдік тұлға арқылы өзінің рухани күші мен мәдени өресін, тәуелсіз ұлт ретінде еркін өмір сүруге кепілдігі бар екенін дүниежүзіне дәлелдеуге мүмкіндік алуы – қазақ ұлты үшін тарихи құбылыс және оңтайы келген сәт», – дейтін сөзі бар. Расында, тарихи құбылыс пен осы оңтайы келген сәтті елдік мүддемізге қалай пайдаланудамыз? «Адамзаттың Абайын» әлемге таныта алдық па? Оны тануға өзге түгіл өзіміздің өреміз жете ме?! Абай мұрасының әлем тілдеріне аударылу деңгейі қандай?! Өзіміз бен өзгеге ұлы мұраны танытудың оңтайлы жолдары қандай болмақ?! Міне, Абайды тану және басқаға насихаттау күн тәртібінен түспейтін салмақты сауалдар, осылар. Біздіңше, алдымен халықаралық тілдерде Абай өлеңдерін кеңінен, тереңінен жан-жақты қамтып, ғылыми түсініктемесін берген жөн. Содан соң, түпнұсқаның жан-жақты толық мағынасы сақталған еркін аудармасын жасап алуымыз керек. Сол ғылыми түсіндірме мен еркін аудармалардың негізінде поэзия тілінің заңдарына, Абай өлеңдерінің ұйқасына, ырғағына келтіріп, қалыбына салынған тура аудармаларға арнайы бәйге жариялау қажет. Ұлттың рухани қуаты мен мәдениет биігін аңғартар мәртебелі меже – Абай мұрасынан аянып қалудың еш қисыны жоқ. Абай әлемінің төрткүл дүниеге мәңгілік сапары түркі жұрты елдерінен басталып, әрі қарай жалғастырылса құба-құп. Олай дейтін себебіміз, Абай – Шығыстан шыққан даналық шынары. Абайдың Шығыс ойшылдарымен, ақындарымен рухани үндестігі, тамырластығы даусыз. Оның поэзиясы – түркі, парсы поэзиясымен үндесіп жатса, парсы поэзиясының арабтарға қандайлық әсер еткені де белгілі…Сондықтан Абай аудармаларына қатысты әлгіндей ауқымды да, жүйелі жұмыс араб, парсы, түркі тілдерінен басталмақ керек. Қазақтың рухани ұстазына айналған Абай әлемі ХІХ ғасырдағы Алаш жұртының жүрегін қалай қозғаса, ХХІ ғасырдағы адамзат ойын солай тербетпек. Өлмес өнер мен киелі сөздің құдіреті – уақыт пен кеңістік ұғымдарынан тыс. Ол өзі өмір сүрген заманның ақиқаты мен шындығын арқалап, дәуірлер кеңістігін еркін кезеді. Кестелі сөз, кернеулі ой, кемеңгер пікір адамзаттың толқын-толқын ұрпағының санасын оятпақ. ХІХ ғасырдағы қазақтың шерлі көкірегінен күңіреніс болып естіліп, күрсініс болып шыққан Абай сөзі ұлтын имандылыққа үйіргеніне міне, екінші ғасыр. Ұлы хакімнің сөздері ақиқат адалдығымен, тереңдігімен, қапысыз дәлдігімен жаңа дәуірде де бағалы да, құнды болып қала бермек.
Ерлан СЫДЫҚОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры.
АСТАНА.