Біздің басты мақсат – жұмыстан қысқарту мен жалақы көлемін азайтуға жол бермеу. Елбасы осы орайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына қолдау білдіріп отыр. Биыл осы бағдарламаны іске асыруға 37 млрд. теңге бөлінді, деді Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Атырау облысының әлеуметтік сала өкілдерімен кездесуінде. Мәселен, еліміздің батыс, шығыс өңірлерінің мұнай, түсті металл салаларында жұмыссыздық орын алмауы керек. Осы мақсатта отандық, шетелдік инвесторлармен бірлескен ірі кәсіпорындармен жұмыссыздықты болдырмау және жалақы азайтпау туралы меморандумға қол қойылды.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, елімізде кем дегенде 400 мың жұмыс орнын ашудың қам-қарекеті жасалып жатыр. Рас, кез келген кәсіпорын бәсекеге қабілетті әрі білікті мамандарды ғана жұмысқа тартуды көздейді. Ал орта арнаулы және жоғары оқу орындарын бітіретін мамандардың бәрі бірдей білікті, бәсекеге қабілетті ме? Олардың қанша пайызы жұмысқа орналаса алады? «Статистикалық мәлімет бойынша, кәсіптік колледждерді бітірген мамандардың 70 пайызы жұмысқа орналасатыны жөнінде дерек бар. Бұл көрсеткіш Атырау облысында бұдан да жоғары. Алайда, бұл нақты дерек болмауы мүмкін», деді Бердібек Машбекұлы.
Алдағы уақытта мамандар даярлау мәселесіне өзгерістер енгізілгелі отыр. Мәселен, қазір заңгер, экономист мамандықтары жоғары оқу орындарының көпшілігінде даярланады. Алайда, заңгерлерді, не экономистерді даярлайтын маманданған оқу орындары бар емес пе? Неге оны кез келген оқу орны даярлауы қажет? Еңбек нарығы зерттеліп, халықаралық талапқа сәйкес білікті мамандар даярлаудың қажеттігіне мән берілуі тиіс. Сонда ғана сырттан келетін мамандарды азайта аламыз, деген Бердібек Сапарбаевтың мәлім етуінше, жұмыссыздықты болдырмау үшін мониторинг, зерттеулер жүргізілгені жөн. Сол кезде жұмыссыздық мәселесі туындамайтыны анық.
Өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге «АРЕС Петротехник» халықаралық оқу орталығы мен Назарбаев зияткерлік мектебінің, «Мирас» балабақшасы мен облыстық балалар ауруханасының, сонымен бірге, Атырау мұнай өңдеу зауытының, ешкі және сиыр сүтінен бірнеше өнім дайындайтын фермалардың жұмысымен кеңірек танысқан Бердібек Машбекұлы «Біздің еліміз бұған дейінгі дағдарысты да табысты еңсерді. Мәселен, 2007-2009 жылдарғы дағдарыс кезінде елімізде 1 миллионнан астам адамның жұмыстан қысқарып кетуі мүмкін еді. Алайда, оған жол берілген жоқ. Бұл, әрине, еліміздегі жүргізіліп келе жатқан нәтижелі әлеуметтік саясаттың жемісі. Ең бастысы, саяси тұрақтылықтың, ынтымақ пен қоғамдық келісімнің жемісі. Мемлекет халықтың әлеуметтік тұрмысын, әл-ауқатын ұдайы назарда ұстап келеді. Елімізде тұрақтылық пен ынтымақты, қоғамдық келісімді нығайту жөніндегі тиімді саясаттың арқасында барлық қиындықты еңсереміз», деп атап көрсетті Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.