20 Наурыз, 2015

Жауапты іске жоғары жауапкершілік

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DAA_0091 Кеше Парламент Сена­тының кезекті жалпы отырысы болып өтті. Онда палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қуатты сая­си ұйым – «Нұр  Отан» партиясының съезінде ел ама­натын жүктеген мың­нан астам делегаттың бірау­ыздан қабылдаған шешіміне ке­лісім берген Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Орта­лық сайлау комиссия­сында бірінші болып прези­денттікке кандидат ретінде тіркелгенін айта келіп, құ­рылтайда қабылданған ше­шім­нің маңызына кеңінен тоқталды. – Елбасы партияның алқалы жиынында бүгінгі күрделі әлемдегі Қазақстанның экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету мен демократиялық құндылықтарды одан әрі ілгерілетуді көздейтін шын мәнінде стратегиялық маңызға ие бес халықтық реформаны ұсынды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Төраға бұл ретте кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын кешенді шаралар заман талабына сай мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігі мен сот әділдігін қаматамасыз ету, индустрияландыру мен экономиканы әртараптандыру арқылы болашағы біртұтас ұлт пен ашық қоғам және есеп беруші мемлекет құруды көздейтін аса маңызды мәселелерді қамтып отырғандығын ерекше атады. Елбасының уақыт талабымен үндесіп отырған бастамалары еліміздің бүгінгі қол жеткізген жетістіктері мен ішкі саяси келісімі негізінде Қазақстан қоғамын одан әрі экономикалық және саяси жаңғыртудың белестеріне жол бастап, мемлекеттің тұрақтылығы мен баянды болашағына деген сенімді нығайта түсетіні сөзсіз екендігін айтқан Сенат Төрағасы елдің қоғамдық-саяси өмірінде тарихи бетбұрыстар жасауға бағытталған жауапты істе нәтижелерге қол жеткізу баршаға өте жоғары жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. – Президент атап өткендей, қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертетін реформалар билік пен халықтың мықты ерік-жігерімен ғана қамтамасыз етіледі. Сондықтан, құрметті депутаттар, баршаңызды Елба­сының Мәңгілік Ел идеясы жолындағы маңызды міндеттерді тиянақты орындауда белсенділік танытып, бірлесе еңбек етуге шақырамын, деп аяқтады сөзін Қ.Тоқаев. Бұдан кейін сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын қарауға кірісті. Алдымен депутаттар назарына «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығын ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылды. Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің интеграцияланған валюта нарығында шетел валюталарымен банкаралық конверсиялық операциялар жасауға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің резидент-банктерінің тең құқылы және өзара тиімді қатысуы үшін қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында жасалған. 2012 жылғы 5 желтоқсанда әзірленген келісімге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан басшылары қол қойған. Бұл ретте, еліміз Келісімге «резидент-банк» ұғымының анықтамасы бөлігінде ескертпемен қол қойыпты. Бұл ұғым өз мемлекетінің құзіретті органының арнайы рұқсатының негізінде банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға немесе өзге де құқықтық құрылымды қарастырады. Келісім қатысушы мемлекеттердің резидент-банктерінің ұлттық валюта нарығына тікелей қолжетімділігіне мүмкіндік береді. Заң жобасы қабылданды. Бұдан кейін сенаторлар Мәжіліс  мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, заң жобасымен табиғи монополия субъектілері қызметіндегі әкімшілік кедергілерді төмендету; табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламалар мен басқа да міндеттерді орындауына бақылауды күшейту және белгіленетін тариф пен табиғи монополия субъектілері қызметінің ашық болуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Заң жобасы бірқатар сұрақ-жауаптардан кейін бірінші оқылымда мақұлданды. Ал екінші оқылымға ұсыныл­ған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасы Мәжіліске  қайта жол тартты. Сенаторлар заң жобасының сақтандыру сыйақыларын айқындау бойынша мәселелерді реттеу бөлігінде, сонымен бірге, сақтандыру сыйақысының ең төменгі мөлшерін айқындауға қатысты түзетулер ұсынды. Бұдан бөлек, денсаулыққа залал келтіру салдарынан болатын қосымша шығыстарды өтеу бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға қатысты мәселелер де туындаған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».