Қостанаймен көрші Челябі облысындағы Нағайбақ ауданындағы қандастарымыз «Махалла» мешітінің 20 жылдығын атап өтті. Челябі облысында 36 мыңнан аса қандастарымыз тұрып жатыр. Нағайбақ ауданындағы Арсланбай ауылын түгел қазақтар жайлайды. Осы ауылдың тұрғыны Нұркеш Жапаровтың айтуына қарағанда, өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін осы ауданда төрт ауыл қазақ болған екен. Қазір содан қаймағы бұзылмай отырған Арсланбай ауылы ғана.
Сонау 1995 жылы экономикалық дағдарыс көршілерді де жағадан алып тұрған кезеңде Арсланбай ауылында «Махалла» мешіті бой көтеріпті. Мешіт 20 жыл бойы тек қандастарымыз ғана емес, аудандағы барлық мұсылман жұрты үшін имандылық ошағына айналды. Нағайбақ ауданының басшысы Қайырбек Сейіловтің қамқорлығымен мешіт қайта жөнделіп, жаңғырытылды. Ол енді бұрынғыдай қатты отынмен емес, көгілдір отынмен жылытылады. Скважина қазылып, ішіне су да кіргізілді.
Ауыл мешіті шағын болса да, салтанаты, көркі қаладағы имандылық үйлерінен еш кем емес. Қайта жөнделіп, жаңғыртылған мешіттің 20 жылдық мерекесіне аудан мұсылмандары көп жиналды. Сонымен қатар, Урал өңірінің муфтиі, Челябі және Қорған облыстары мұсылмандары аймақтық діни басқармасының төрағасы Ринат қажы Райф және аудандардағы мешіттер имамдары, қазақ диаспорасы тұратын аудандардағы ақсақалдар құтты болсын айта келді.
– Нағайбақ ауданындағы жалғыз мешіттің жөнделіп, қайта жаңғыртылғанына біз қуаныштымыз. Бұл мұсылман жұртына қызмет ете береді. Жас болса да имам Кеңес Жарқынбаевтың жүргізіп отырған жұмыстары арқасында бұл мешіт өңірдегі діни білім, салт-дәстүр жарыстарына белсене қатысады, – деді Ринат хазрет Райф мырза.
Ол сөзінің арасында Троицк қаласындағы іргесі 1902 жылы қаланған, ислам әлеміндегі ірі тұлғаның бірі – Зейнолла ишан білім берген мешіт-медресенің қайта қалпына келтірілетінінен жиналған жұртты хабардар етті. Троицк қаласы өткен ғасыр басында ірі мәдени, діни, саяси орталық болғаны белгілі. Мұнда қазақ зиялылары да жиі бас қосатын, «Айқап» журналы шықты. Халқымыздың талантты ұлдары медреселерде білім алды. Зейнолла ишан мен Ахмет Байтұрсыновтың кездескені, Ахмет өзінің жары Бәдрисафаға мұсылман дінін қабылдаттыру және некелесу үшін Зейнолла ишанның алдына барғаны туралы ауызша жеткен дерек те бар. Сондықтан Троицкідегі тарихи мешіттің қалпына келуі біз үшін де танымдық маңызға ие.
Мешіт мерекесіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қостанай облыстық филиалының өкілдері де қатысты. Қостанай облыстық филармониясының талантты әншісі Гүлнар Үсенова әннен шашу шашты. Ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ-НАҒАЙБАҚ АУДАНЫ-ҚОСТАНАЙ