06 Тамыз, 2015

Ресейлік қандастарымыз «Махалла» мешітінің 20 жылдығын мерекеледі­

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанаймен көрші Челябі облы­сын­­­дағы Нағайбақ ауданындағы қандас­тарымыз «Махалла» мешітінің 20 жыл­ды­ғын атап өтті. Челябі облысында 36 мың­нан аса қандастарымыз тұрып жатыр. Нағайбақ ауданындағы Арсланбай ауылын түгел қазақтар жайлайды. Осы ауылдың тұрғыны Нұр­кеш Жапаровтың айтуына қа­рағанда, өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін осы ауданда төрт ауыл қазақ болған екен. Қазір содан қай­мағы бұзылмай отырған Арс­ланбай ауылы ғана.  011 (10) Сонау 1995 жылы экономикалық дағ­­дарыс көршілерді де жағадан алып тұрған кезеңде Арсланбай ауы­­лында «Махалла» ме­шіті бой көтеріпті. Мешіт 20 жыл бойы тек қандастарымыз ғана емес, ау­дан­дағы барлық мұсылман жұрты үш­ін имандылық ошағына айналды. Нағайбақ ауданының басшысы Қайырбек Сейіловтің қам­қорлығымен мешіт қайта жөн­деліп, жаңғырытылды. Ол енді бұ­рын­­ғыдай қатты отынмен емес, кө­гілдір отынмен жылыты­лады. Сква­жина қазылып, ішіне су да кір­гізілді. Ауыл мешіті шағын болса да, салтанаты, көркі қаладағы иман­дылық үйлерінен еш кем емес. Қай­та жөнделіп, жаңғыртылған ме­шіттің 20 жылдық мерекесіне аудан мұсылмандары көп жиналды. Сонымен қатар, Урал өңірінің муфтиі, Челябі және Қорған облыс­тары мұсылмандары аймақтық діни басқармасының төрағасы Ринат қа­жы Райф және аудандардағы ме­шіттер имамдары, қазақ диаспорасы тұратын аудандардағы ақсақалдар құтты болсын айта келді. – Нағайбақ ауданындағы жалғыз мешіттің жөнделіп, қайта жаң­ғыр­тылғанына біз қуаныштымыз. Бұл мұ­сылман жұртына қызмет ете бе­ре­ді. Жас болса да имам Кеңес Жар­­­­қынбаевтың жүргізіп отырған жұмыстары арқасында бұл мешіт өңірдегі діни білім, салт-дәстүр жарыстарына белсене қатысады, – деді Ринат хазрет Райф мырза. Ол сөзінің арасында Троицк қала­сын­дағы іргесі 1902 жылы қалан­ған, ислам әлеміндегі ірі тұлғаның бірі – Зейнолла ишан білім берген ме­шіт-медресенің қайта қалпына келтірілетінінен жиналған жұртты хабардар етті. Троицк қаласы өткен ға­сыр басында ірі мәдени, діни, саяси орталық болғаны белгілі. Мұн­­­да қазақ зиялылары да жиі бас қосатын, «Айқап» журналы шық­ты. Халқымыздың талантты ұлдары медреселерде білім ал­ды. Зейнолла ишан мен Ахмет Бай­тұрсыновтың кездескені, Ахмет өзі­нің жары Бәдрисафаға мұсылман дінін қабылдаттыру және некелесу үшін Зейнолла ишанның алдына бар­ғаны туралы ауызша жеткен дерек те бар. Сондықтан Троицкідегі тарихи мешіттің қалпына келуі біз үшін де танымдық маңызға ие. Мешіт мерекесіне Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы Қостанай об­лыстық филиалының өкілдері де қатысты. Қостанай облыстық филармониясының талантты әншісі Гүлнар Үсенова әннен шашу шашты. Ас беріліп, аруақтарға құран ба­ғышталды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ-НАҒАЙБАҚ АУДАНЫ-ҚОСТАНАЙ