20 Наурыз, 2015

Еуразиялық ықпалдастықтың экономикалық әлеуеті

319 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
indexЕуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары. Оған дәлел – Одаққа мүше мемлекеттердің жиынтық экономикаларының көлемі 2,2 трлн. доллардан асып түссе, үш елдің жалпы өнеркәсіп өнімін шығару көлемі 1,5 трлн. долларға жетеді екен. Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауы бойынша, жиынтық ІЖӨ өсімі түріндегі перспективалы интеграциялық әсер 2030 жылға қарай 900 млрд. АҚШ долларын құрауы мүмкін. Ал Қазақстан үшін ІЖӨ 30 млрд. доллар болады деп болжанып отыр. Аталған Одақтың негізгі жеміс­ті нәтижелері келешектің енші­сін­де көріне бастайтыны көп айтылып жүр. Ал қазіргі күні сол нәти­же­лерге жеткізер жолдың бас­тау бас­пал­дағында тұр. Мәселен, Еура­зиялық экономикалық комис­сияның бағалауы бойынша, Одақ­тың экономикасына үш елден тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2030 жылға қарай 85 млрд. АҚШ долларын құрауы мүм­кін, оның ішінде Қазақстан Респуб­ликасы ЕАЭО қатысудан қосымша – 40 млрд. доллар, Беларусь Рес­пуб­ликасы – 9,6 млрд. доллар, Ресей Фе­де­ра­циясы 35,4 млрд. дол­лар мөл­шерінде пайда таба алады. Жалпы, Қазақстанның өңірлік экономикалық интеграцияға қатысуы қажеттілігін жасайтын негізгі үш фактор бар. Біріншісі – бұл континентальдық тұйықтық. Республиканың теңіз порттарынан алшақ географиялық орналасуы үшінші елдердің нарығына қол жеткізу мүмкіндігін төмендетеді, экономикалық өсу мүмкіндігін шектейді. Екіншісі – инвестициялар тарту және қайта өңдеу өндірісін дамыту үшін 17 млн. адамды пайдалану көлемі бар ішкі нарық мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігі. Үшінші фактор – әлемдік экономикалық өсудің баяулау үрдісі, Қазақстанның негізгі экспорт тауарларын (мұнай, металл) тұтынудың әлемдік рыноктарының тұрақсыздығы. Қазақстан «land-locked coun­tries» деп аталатындардан (яғни, теңізден алыс елдерден) ең үлкен және оқшау ел болып табылады. Сондықтан да, әріптес елдердің көлік инфрақұрылымдарына қол жеткізуде барынша қолайлы жағдайларға ие болуға мүдделіміз. Жоғары көлік шығындары әлемдік нарықтарға қол жеткізуді және ел экономикасын әртараптандыруды тежейді. Сол себепті, әріптес ел­дердің инфрақұрылымына қол жеткізу туралы уағдаластықтар экс­порттаушыларымыздың кө­лік шығындарын қысқартады. Тиі­сінше, қазақстандық өнімнің бәсе­кеге қабілеттілігі көтеріледі, ол экспортқа, оның ішінде Еуропа елдеріне, сонымен қатар, Түркияға жіберіледі. Айталық, «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қытай» автожолы біздің кө­лік тартымдылығымыздың өсуі­не және трансконтиненталды «кө­пірлерді» жасауға ықпал етеді. Жо­бадан орташа жылдық экономикалық пайда 86,7 млрд. теңгені құрайды және жалпы өңірлік өнімнің өсуі, уақыттан үнем­­деу, көлік тасымалдарының құнын төмендету сияқты мәселе­лерді шешеді. Сонымен қатар, қазіргі таңда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол тармағы пайдалануға берілді. Тармақтың ұзындығы 900 километрді құрайды. Оның 82 ки­лометрі Иран арқылы, 700 кило­метрі Түрікменстан аумағы арқы­лы және 120 километрі Қазақстан арқылы өтеді. Парсы шығанағы, Орталық Азия және Еуропа ара­сындағы қашықтықты 600 километрге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл көлік шығындарын барынша қысқартады. Болжам бойынша 2020 жылға қарай жаңа маршрут арқылы тасымалдау көлемі 15 миллион тоннаны, оның ішінде 3 миллион тонна транзит жүгін құрауы мүмкін. Су көлігіндегі көлік инфра­құ­ры­лымының маңызды нысаны Қазақстандағы жалғыз және ТРАСЕКА мен «Север-Юг» ха­лы­қаралық дәлізінің қиылысында орналасқан Каспий теңізіндегі Ақтау халықаралық теңіз сау­да порты болып табылады. Бү­гін­де Каспийдегі жалпы жүк айна­лы­мындағы Ақтау портының үлесі – 29 пайыз. Ақтау портының қуа­ты – жылына 14 млн. тонна. Қа­зақстан портының қуатын ұлғай­ту мақсатында оны солтүстік бағытта кеңейту жобасы іске асырылатын болады. Осы жобаның есебіне, сондай-ақ, қолдағы бар жабдықтарды жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу есебінен Ақтау портының өткізу қабілеті 18 млн. тоннаға дейін жеткізіледі. Интеграция игілігін кеңей­тер бірегей жобаның бірі – «Қор­ғас–Шығыс қақпасы». Бұл инфрақұрылымының құрылысын аяқтау Қорғас арқылы тауар айналымы көлемін 8 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде жүк тасымалын жылына 4 млн. тон­наға дейін ұлғайтады, 150 млрд. теңге жеке инвестициялар тарты­лады және 20 мыңға дейін жұмыс орны ашылады. Еуразиялық экономикалық одақ­та Қазақстаннан үшінші елдерге басқа мемлекеттің теңіз порты арқылы жүкті теміржол көлі­гімен, атап айтқанда, Ресей аума­ғымен және кері бағытта тасымал­дау кезінде біріздендірілген тариф қолданылатын болады, ол транзиттіктен барынша тө­мен. Сарапшылардың баға­ла­уы бойынша, осыған бай­ла­ныс­ты қазақстандық та­сы­­мал­­дау­­шы­лардың үнемі жыл сайын 250 млн. долларды құрауы мүмкін. 2016 жылға қарай GMP халық­аралық стандартының негізінде дәрі-дәрмек құралдарының жалпы нарығы жасалады. Ол Қа­зақстанда шығарылатын фарм­препараттардың әріптес елдер нарықтарына еркін өтуін қамта­масыз етеді. Бұдан басқа, ортақ нарық халықаралық стандарттар, дәрі-дәрмек құралдарына баға­ны тұрақтандыру, фармкә­сіпорындарды кооперациялау негізінде препараттардың сапасын көтеруге мүмкіндік жасайды. 2016 жылдан бастап ЕАЭО шеңберіндегі тиісті уағда­лас­тықтар барынша ірі отандық өнді­рушінің дәрі-дәрмек құралдары экспортының жалпы көлемін жылына 360 млн. долларға дейін ұлғай­туға мүмкіндік береді. Беларусьтің, Қазақстан мен Ресейдің ұлттық электр энергиясы рыноктарын интеграциялау жолымен 2019 жылы ортақ электр энергетикалық рыногын қалыптастыру жоспарлануда. Бұл Қазақстанның электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін толық көлемінде іске асыруға мүмкіндік береді. Ол 2030 жылға қарай 6 миллиард киловатт-сағаттан асып түсетін болады деп күтілуде. Бұдан басқа, тиісті уағ­да­ластықтарды іске асыру еліміздің батыс өңірлерінің Ресей желілері арқылы Қазақстанның солтүстік өңірлерінен электр қуатын алуларына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2025 жылға қарай мұнай және мұнай өнім­дерінің жалпы нарығы қалып­тасады, ол өзара саудада экс­порт­тық кеден баждары мен шектеу­лерін қолдануды қарасты­рады. Ресейдің газ тасымалы инфра­құрылымына тең қол жеткізу 2025 жылға қарай мүмкін болмақ. Қазақстан жыл сайын 8 млрд. шаршы метрден астам газды экспорттайды. Болашақта Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын барлауға байланысты республиканың экспорттық әлеуеті барынша өседі. Сондықтан да, газ тасымалы инфрақұрылымына қол жеткізу жөніндегі уағдаластықтар алдағы уақытта стратегиялық маңызды мұнай-газ секторының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін болады. Қазақстан инвестициялық тартымдылықты көтеру негізінде қайта өңдеу өндірістерін дамытуға мүдделі. Қазіргі уақытта белгілі бір оң үрдістер байқалуда. Әріптес елдерге қазақстандық экспорт 2013 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 65 пайызға өсті. Ал Кеден одағы елдеріне экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлар үлесі 45 пайыздан 54 пайызға дейін өсті. Бұған қоса, Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестициялар тартудан алда келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялар көлемі Кеден одағы жұмыс істей бастаған кезеңнен бастап 4 жылда 2,5 есе өсті. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».