Мигранттар мәселесіне мән беруді қалайды
Францияның бұрынғы еңбекпен қамту министрі, бүгінде Нор-Па-де-Кале өңірі басшысының лауазымына кандидат Ксавье Бертран мигранттардың ол елге баруға кез келген жолмен ұмтылмауы үшін Ұлыбритания өзінің еңбек заңнамасын қатаңдатуы керек деп есептейді.
Ол Sky News телеарнасына берген сұхбатында Ла-Манш бұғазын кесіп өтуге талпынған мигранттар санының арта түсуіне Ұлыбританияның еңбек заңнамасы себепкер болып отыр, деп мәлімдеген. Олар жұмыс табу үшін Англияға барғылары келеді, өйткені, онда жеке бас куәлігінсіз жұмыс істеуге болатынын олар жақсы түсінеді. Сіздер, Англияда өз саясаттарыңызды өзгертуге тиіссіздер деп атап көрсеткен экс-министр.
Әр түн сайын дерлік тоннельді шабуылдап жатқан мигранттар проблемасының асқынғаны сондай, Англия мен Франция үкіметтеріне ол нысанды күзетуді айтарлықтай күшейтуге тура келіп отыр, деп хабарлайды жоғарыда аталған телеарна. Атап айтқанда, Ұлыбритания 200 қосымша жеке күзетшілер тартудың, сондай-ақ, қосымша қоршаулар мен бейнекамералар орнатудың ақысын төлеу үшін өзіне міндеттеме алған. Ал Франция болса, қауіпсіздікті күшейту шараларының пакеті шеңберінде тоннельді күзететін полиция бөлімшелерінің санын ұлғайтпақ.
Англия мен Францияның ішкі істер министрлері Тереза Мэй мен Бернар Казнев жаһандық миграциялық дағдарыстың ұзақ мерзімді шешімін табуға көмектесу үшін Еуроодақты Ла-Манш төңірегіндегі оқиғаға араласуға шақырып отыр. Министрлердің мәлімдеуінше, Каледегі бей-берекет ахуал тек екі елдің ғана емес, сонымен бірге, бүкіл Еуропаның да проблемасы болып табылады.
Бұған дейін біз Ла-Манш бұғазын заңсыз түрде кесіп өтпек болған кезде бір мигранттың қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз. Мұндағы жағдайдың қаншалықты күрделі екенін осы бір шағын мысалдан-ақ аңғаруға болатын сияқты.
Елдердің дағдарысқа ұшырау сыры неде?
Еуропалық көшбасшыларға қайткенде де қаржы дағдарысын еңсеру үшін бірқатар елдерге көмектесуге тура келіп отыр. Оларға сол сияқты, өздерінің консультативтік жұмыстарының негізі ретінде ХХ ғасырдағы экономикалық дағдарыстарды да зерттеу қажет болатын сияқты.
Іс жүзінде дағдарыстың одан арғы болашағы кредиторлардың кемеңгерлігіне тікелей қатысты. Осыған байланысты Германияға өзінің Грекияға деген көзқарасын қайта қарау жөнінде табанды түрде кеңес берген артық емес деп санайды кейбір сарапшылар.
Борышқор елдің шаруаға деген қырсыздығының, шектен тыс оптимизмінің, сыбайлас жемқорлық пен нашар ой-пайымдардың және кредитор банктерге қатысты ынталандырулар әлсіздігінің нәтижелері әдетте елдегі қаржы дағдарысының басты себептері болып табылады. Грекия осы модельге дәл келіп отыр.
2001 жылы еуроаймаққа қосылған кезде Грекияның орасан зор борыштары болды. Бұл елдің мемлекеттік қарызы ол кезде ішкі жалпы өнімнің шамамен 99 пайызын құрайтын еді. 2000-нан 2008 жылға дейінгі кезеңде борыштың ІЖӨ-ге қатыстылығы 109 пайызға дейін өсті.
Елдің өркендеуі капиталдың үзіліссіз келіп тұруына тәуелді болып тұрған кезде, қаржы ағынының күтпеген жерден тоқтап қалуы күрт қысқаруды туындатады. Грекияда 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысының басталуынан кейінгі 2008-2011 жылдар аралығындағы кезеңде экономика 18 пайызға қысқарып, жұмыссыздық 8 пайыздан 18 пайызға бірден өсіп шықты.
Оған қоса мемлекеттік шығындардың төмендеуі мен жиынтық сұраныстың қысқаруы да айтарлықтай себептердің біріне айналды. Мемлекеттік сектор қызметкерлері өз жұмыс орындарынан айырылса, құрылыс жобалары тоқтап қалды. Кірістің азаюына байланысты былайғы отандық сектор да күйреп түсті.
Грекиядағы экономикалық күйреудің тағы бір факторы банктік кредиттердің қысқаруы болып табылады. Банктер шетелдердегі банкаралық несиелік желілерге қолжетімділіктен айырылғаннан кейін, олар шектеулерге тап болып, мерзімінен кешігушілік ұлғая түсті. Сонымен бірге, банктердің төлем қабілетсіздігінен қауіптенген отандық инвесторлар да өз салымдарын кері қайтарып ала бастады. Қаржылық тұрақсыздық ақыр соңында салымшылардың шетелдік қаржы институттарының қызметіне жүгінулеріне апарып соқтырды.
Еуропадағы ең қартайып бара жатқан қай ұлт?
Болгария халқы санының 2050 жылға дейін 30 пайызға дерлік азаюы мүмкін. БҰҰ-ның әлемдегі демографиялық даму туралы баяндамасында осындай болжам жасалған.
Осылайша, бүгінде 7,5 миллион адамды құрайтын болгар халқының жүзжылдықтың ортасына қарай небәрі 5 миллион 154 мыңы ғана қалуы мүмкін. Баяндамада сондай-ақ, жаһандық қартаю жөнінде де айтылған. 2050 жылға дейін 60 жастан асқан адамдар саны 2 есе дерлік ұлғаймақ. Бұл көрсеткіште Еуропа жетекші орын алады деген болжам бар.
Елде Болгария Республикасы халқының демографиялық дамуының көкейкестілендірілген ұлттық стратегиясының жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, қазіргі уақытта болгарлар Еуропадағы ең бір қартайып бара жатқан ұлт болып табылады. Сондықтан осы жылдың 30 қарашасына дейін үкімет демографиялық саясат стратегиясы шеңберінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шаралар дайындап, соның көмегімен елдегі демографиялық жағдайды шешуге талпыныс жасауы тиіс.
Мұндай шешімді демографиялық саясат туралы пікірсайыстар кезінде депутаттар қабылдаған. Олар ұлттың жойылып және қартайып бара жатқаны, адам өлімінің арта түскені, бала туудың кемігені, денсаулық сақтауға тиесілі қолжетімділіктің жоқтығы сияқты бірқатар теріс тенденцияларды атап көрсеткен. Отбасылық құндылықтардың құлдырауы мен эмиграцияның жоғары дәрежеге жетуі де Болгариядағы демографиялық ахуалдың ауырлығының факторы ретінде келтіріліп отыр.
Біз қандай да бір жаңа дүниені әзірлемекпіз, ал қазіргі жұмыс істеп тұрған демографиялық стратегия парламенттік құжатқа айналмақ, деп мәлімдеген «Болгария радиосына» берген сұхбатында елдің вице-премьері, әлеуметтік саясат министрі Ивайло Калфин. Парламент стратегияны талқылап, қабылдауы тиіс. Онда нақты шаралар көрініс тауып, министрлер кеңесі оның орындалуы туралы жыл сайын баяндап отыруы керек, деп атап көрсеткен министр өз сөзінде.
Орман өрті өршіп тұр
Американың Калифорния штатының үш округінің 12 мыңдай тұрғыны күшті орман өрті салдарынан қауіпсіз жерлерге көшірілді, деп хабарлады Рейтер агенттігі.
Сан-Францисконың солтүстігіндегі Лейк округінде тұтанған өрт аумағы бір тәулік ішінде екі еседен астамға ұлғайып, 18,6 мың гектарға тарала отырып, Орегон штатының шекарасына дейін жеткен. Тілсіз жау 24 үйді және 26 шаруашылық ғимараттарын жойып жіберген. Сол сияқты, қазіргі уақытта 6 мыңнан астам ғимаратқа қатер төніп тұр. Бұл жөнінде Калифорнияның өрт департаменті хабарлаған.
Өрт салдарынан екі магистраль жабылып қалып отыр. Өршіген отты сөндіруге екі мыңға жуық адам тартылған, отпен күресіп жүріп бір өрт сөндірушінің қаза тапқаны да белгілі болып отыр.
Калифорния штатының губернаторы Джерри Браун төтенше жағдай жариялап, ұлттық гвардияны жұмылдыруға мәжбүр болған.
Муссондық жауын зардаптары
АҚШ-та өрт өршісе, Үндістанда халықты нөсер жаңбыр әбігерге салуда. Бүгінде муссондық жауын салдарынан жүзден астам адамның қаза болғаны және тағы ондаған мың адамның өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғаны белгілі болып отыр.
Батыс Бенгалия штатында 215 мыңдай деревня жойылып кеткен. Үндістан үкіметі табиғи апат орын алған жерлерге жету үшін 200 адамнан тұратын медиктер командасының 120 қайықты пайдаланып жүргенін хабарлауда.
Үндістанда муссондық жауын жыл сайын маусым айынан қыркүйектің соңына дейін жалғасады. MIGnews.com.ua сайты күшті су тасқыны салдарынан 22 адамның құрбан болғанын да хабарлап отыр.
Дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».