Бұрынғы Жаңасемей ауданына қарасты Знаменка ауылы бүгінде Семей қаласының құрамында. Шамның жарығы түбіне түспейді демекші, күні кешеге дейін бұл ауылдың жадап-жүдеп келгені өтірік емес. Әйтеуір, абырой болғанда ауыл тізгіні Меллат Дүйсенбаев сынды өмір көрген іскер басшының қолына тиген соң мұндағы жағдай біртіндеп оңала бастаған.
Ауыл тұрғындары есеп беру жиынында қала әкімінің алдына Знаменка елді мекенінде республикалық телеарналардың көрсетілуіне, дәрігерлік амбулатория жанынан күндізгі стационардың ашылуына және амбулаторияны “Жедел жәрдем” көлігімен қамтамасыз етуге өтініш жасаса, бүгінгі күні соның бәрі дұрыс шешімін тауыпты.
Мұнда биылғы жылы сондай игі жаңалықтар заңды түрде жалғасын тауып жатқаны сүйсінтеді. Айталық, жыл басынан ауыл клубы жұмыс істей бастапты. Онда домбыра, би үйірмесі, қуыршақ театры жұмыс істеп тұрған көрінеді. Мұның сыртында клуб түрлі мәдени шараларды да көптеп өткізуге мұрындық болып келеді дейді ауыл әкімі. Клуб басшысы Ардақ Өмірзақовтың тек мәдени шаралармен шектелмей, биылғы жылы клуб ішінен балалардың жазғы демалыс лагерін ашуы да құптарлық іс деп білеміз.
Балалар демекші, ауыл әкімінің бастамасымен жуырда аталып өтілген Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекесінде ауылда “Балалар бағы” ашылыпты. Бақта түрлі ойын қондырғылары көптеп орнатылып, жас ұрпақтың мұнда алаңсыз демалуына қолайлы жағдай жасалған. Енді мұнда субұрқаққа дейін жұмыс істемек. Осы орайда әкімнің жергілікті кәсіпкерлерге алғысы шексіз.
Шындығында бұл білім ордасының тек білім беру ісімен шектелмей, ауылдың әлеуметтік мәселелерінің шешіміне зор белсенділікпен қатысып келе жатқанын жергілікті тұрғындардан да естіп, білдік. Мәселен, ауыл кітапханасы да, балалардың шағын бақшасы да осында орын тепкен. Мектепте ауыл мұражайының да жұмыс істей бастағанына көп болмапты. Солай бола тұрғанмен, ондағы жәдігерлер мен ауыл, мектеп тарихынан сыр шертетін деректер жеткілікті. Соның бірін ғана айтсақ, Жеңістің биылғы 65 жылдығына орай осы өңірден майданға аттанған боздақтар туралы құнды құжаттар мен сирек суреттер де осында жинақталған.
Әлеуметтік жағынан гүлдене түсіп келе жатқан Знаменка ауылының экономикалық жағынан да сауығып, берекелі өңірге айналатындығына еш күмән жоқ.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы.