06 Тамыз, 2015

Әлем жаңалықтары

314 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Телесайысқа қатысатын үміткерлер анықталды 011 (28) «Fox News» медиакорпора­циясы Республикашыл партиядан АҚШ президенттігіне кандидаттыққа ұсынылған он үміткерді атады. Олар негізгі телесайысқа қатысатын болады. Тізімде миллиардер Дональд Трамп, Флорида штатының бұрынғы губернаторы Джеб Буш, Висконсинның губернаторы Скотт Уокер, Арканзас штатының экс-губернаторы Майк Хакаби, зейнеткер нейрохирург Бен Карсон, Нью-Джерси және Огайо штаттарының губернаторлары Крис Кристи мен Джон Кейсич, сенаторлар Рэнд Пол, Марко Рубио және Тед Крус бар. Жүргізілген сауалдама нәтижесі алдыңғы орында Трамптың, одан кейін Буш пен Уокердің тұрғандығын көрсеткен. Бұл «негізгі құрамға» жеті үміткер кіре алмаған. Олар пікірсайысқа бөлек шақырылады. Жолаушылар пойызының вагондары өзенге құлады 011 (29) Үндістанның орталық бөлігінде екі пойыздың вагондарының көпірден өзенге құлауы салдарынан 25-ке жуық жолаушы мерт болды. Бұл ақпаратты үндістандық ақпарат құралдары таратты. Қайғылы жағдай сәрсенбіге қараған түні Мадхья-Прадеш штатындағы Харда қаласынан 25 шақырымдай жерде болған. Алдымен Мумбай-Варанаси бағытымен келе жатқан пойыздың алты вагоны көпірдің қиылысында рельстен шығып кетіп, өзенге құлаған. Бірнеше минуттан кейін осыған жақын жерде Джабалпер – Мумбай бағытындағы пойыздың локомотиві және үш вагоны рельстен шығып кеткен. Теміржол компаниясы өкілінің айтуынша, апат нөсер жауынның салдарынан болуы әбден мүмкін. Ең көп табыс тапқан киноактер 011 (30) Америкалық Forbes журналының рейтингі бойынша, әлемде ең жоғары ақы төленетін киноактер болып «Мстителей» жұлдызы кіші Роберт-Дауни танылды. Аталған басылым оның 2014 жылдың 1 маусымы мен 2015 жылдың 1 маусымы аралығындағы табысын 80 миллион доллар деп бағалаған. Тізімде екінші болып Гонконг тұрғыны Джеки Чан тұр. Оның табысы 50 миллион доллар екен. Ван Дизель 47 миллион доллармен үшінші орынға жайғасыпты. Сондай-ақ, басылым Брэдли Купердің табысын 41,5 миллионға, Адам Сэндлердің табысын 41 миллионға, Том Круздың кірісін 40 миллион долларға бағалапты. Ал Марк Уолберг 32 миллион доллармен оныншы орында тұр. Қысқа қайырып айтқанда: ● АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Иранмен, оның ядролық бағдарламасы бойынша келісімді қабылдамау туралы қарар жобасын енгізді. Құжатты төменгі палатаның шетел істері жөніндегі комитеттің төрағасы Эд Ройс ұсынған. ● Швейцария кеденшілері Қытай азаматтарының чемодандарын тексеру кезінде 260 килоға жуық піл сүйегін тапты. Қара базарда оның құны шамамен 410 мың долларды құрайды екен. ● Иран Түркіменстанмен арадағы шекараға дейінгі алғашқы жолаушылар пойызын іске қосты. Пойыздың жылдамдығы сағатына 120 шақырымды құрайды. ● «Ирак пен Леванттың террорлық тобы» деген атпен белгілі содырлар екі аптада Мосул қаласының 2 мың тұрғынын өлтірген. Қаза болғандардың көпшілігі полицейлер мен әскери қызметкерлер және шенеуніктер. Ұшақ апатынан 16 полицей қаза тапты 011 (1) Колумбияда ұшақ апатының салдарынан 16 полиция қызметкері қаза тапты. «Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, оқиға елдің солтүстік-батысындағы орманды аймақта болған. Америкалық өндірісте шығарылған UH-60 ұшағы тауға соғылған. Колумбия қорғаныс министрі Луис Карлос Вильегастың сөзіне қарағанда, ұшақ ауа райының қолайсыздығынан немесе механикалық зақымданудан апатқа ұшырауы мүмкін. Қаза тапқан полиция қызметкерлері есірткіге қарсы операцияларға қатысып жүр екен. Атап өтейік, осыдан төрт күн бұрын елдің солтүстік-шығысында двигатель ақауына байланысты испандық өндірісінен шыққан CASA C – 235 ұшағы құлап, 11 әскери қызметші қаза тапқан еді.   Елдің бірінші ханымы парламент сайлауына қатыспақ 011 (2) Венесуэла президентінің зайыбы Силия Флорес елдің Ұлттық ассамблеясы – парламент сайлауына қатысуға шешім қабылдады. Сайлау осы жылдың 6 желтоқсанында өтеді. Президент Николас Мадуро зайыбының бұл шешімін құптаған. Осының алдында ғана оппозиция жетекшісі М.Мачадоны кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан екен. Ал Силия Флорес – Венесуэла Біртұтас социалистік партиясының мүшесі. Ол 2006-2011 жылдары аралығында парламент спикері болды, 2012-2013 жылдары елдің бас прокуроры қызметін атқарған. 62 жастағы С.Флорес өзінің күйеуі Н.Мадуродан он жас үлкен.   Хоуситтер әскери базадан айырылды 011 (3) Йемен президентінің әскері Лахдж провинциясындағы әскери-әуе базасын шииттік көтерілісшілер – хоуситтерден босатты. Бұл жөнінде операцияға жетекшілік еткен армия генералы Хади Фадель мәлімдеді. Генералдың айтуынша, бірнеше сағатқа созылған ұрыста ондаған хоуситтер жер жастанған немесе тұтқынға алынған, жүздеген хоуситтер қашып құтылған. Әскерлер аумағы 40 шаршы шақырым болатын Әл-Анад базасынан хоуситтерді іздестіруде. Армия генералы әскерлер Йеменнің оңтүстігіндегі Лахдж және Абьян провинцияларын хоусит содырларынан толықтай тазартуға уәде беріп отыр. Ал шабуыл президент әскері Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен жаңа техника мен қару-жарақтар алғаннан кейін басталған.
Соңғы жаңалықтар