ПЕТРОПАВЛ. 23 маусым. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Шал ақын ауданына қарасты Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев атындағы ауылда болып, өзі оқыған мектептің материалдық-техникалық базасының жаңғыртылуымен танысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Білім ұясында екі жүзге жуық бала оқиды. Шағын орталықққа 30 бүлдіршін барады. Демек, аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекеннің болашағы зор деген сөз. Есімі өңірге танымал тұлға Мәркен Ахметбековтың есімін иеленген білім үйі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде күрделі жөндеуден өткен. Білікті мамандармен толықтырылған. Спорт залы, заманауи кабинеттер, мұражай жұмыс істейді. Жуырда балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бөлімшесі ашылып, ұлттық ойындар түрімен айналысуға жағдай жасалды.
Ерік Хамзаұлы екі қабатты ғимаратты аралап көргеннен кейін ұлағатты ұядан ұшқалы отырған 16 түлекке орта білімі туралы аттестатты салтанатты жағдайда тапсырды.
Ұжымға екі спорт тренажерін тарту етті.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.