06 Тамыз, 2015

Алтын қыранға айналған азамат

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда даңқты әскери ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновті туған күніне орай еске алды. 5-8-15-Talgat Bigeldinov 01 Қазақ халқының даңқты ұлы Талғат Жақыпбекұлы Бигел­ди­­новтің туған күні өзі өмірде қан­дай қарапайым болса, еске алу рәсімі де сондай қарапайым түрде өтті. Офицерлер үйінің фойесінің бір бұрышына қойылған ұшқыш аға өмірін өрнектейтін шағын ғана фотокөрме соның айғағы. Небары 22 жасында – бірінші, 23 жасында екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген халқымызды даңқты перзентінің көзі тірі болса, дәл кеше 93 жасқа толар еді... Бір ғана шоғыр жиналған Ұлы Отан соғысының ардагерлері арасынан Талғат ағаның замандасы болған майдангер Сейітқасым Боранқұлов, республикалық Генералдар кеңесі төрағасының орынбасары Махмұт Телеғұсов әскери ұшқыштың өткен өмірінен сыр шертіп, батырды еске алу жиынына әр берді. – КезіндеТалғат Бигелдинов бүкіл Кеңес Одағының мақта­нышы, абыройлы да даңқты азаматы саналды. Одан соң, тіпті, ТМД мемлекеттерінің барлығы да бірдей оған ерекше құрмет көрсетті. Осының өзі біздің жігерімізді жанитын, сезімімізге серпін беретін, – деді еске алу митингісінде Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Санжар Боқаев. – Талғат Бигелдинов – біздің ұрпақ үшін ерліктің символы. Біздің ұранымыз! Біздің – Алтын қыранымыз! Батырдың қызы Райхан Талғатқызы бізбен әңгімесінде: «Мен таяуда ғана әкем туралы кітап жазып біттім. Қа­зақ халқы сүйікті перзенті, жаужүрек әскери ұшқыш Тал­ғат Бигелдиновтің майданда­ғы ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі туралы көп біледі, тіпті, аңыз етіп айтып та жүреді. Ал мен бұл шығармамда аяулы әкемнің жеке тұлға ретінде, азамат ретінде өзім байқаған болмысын, өзім куә болған қасиеттерін айна-қатесіз тізбектеп бердім, – деді. – Оның ерлігін әрі есімін құрметтейтін қауымның жауынгерлер жиналатын саябаққа арнайы келіп, бізбен бірге Батырды еске алғанына орай білдіретін алғысымыз да шексіз». Еліміздің Әнұраны ойналып, қазақстандық генералдар кеңесінің мүшелері мен майдангерлер, Талғат Бигелдиновтің жа­қындары мен туыстары Мәңгі­лік алауға алқызыл гүл шоқтарын қойды. Салтанаттың соңында Офицерлер үйінде Генералдар кеңесінің демеушілігімен кинорежиссер Лаврентий Сон түсірген «Көкке көтерілу» атты деректі фильм көрсетілді. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Алматы. ––––––––––––– Суретте: Батырды еске алу сәтінен көрініс. Суретті түсірген автор.