18 Ақпан, 2015

Борандағы балбал тас

1406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_5692Жуырда Күршім ауданының Боран ауылына барғанымызда, баға жетпес жәдігерге кез болдық. Ауылда күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген мәдениет үйінің жанында балбал мүсін мен табиғи таңбалы тастар қойылған ашық аспан астындағы мұражай жасалып жатыр екен. Балбал тастарды Сарытаудан алып келіпті. Сарытау – Марқакөл тұнығы етегін шайып жатқан Алтай сілемдерінің бірі. Б.з.д. ІІ мыңжылдыққа тиесілі болуы мүмкін деп болжанған балбал тастар әзірше көне ескерткіш ретінде еш кітапқа енбеген, тізімге алынбаған. Тек жергілікті тұрғындарға таныс. – Бұлар – бульдозермен су ағатын тоғанды бекітіп жатқанда жер қыртысынан табылған тастар. Балбал тастарды дамбыға қарай итеріп жатыр екен. Бабаларымыздан қалған құнды мұраның мұндай күй кешіп жатқанына қарап тұруға дәтіміз бармады. Өйткені, су тисе бүлінеді, көрген жұрт қорасына іргетас қылып құйып жіберуі де мүмкін. Сондықтан басшылықтың рұқсатымен аспан астындағы мұра­жай жасауға алып келдім, – деді Боран ауылының әкімі Мақсат Ағиеков. IMG_5697Сарытаудағы дамбыны бекіту жұмыстары кезінде он екі балбал тас табылған екен. Аудан әкімі Алтайбек Сейітовтің айтуынша, таңбалы тастар Күршім ауда­нының аумағында жиі кездеседі. Әсіресе, Жылытау деген жерде ерте заманнан көп балбал мен таңбалы тастар қалған. Оған ешкім арнайы бара бермейді. Сондықтан, ауылға келетін қонақтар мен Марқакөл өңіріне ағылған туристердің тамашалауына ыңғайлы болуы және ел мен жер тарихын насихаттау мақсатында балбал тастардан мұражай жасау туралы ой туды. Бағзы замандағы бәдізші қашаған балбал тастың пошымы ерекше. Оң қолын жүрек тұсына қойып, белін буынған мүсінде бейбіт өмірдің нышаны мен биік ілтипат бар. Балбал мүсіннің бүйіріне әлдекім жазу жазып кетіпті. IMG_5700Осындай вандализмнен қорғау үшін де тастардың мәпелі қолға көшкені жөн болған сияқты. Балбал мүсіннің жанындағы таңбалы тастарға ежелгі суретшілердің шебер туындылары таңбаланған. Яғни, жерге енген тұсы қабарып, күн тиген жағы ашық түске енген тас­тардың бетінде қасқыр, елік, марал, барыс, ай мүйізді таутеке және аңшы бей­нелері көрініс тапқан. Ауыл әкімінің айтуынша, алдағы уақытта балбал мүсін мен таңбалы тастардың аумағы талапқа сай көріктендіріліп, қоршалатын болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы. Суреттерді түсірген автор.