20 Наурыз, 2015

Мұнайшылар өзгелерге үлгі болады

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымы өткен жылды табысты еңсеріп, биылғы жылды алдына зор мақсаттар қоюмен бастады. Өткен жылы өзінің 50 жылдық мерейтойы аясында өндірісті өркендетуге, мұнай өнімін арттыруға күш салды, нәтижесінде 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы 120 495 тонна мұнай артық өндірілді. Сондай-ақ, өндіріске бірқатар жаңа технологиялар енгізіліп, кәсіпшілік ішіндегі 300 шақырым құбыр жаңғыртылды және автопаркті жаңартуда жақсы жұмыстар іске асты, көліктік басқармалардағы техникаларды автобөлшекпен қамтудың тиімді әдісі іске қосылды, өндірісті автоматтандыру саласында біраз табыстар бар. 9L2A65632009 жылы қабылданған, «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағдарламасы аясында кәсіпорын құзырында құрылыстар қарқын алды. Мұнайшылар тамақтанатын жаңа асханалар салынып, қазір мұнайшылардың асханалары 100 пайызға жаңарды. Скважиналарды жер­асты жөндеу бригадаларының қызметкерлері үшін термостық жүйеде тамақтандыру жолға қойылып, мұнайшыларды ас-ауқатпен қамту мәселесі толығымен шешілді. Бағдарлама бойынша топтық қондырғы, сорғылар стансасы қызметкерлері үшін жаңа мәдени үйшіктер, операторлық блоктар бой көтере бастады. Бұл нысандарда жұмыскерлердің киім ауыстыруына, жуынып-шайынуына, аздап тынығуына толық жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмыс 85 пайызға еңсерілді деп айтуға болады. Компанияға қарасты Мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасы, №3 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасы, Химияландыру және экология басқармаларында әкімшілік-тұрмыстық кешендер, №3 Мұнай- газ өндіру басқармасының жаңа әкімшілік ғимараты іске қосылды. Қызылсай ауылы мұнайшыларының жұмысқа қатынауы үшін 50 орындық жаңа автостанса салынып, қаланың өндірістік аймағынан 1250 орындық жаңа автобекет пайдалануға берілді. Жыл сайын Жаңаөзен қаласына 750 миллион, Қарақия ауданына 150 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететін мекеме асфальт жол салу, абаттандыру, әлеуметтік нысандар салып беру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді. Мұнай бағасының түсуі салдарынан болуы мүмкін жағдайларды есептеп, қиындықтан шығу жолдарын қарастырған, жұмыс орындары мен жалақы көлемін қысқартпауға тырысқан «Өзенмұнайгаз» АҚ өз іштерінде жасалып жатқан жұмыстардың бастауын елдегі тыныштықтың, бір болашақ үшін жұмылған ауызбірліктің нәтижесі деп біледі. «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымы сәуір айында өтетін ел Президенті сайлауына қатысты бас қосты. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры М.Ибағаров өзінің сөзінде былай деді: – Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу – патриоттық акт. Сол себепті, елдің тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азамат өзі таңдаған кандидатқа дауыс беріп, маңызды саяси шарадан шет қалмауы тиіс. Біз, мұнайшылар, Жаңаөзендегі жалғыз қалақұраушы алып кәсіпорын ретінде өзгелерге үлгі болып, сайлауға белсенді қатысуымыз керек деп есептеймін. Арнайы үндеу қабылдаған ұжым қазақ­стан­дықтарды президенттік сайлауға бір кісідей атсалысуға шақырды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.