23 Маусым, 2015

Солтүстік Қазақстан Ресей өрт сөндірушілері бірлескен жаттығу өткізді

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
23.06.2015 SKO-5ПЕТРОПАВЛ. 23 маусым. Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарында төтенше жағдайлардың, қауіпті табиғи апаттардың алдын алу бойынша бірлескен оқулар, жаттығулар алғаш рет 2012 жылы өткен болатын.  Содан бері үзбей ұйымдастырылып келеді.Қос тарапқа пайдасы мол дәстүр биыл да жалғасын тапты.  Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары хабарлады. Жаздың ыстық күндеріне қарамастан Қорған облысы Петухов ауданы Зотина ауылына таяу жазық далаға құрамында 50 техника бірлігі, 180-ге жуық адам күші бар екі облыстың азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар, авариялық-құтқару қызметтері, жедел медициналық көмек бөлімшелерінің жеке құрамдары орналасып, қысқа нұсқаулықтардан кейін жедел іске кірісті.  Алдымен отты абайсыз пайдалану салдарынан қызыл жалынға   оранған орман алқаптарына жедел көмек келіп жетті. Табиғи апаттың екпінін қайтару үшін қолдағы күш пен техника құралдары ұтымды пайдаланылды.  «Тілсіз жаудың» салдарынан автожолда жолаушылары бар «Москвич» көлігі өртене бастағанын байқаған құтқарушылар бірден көмек қолын созды. Зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық жедел жәрдем көрсетіліп, Петухов аудандық орталық ауруханасына апарылды. Өртке қарсы қызмет бөлімдері осылайша бірлесе қимылдап, шеберліктерін көрсетті. Қысқа мерзім ішінде өрт ошақтары толығымен  жойылды. Өрт сөндіру штабы қалыптасқан жағдайды есепке ала отырып, оқу-жаттығу жұмыстарына үйлесімді басшылық етті. Қорған облыстық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Алексей Ткачев оқу-жаттығудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Қазақстан мен Ресейдің өрт сөндірушілерінің үйлесімді әрекетін, техниканы білікті басқаруын, оқу-жаттығу жетекшілерінің өртті сөндіру барысындағы оперативті жағдайды талдауын оң бағалады. Әріптестер орман өрттерімен күресу тәжірибесімен бөлісіп, орман шаруашылығы ұйымдарының арасындағы үйлестіру мәселелеріне ерекше тоқталды. Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Атығаев адам өміріне ерекше қауіп төндіретін табиғаттың айтып келмес тілсіз апаттарының алдын алудың маңыздылығына тоқталды. «Бүгінгі оқулар бірлескен күшпен төтенше жағдайларға қарсы күресте тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болатының көрсетті.  Екі мемлекеттің шекарасын өрт шалмайтынына сенімдіміз», деді Нұрлан Бауыржанұлы. Өмір Есқали. Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті.