АСТАНА. 3 шілде. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында «Президент» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Рәсімді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде аталмыш жинақтың бұдан 5 жыл бұрын жарыққа шыққан «Елбасы» деген кітаптың жалғасы іспеттес екенін айтты. Редакция бұған дейін тағы «Тәуелсіздік», «Салтанат», «Астана» және «Дінтұтқа» секілді жинақтар дайындаған болатын. Жалпы, бұл жылда осы мезгілде шығып келе жатқан серияның алтыншы кітабы болып табылады.
Басқосудағы бірінші сөзді аталмыш жинақтың жарыққа шығуына демеушілік көрсеткен мекеме - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры акционерлік қоғамының басқарушы директоры Дархан Қалетаев алды. Ол компанияның мұндай игілікті шараның дүниеге келуіне үлес қосқанын мақтан тұтатынын айта келіп, біздің еліміздің тұрғындары үшін бұл тақырыптағы кітаптардың әкелетін пайдасы ұшан-теңіз екеніне назар аударды. Ол сөзін: «Мен ойлаймын бұл кітап Президенттің 5 жылдағы өмірі ғана емес, 5 жыл ішіндегі қазақстандықтардың өмірі енгізілді. Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаттары арқылы, қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын боямасыз баяндады», – деп түйіндеді.
Шарада бұдан басқа, ақын Нұрқожа Ораз, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин, Парламент Сенатының депутаттары Жабал Ерғалиев, Әли Бектаев және Мұрат Мұхамедов, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, меценат Бекет Тұрғараев тұсауы кесіліп отырған кітап жайлы пікірлерін ортаға салды.
Талғат Райымбек.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Ерлан Омаров.