06 Тамыз, 2015

Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңа өнімнің алғашқы партиясы алынды

617 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздің мұнай өңдеу саласындағы тұңғыш кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауытында бірнеше сатылы қайта жаңғырту жобасы сәтті іске асырылып келеді. Алдымен, Жапонияның «Марубени Корпорейшн» компаниясы қайта жаңғырту жобасын іске асырған еді. Бұдан соң аталған зауытта Қытайдың «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын жүргізуді қолға алды. Осыған орай АтМӨЗ және «Синопек инжиниринг» компаниясы арасында өзара шартқа қол қойылды. Жоба бойынша кешен құрылысына салынатын инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл Елбасының 2015 жылға дейінгі мерзімде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған алғашқы жоба болуымен ерекшеленді.

011 (14)

Жобаны іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. Мұны мамандар жоба туралы әңгіме басталғаннан бері айтып келеді. Нақтылай айтқанда, алдымен жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізеді. Сонымен бірге, осы жоба арқылы АтМӨЗ-де шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стандарты деңгейіне жеткізуге болады. Ал экологиялық тұрғыдан айтқанда, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутегілер 35 пайыздан аспайды деп түсіндіреді мамандар. Бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірт мөлшері, қоршаған ортаға зиянды әсері азаяды. Еуро-4 стан­дар­тының талабы осындай. Дизель мен авиа­отын өндіру де ұлғай­тыл­мақ. Оның ішінде дизель көле­мін қосымша сутегі алу есебі­нен молайтуға мүмкіндік бар екен. Мотор майларының сапасы мұнай өнімдерінің түр-түрін көбейту есебінен жақсартылмақ. Соның ішінде Еуро-2 стандартына сәйкестендірілген Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 маркілі бензиндерінде бензол мен күкірттің мөлшерлі көрсеткіштері бойынша сапа қоры сақталады. Еуро-2,3,4 стандарттарымен шығарылатын қысқы және жазғы дизель отындарында қоспа қолданылмаса да 35 градустық салқында қатпайтындығымен ерекшеленеді. Сол себептен, экологиялық жағынан таза бұл өнімді жеңіл және жүк көліктеріне қолдануға әбден болады. Қазіргі кезде жылына 200 мың тоннаға дейін шығарылатын ТС-1 реактив отыны сутегінен тазартылып, керосинмен араластырылу арқылы тұтынушыға ұсынылмақ. Міне, мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту мен қоршаған ор­таға зия­нын шектеуді аталған жобаның бір артықшылығы деуге болады. Хош иісті көмірсутектер шы­ға­ратын кешені АтМӨЗ-дің мұ­най өңдеу қуатының молаюына да сеп болмақ. Себебі, 2003-2006 жыл­дар аралығында жүргізілген қай­та жаңғырту жобасының жал­ғасы болып есептелетін бұл кешен құрылысы Францияның «Axens» лицензиясын иеленген «Paramax BTX» технология­сы бойынша іске асырылды. Жо­баға кіретін каталикалық рифор­минг қондырғысы бензол бө­ліп шығаруға негізделген. Ал хош иісті көмірсутегін шыға­ратын кешен құрылысы аясын­да тұрғызылатын «Eluxyl» қондыр­ғысымен параксилол өнімі алы­нады. Бұған қоса ксилолдарды изомерлейтін «XyMax» қондыр­ғысы және толуолды тран­сал­килдеуге қажетті «Trans Plus» қондырғысын салу көзделді. Осы қондырғылар жобаның басты артықшылығын айқын­дай­ды. Осындай маңызы бар, әлемдік озық технологиялар қолда­ны­латындығы көзделген АтМӨЗ-дегі хош иісті көмірсутектер шы­ғаратын кешен құрылысы былтырғы жылдың аяғында іске қосылған еді. Жақында жаңа кешенде жаңа өнім – бензолдың алғашқы партиясы алынды. –Дәл қазір кешендегі технологиялық үдерістердің көп бөлігі қалыпты режімде тұр. Біз 103 бірлік санды октаны бар жоғары октанды компонент шығаратын боламыз. Бұл бізге АИ-80 бензинінің өндірісін тоқтатып, ел экономикасы үшін, жалпы, тұтынушылар үшін аса қажетті жоғары октанды бензин өндіруге көшуге мүмкіндік берді, –деп мәлім етті зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев. –Бұл жобаны іске асырудағы мақсат – К3 және К4 стандарттарына көшу үшін бензинінің экологиялық тұрғыдан ең зиянды бөлігі – бензолды бөліп алу. Енді міне, сол мақсатымыз орындалып, әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие, сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның болашақ мұнай-химия кластерінің басты шикізатының біріне айналатын бензолдың алғашқы партиясы алуға қол жеткіздік. Аталған жобаны іске асырған бас мердігер –«Синопек Инжиниринг» компаниясы филиалының директоры Чжэн Фуцян «Біз осы жобаны қолға алғанда алдымызға үлкен мақсат қойдық. Ең бастысы –жобаны мерзімінде сапалы орындау. Бүгін біз сол мақсатымызды орындадық. Бұл қондырғымен Қазақстанда бірінші рет К3 стандартты бензин, бензол, сығылған газ және т.б. өндіруге болады. Енді жақында параксилол өндіру қондырғысын, ал келесі жылдың соңына қарай мұнайды терең өңдеу кешенін (МТӨК) іске қосуды көздеп отырмыз», деген пікірімен бөлісті. Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаевтың айтуынша, бензол әлемдік нарықтағы ең қымбат тұратын өнімнің бірінен саналады. Өйткені, оны пластикалық қоспалар, химиялық талшықтар шығаруға кеңінен қолданылады. Осы кешенде шығарылатын екінші өнім – параксилол-бензолдан да бағалы, қымбат өнім. Аталған зауытта алғашқы партиясы алынған бензолдың құрамы –99,97%, яғни сапасы өте жоғары деуге толық негіз бар. Әзірге бензолды экспортқа шығару көзделіп отыр. Алдымен, әрине, Ресей, Қытай нарығына экспорттау нұсқалары қарастырылуда. Бұдан өзге Еуропа нарығына экспортталуы жоққа шығарылмайды. Себебі, әлемде бензолды шикізат ретінде тұтынатын елдердің қатары көп. Болашақта Атырау облысында мұнай-химия кешені іске қосылғанда мұнда жылына шығарылатын 133 мың тонна бензол ішкі нарықта шикізат ретінде қалдырылмақ екен. – Бұл бес технологиялық қондырғыдан тұратын ең ауқымды кешен, мұнда 270 адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмысқа тартылған адамдардың бір бөлігін зауыттың тәжірибелі мамандары құрайды, қалғаны Қытай мен Ресейдегі ірі зауыттарда бірнеше оқу кезеңдерінен, іс-тәжірибеден өткен қызметкерлер. Бәрі де жаңа кешен қондырғыларында жұмыс жасауға әзір, –деді зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев. –Болашақта осы кешенде жоғары октанды 750 мың тонна бензин шығаратын боламыз.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.