Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) ресми түрде мүше болып қабылданды. Ол биылғы маусым айының 22-інде аяқталған келіссөздің оң шешілуі арқасында мүмкін болды. «Бүгін Женевада жұмыс тобының қорытынды жиналысы болып өтті, онда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына байланысты келіссөздердің аяқталғаны жарияланды», – делінген сол тұста Ақорда хабарламасында. Сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы оқиғаға байланысты келіссөздердің аяқталуына орай үндеу жолдады. Бұдан бұрын мәлім етілгендей, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болып қабылдануы үшін дайындалған құжаттар дүйсенбі күні ұйымның бас кеңесі алдына ұсынылды. Онымен 161 мүше елдер өкілдері мұқият танысып шықты. Соңынан Мемлекет басшысы республиканың ДСҰ-ға кіруі туралы хаттамаға қол қойып, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберт Азеведамен бірге баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстан енді биылғы жылдың 31 қазаны күні ДСҰ-ға кіргені туралы хаттамаға ратификация жасайды. Сонымен, біздің еліміз аталмыш ұйымның толыққанды мүшесі болып табылады.
Айтылған уақыттың көзді ашып-жұмғанша жетіп келетіні анық. «Бұл Қазақстанның өзі «белгілеген» шектеулі мерзім. Ратификация жүзеге асырылғаннан кейін республика мұнымен ДСҰ-ның бас директорын хабардар етуі тиіс», – деді бұрнағы күні осы оқиғаға байланысты ДСҰ-ның ақпарат және сыртқы байланыс бөлімінің өкілі Мелисса Бегаг.
Осы хабарламадан кейін ғана 30 күндік есеп кезеңі басталады. Ол Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болғанға дейін басталуы тиіс. Ал мүшелікке өткені туралы хабарлама Кенияның астанасы – Найроби қаласында өтетін конференцияда жарияланады. «Алға қойылып отырған мақсат сондай, Қазақстан Найробидегі министрлер конференциясына толыққанды мүше ретінде қатысуға тиіс», – деп сөзін түйіндеді Мелисса Бегаг.
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауын 8,5 пайызға жеткізу құқығын қорғап шықты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері республиканың ұйымға мүше болып кіру жөніндегі келіссөз шеңберінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды ту етіп көтергеніне тоқталды. Министрліктегілер ауыл шаруашылығына «жасыл кәрзеңке» аясында мемлекеттік қолдаудың ешқандай кедергісіз жүзеге асырыла беруінің өзінің маңызы жоғары екеніне назар аударды.
Әлемнің ірі экономикасының бәрі халықаралық нормаларға сай келетін саясат жүргізіп отырған Қазақстанды қолайлы инвестициялық қалпы бар ел ретінде бағалады. Ал республика бұл жөніндегі өтінішті 1996 жылғы 29 қаңтарда берген еді. Сонда ұйыммен арадағы келіссөз 19 жылға созылған болып шығады. Міне, осыншама уақыт бойы екіжақты келіссөздердің ұдайы жүргізілуі арқылы мүмкін болған актінің мәреге жеткен күнінде жариялаған үндеуінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тағы бір тарихи оқиғаның қарсаңында тұрғанын атап өтті. «Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтадық, – деді Президент үндеуінде. – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады». Елбасы бұдан әрі қазіргі таңдағы әлемдегі сауда-саттықтың 90 пайызының Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің қатысуларымен жүргізіліп отырғанына баса назар аударды. Осыған орай Қазақстанның енді шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түсетіні айтылды. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. «Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік», – деп түйіндеді бір ойды Мемлекет басшысы. Шындығында Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу күллі Қазақстанның жеңісі еді. Елбасы атап өткендей, «Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар». Осы жылдарда Қазақстан жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтың бұралаң жолдарынан өтті. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіліп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Дегенмен, алдымызда әлі де көптеген ауқымды істер күтіп тұр. Ұйымға кіруге байланысты бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек. Дүниежүзілік сауда ұйымы – әлемдегі сауда саласына бақылау жасау функциясын атқаратын бірден-бір халықаралық ұйым. Оның негізгі мақсаты – сауданы одан әрі ырықтандыру және бәсекелестіктің әділ шарттарын қамтамасыз ету. ДСҰ 1947 жылдан жұмыс жасап келген тарифтар мен сауда жөніндегі бас уағдаластықтың (ГААТ) ізбасары болып табылады. Ол қазіргі сипатында 1994 жылдың 8 желтоқсанында құрылып, жұмысын 1994 жылдың 1 қаңтарынан бастады. ДСҰ-ның ГААТ-тан ерекшелігі, ол БҰҰ жүйесінің арнайы мекемесі ретінде өзінің заңды мәртебесін алды. Өзінің алдындағы құрылымға қарағанда, жаңа ұйымның міндеті мен қызмет саласы да айтарлықтай кеңейді. Айталық, ол сауда саласындағы тарифтер мен арбитраждық қызметтерінен бөлек, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, интеллектуалдық меншік саудасы секілді орталарды да барынша етене қамти бастады. Осы орайда ДСҰ-ның құрылуы жаһандану кезеңіндегі халықаралық қатынастардағы өзгерістердің өсе түсуінің өзіндік бір көрсеткіші сияқты болып көрінді. Сондықтан да ДСҰ-ны қатардағы көп жай ұйымның бірі емес, тауарлар мен қызмет көрсетудің халықаралық сауда сферасында үкіметтердің құқықтары мен міндеттерін анықтайтын көпжақты келісім ретінде қарастыруға да болады. Ал ДСҰ-ның құқықтық негізін 1994 жылғы редакциядағы тауарлармен сауда туралы бас уағдаластық, қызмет көрсету саудасы туралы бас уағдаластық, интеллектуалдық меншік құқығының сауда аспектісі туралы уағдаластық құжаттары құрайды. Аталған уағдаластықтар ұйымға кірген елдердің парламенттерінде бекітілуі қажет. ДСҰ-ның басты міндеттерінің біріне тауарлардың бір елден екінші елге бөгетсіз кіруін қамтамасыз ету, дотациялық сфераларға, оның ішінде ауыл шаруашылығына мемлекеттің протекционистік ықпалын азайтудан көрініс табатын халықаралық сауданы ырықтандыру жатады. Осыған орай «дүниежүзілік сауда клубы» қатарына өтудің кейбір мемлекеттердегі ең дәрменсіз салалар өкілдері тарапынан күшті қарсылыққа ұшырап тұратыны да заңдылық болса керек. Сондықтан кей жерлерде ДСҰ-ның іс-әрекетіне осы ракурста қарау көп адамды ойландырып та тастайды. Мәселен, ол баға бәсекелестігінің төмендеуіне, инфляцияның, жұмыссыздықтың өсуіне алып келетін, ұлттық кәсіпкерлікке, тұтастай алғанда, экономикаға қатер ретінде де қарастырылады. Дегенмен, жаһандық әлем шаруашылығы – бұл біздің дәуіріміздің өмір шындығы, ал әлемдік шаруашылық-экономикалық, қаржылық процестерге қатысудан шет қалу тек елдің экономикасының тығырыққа тірелуіне ғана емес, сонымен бірге оның апаттық тұрғыда қалып қоюы мен түптің түбінде жұтылып кетуіне апарып соқтырады. Осы орайда, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының Мемлекеттік бағдарламасын жасаушылардың пікірінше, «жаһандану дәуіріндегі жабық, оның үстіне шағын экономика, бастапқы капитализм кезеңінде қалып қоюы мүмкін... Жабық экономика саясатынан келетін зардап Қазақстанның 1990-жылдардың бас кезіндегі басынан өткізген қиыншылықтарынан да ауыр тиеді» дегенге саяды. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына бірден кіре салмауында да үлкен мән бар. Біздің еліміз ұйым жаңа құрылып жатқан кезде, 1996 жылдан бастап оның жұмысына бақылаушы мәртебесімен қатысты. Осыдан кейінгі 6 жыл ішінде республика оған кіру үдерісінің ақпараттық кезеңі мен бастапқы ұйымдық-процедуралық жұмыстарын бастан өткерді. Ал 2002 жылдан аталмыш ұйымға кіруінің нақты шарттарын анықтау жөніндегі келіссөз процесінің белсенді сатысына қадам басты. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне 36 мүше-ел жұмыс топтарының арасынан 16 ел келіссөздер жүргізуге ықылас танытты. Олардың арасында АҚШ, Канада, Швейцария, Жапония, Австралия, Латвия, Польша, Грузия, Болгария, Бразилия, Мексика, Чехия, Словакия, Эстония, Пәкстан мемлекеттері мен Еуропа одағы болды. ДСҰ-ның 135 мүше-елімен сауда қатынастарын жүргізіп келген Қазақстан үшін аталмыш ұйымға кірудің бірнеше маңызды себептері болғанын да айта кетуіміз керек. Бұл бірінші, ұйымға мүше-елдердің барлығымен қолайлы сауда режімін қалыптастыра түсу үшін керек. Мұның өзара сауданы дамыту үшін, әсіресе, инвестициялар тарту үшін, орын алатын кейбір сауда дауларын тиімді шешу үшін пайдасы болады. Осы ретте инвестициялардың өңдеу өндірісін бұрынғыдан да жоғары сатыларға көтеру үшін пайдаланылатынын айтқан ләзім. Сондай-ақ, кейбір елдердің қазақстандық өнімдерге қатысты қозғаулары ықтимал антидемпингтік әрекеттері жағдайында да дауды тез және қолайлы шешуге жол ашылады. Қазақстан экспортында шикізаттың, ал импортта дайын тауарлардың басым екендіктері белгілі. Мұның өзі біртіндеп тиімсіз баға пропорциясын туғызады. Сондықтан еліміздің ДСҰ-дан тысқары қалуы осы кезге дейін оның сыртқы саудасы мен экономикасы құрылымында осындай жоғалтуларға душар етіп келді. Мамандардың сарабы бойынша, Қазақстан көптеген шикізат тауарларына байланысты антидемпингтік таластардың өзінен ғана 550 млн. доллар жоғалтқан екен. Бұдан бөлек, еліміздегі кеден тарифтерінің орташа бағамы (8,4%), ДСҰ-ның бекіткен бағамынан да төмен (10%) екен. Қазақстанның сыртқы сауда құрылымының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол өз кезегінде келіссөз процесінің өзіндік бітіміне әсер етті. Бұл, біріншіден, оның тұрақты өткізу рыноктары бұрыннан қалыптасқан экономиканың шикізаттық сипаты. Республикада шикізатты экспорттау айтарлықтай рөл ойнайтындығына қарамастан, Қазақстанның Ресейден өзіндік ерекшелігі энергия көздеріне қатынастағы ішкі және сыртқы бағаларды теңестіру проблемасының жоқтығынан көрініс табады. Ал ДСҰ тарапынан аталмыш талап Қазақстанға қолданылмайды. Екіншіден, олар әлі де болса тарифтік жеңілдіктер мен қорғау шаралары түріндегі айтарлықтай мемлекеттік субсидиялауды қажет ететін шикізаттық емес сектордың әлсіздігі. Мұның өзі ДСҰ талаптарына қайшы келеді. Оның, әсіресе, экономиканың ауыл шаруашылық және азық-түліктік секторларына айрықша қатысы бар. Осы ретте Қазақстан мұны бастан кешіп отырған жалғыз ел емес. Ұйымға мүше дамыған елдердің өзі осы секторларды импорттан қорғаудың қатаң саясатын жүргізеді. Мәселен, осы салаға ішкі қолдау көрсету ауыл шаруашылық өнімдерінің АҚШ-та 44%, Еуропа одағында – 88%, Ресейде 30%-ды құрайды. 2004 жылдың 27-29 шілдесінде Женевада өткен ДСҰ-ның Бас кеңесінің мәжілісі аталмыш ұйымға мүше елдердің арасындағы ауыл шаруашылығын квоталау проблемасына арналды. Әлемдік экспорттық құрылымды сараптау барысы ондағы дайын өнімдердің басым екендігін (87%), ал шикізаттың үлесі (13%) ғана құрайтынын көрсетіп отыр. Сондықтан қазіргі таңдағы Қазақстанға отандық өнім шығарушыларды көптеп шығарумен бірге, оларды ұдайы қорғап отыру мәселесі барынша өзекті бола түседі. Осы ретте Қазақстан үшін аса пайдалы болмаса да, тарифтерді төмендетумен қатар, өзінің ішкі рыногын қорғау үшін басқа да құралдарды пайдаланудың өзектілігі зор бола бермек. Соның бірі импорттық тауарларды эскалацияландыру болып табылады. Ал оның мәні тарифтік бағамдарды өсірудің алып келіп жатқан өнімнің өңделу дәрежесіне сай болуына негізделеді. Былайша айтқанда, әкелініп жатқан импорттық тауарлардың өңделу дәрежесі жоғары болған сайын тарифтік бағамдар мен олардың бағалары да соғұрлым жоғары бола түседі. Оларды республикаға импорттау мүмкін емес. Бұл ретте елге аса қажет тауарлар тізімі жасалуы тиіс. Осы тізімнің үлкен бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдері құрайды. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын қорғау өзекті мәселелердің бірі болғаны абзал. Өйткені, ел тұрғындарының 43 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүреді және ауыл шаруашылығымен тікелей байланыста. Алайда осы жағдайда мемлекеттік дотациялардың төмендеуі өндірістің төмендеуіне, жұмыссыздықтың өсуіне, қалаларға миграциялық көшкіннің ұлғаюына және осының салдары ретіндегі әлеуметтік тұрақсыздықтың өрши түсуіне алып баратынын да ұмытпасақ керек. Бірақ, қалай дегенде, де Қазақстан үшін, күллі халқымыз үшін, оның ертеңі үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу үлкен жеңіс және алдағы күндерімізге берік негіз қалап алу болып табылады. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Елдің Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезінде ұйымға мүше болып кіруінің де жақсы нышандық мәні бар. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымының бір ерекшелігі өзара тиімді шарттар, ашықтық пен ұйымға мүше елдердің теңдігіне негізделген еркін сауда шараларын қамтамасыз ету мақсатында сауданың халықаралық ережелері мен тәртіп шараларын қалыптастыру болып табылады. Еркін сауда саясатының ішкі нарығы шағын және дүниежүзілік нарыққа шығуға мұқтаж Қазақстан үшін маңызды екені сөзсіз. Халықаралық құқыққа негізделген және алдын ала болжалатын ДСҰ шарттары Қазақстанға ішкі мүмкіндіктерді пайдалану негізінде сауда серіктерімен жарыста бәсеке қабілеттілігін көрсетуге мүмкіндік туғызады. Кез келген елдің ұйымға кіру мақсаты жекелеген басымдылықтарды пайдалану болатыны тағы аян. Осы ретте Қазақстанның бірқатар басымдылықтары да бар. Олар дамуға жағдай жасайтын дүниежүзілік шаруашылық пен дүниежүзілік құрылымдармен біріккен, ашық нарықтық экономика тән ел болып танылуымен қатар, Қазақстан ДСҰ-ның барлық мүшелерімен қарым-қатынас орнату барысында бірден ең қолайлы жағдай туғызу режімін иелену түрінен де көрінер еді. Бұған қоса, біздің еліміз өзінің тауарлары үшін тиімді транзит жолдарына ие болады. Оның республикадағы өңдеу өнеркәсібі отандық тауарларының сыртқы саудасын дамыту үшін аса маңызды болмағы да белгілі. Қазақстан үшін қысқа және орта мерзімді жоспарлар шеңберінде ДСҰ-ға кіру ең алдымен өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық өндірісті дамыту мақсатында инвестицияларды пайдалану тұрғысынан маңызды болмақ. Еліміздің экспорттық тауарларына, ең алдымен антидемпинг тексерістері барысында қолданылатын сауда дауларына қатысты ұтатын жақтарымызды жоғарыда айттық. Енді ДСҰ белгілеген рәсімдер шеңберінде дау-дамайларды әділетті жолмен шешуге жағдай жасалады. ДСҰ-ға кірісімен Қазақстан ұлттық мүдделерді басшылыққа ала отырып, дүниежүзілік сауданы реттейтін ережелерді жетілдіруде қатысуға құқықты иеленуге жоспарлай алатын болады. Сонымен қатар, сыртқы экономикалық саясат пен үкіметтер, ДСҰ-ға мүше елдерінің ниеттері туралы күнделікті ақпаратты алу мүмкіншілігі пайда болып, нәтижелі сауда саясатын ұстануға жағдай жасайды. Бұдан әрі ішкі нарықтағы озық технологиялар, тауарлар, қызметтер мен ішкі инвестициялардың ендірілуін белсенділендіру нәтижесінде ұлттық өнімнің сапасы мен бәсеке қабілеттілігін жоғарылату үшін жағдай жасау, халықаралық сапа стандарттарын ендіру жүзеге асады. Импорт көлемінің ұлғаюы нәтижесінде тұтынушылар бағасы төмендеу тауарларға қол жеткізеді. Мұның бәрі елдің бұдан әрі дами түсуі үшін аз серпін бермейді. Оларды тек өзімізге тиімді етіп пайдалана білуіміз керек.
Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».