АҚТӨБЕ. 23 маусым. Ақтөбеде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына арналған XVIII облыстық жастар мен студенттердің «Жас дәурен-2015» фестивалі жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Шара қаладағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында Фестиваль 18 жыл бойы облыс бойынша жас ерекшеліктері 16-29 аралығындағы талантты өнерпаздардың басын қосып келеді. Биыл шығармашыл жастар эстрада-вокал, аспаптық өнер, (үрмелі, халықтық т.б.), рэп, битбокс, көше билері, сән театры номинациялары бойынша сынға түсті.
Фестивальда эстрада-вокал номинациясы бойынша бас жүлде гуманитарлық колледж студенті Серікболсын Рашидке бұйырса, көше билері номинациясы бойынша бас жүлдені хромтаулық Бисен Байбосынов иеленді. «Сән театры» және аспаптық өнер номинациялары бойынша А.Жұбанова атындағы музыка колледжінің «Шабыт» домбырашылар ансамблі және Ақтөбе қаласындағы «Бренд Малика Дуйсенбаева» жеке кәсіпкерлігі бірінші дәрежелі лауреат атанды.
Сондай-ақ, рэп және битбокс жанрындағы орындаушы жастар да арнайы жүлделерге ие болды. Фестиваль барысында Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздарына, облыс мәдениеті мен өнерінің дамуына, қазақстандық патриотизмді насихаттауға елеулі үлес қосқан белсенді жас мамандарға, үздік жастардың өкілдеріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Олардың арасында Ойыл аудандық мәдениет үйінің қызметкері Ермұханбет Махметов, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Әсет Сисенов, Шалқар аудандық мәдениет үйі жанындағы «Салтанат» бишілер тобының жетекшісі Салтанат Әлібекова және басқалары бар.
Салтанатты марапаттау рәсіміне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан қатысты. Шара соңы гла-концертке ұласты.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.