________________________
ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ
Бүгінде барша қазақстандықтардың назары елордамыз Астананың туған күні салтанатына ауған. Жетісулықтар осы мерейге өзіндік мазмұнды мәдени шара ұйымдастырып, оның көкжиегін кеңейтуді мақсат еткені бірден көзге түседі. Қала сән-салтанатымен көз тартып, айшықты, мағынасы терең көрнекіліктермен безендірілсе, жастар жағы тың ойларымен таңқалдырып отыр. “Жас Отан” жастар қанаты мен “Жетісу жастары” орталығы “Елордаға тілек” атты республикалық акция шеңберінде “Астанаға ақ тілек” ауқымымен өңірдегі жастардың жігерін жанып, біріктіруде. Талдықорған қаласында “Бірлігіміз жарасқан!” ұранымен Астананың мерейтойына ізгі тілек білдіргісі келгендердің басы қосылды. Әр жүректен шыққан ыстық лебіз өңірдің картасы бейнеленген макетке маржандай төгілді. Құттықтау, арнау сөздерін жазғандардың арасында алуан мамандық иелері, қария мен ана, әр ұлттың өкілін кездестіресің. Олар бүгінгі еліміздегі бейбітшілікті, достықты, ынтымақты қолдап, замандастарын отансүйгіштікке, елжандылыққа үндеді. Қазіргі кезде мұндай үрдіс барлық жерде ұйымдастырылуда. Мақсат – әр облыс өзінің картасын Астанаға жібереді. Осы карта шілде айының басында Қазақстанның тұтас картасы ретінде құрастырылады. Астана күні оған қызығушылық білдірген елордалықтар мен қонақтар тамашалайды, деген облыстық “Жетісу жастары” орталығының мүшелері әр ниетке асқан ілтипатпен қарады. – Мен Талдықорғанға қонаққа келдім. Шаһарлықтардың бастамасына үн қосып, өз тілегімді жаздым. Әсем Астанамыз жайнасын. Бүгінгі ақ тілек саған арналады, елорда. Ал, осы ел жүрегінің жайнап, жасарғанына бастаушы болған Елбасымыз аман, заман тыныш болсын. Мен әлі мектепте оқимын. Бітіргенде Астанадағы жаңа оқу ордасына түсемін, – дейді Жібек Абай. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы._______________________
ЕЛ ҚУАТЫН ЕСЕЛЕЙМІЗ Екі күн бойы облыс орталығының әсем де көркі көз тартар Ертіс өзені жағалауындағы алаңға жүздері жарқын алау жастық көңілмен жастар легі жиналды. Мұның алдында “Жас Отан” жастар қанаты облыстық әкімдіктің қолдауымен бірқатар патриоттық шаралар өткізді. Ресейдің “Молодая гвардия” қоғамдық ұйымының өкілдері қазақ жастарымен кездесті. Ал қала халқы болса, маусым айы бойы өтіп жатқан мұндай көңілді көріністерге таңдана да, қызыға да қарады. Жалпы, еліміз бойынша өтіп жатқан “Бірлігіміз жарасқан!” атты патриоттар айлығы жастар бас қосатын форумға айналғалы бері жағалау маңайы да тынымсыз. Көңілді, мерекелі, сән-салтанатты. Тек жастар ғана емес, үлкен-кіші де облыс орталығында болып жатқан мәні зор, мазмұнды шаралардан құр қалғылары келмегендей, асыға жеткендері көрініп тұр. Қолдарына “Бірлігіміз жарасқан”, “Елбасымен біргеміз”, “Денсаулығы мықты ел мықты” атты жазулар көтерген жастар легі ұзыннан-ұзақ шеру тартып облыс орталығындағы осы алаңнан сап түзеп шығып, қала көшелерін аралап өтті. Олардың арасында жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, колледж, мектеп оқушылары бар. Олар бүгін алаңға не үшін жиналғандарын бізге былай деп айтып берді: 26 маусым күні бүкіл еліміз бойынша есірткіге және нашақорлыққа қарсы шаралар, түрлі ойын-сауық бағдарламалары аясында өткізілуде. Жалпы, нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күнін әлем елдері 1987 жылдан бері атап келеді. Сол үшін де біз қала жастары бірлесіп аталған індетке қарсылық білдіру мақсатында алаңға келдік. Ел мүддесін қорғау, саламатты да мықты қоғам құру – міндет. Бұл індеттің жайылып кетпеуін өскін жастарға осындай шерулер өткізіп ұғындырған дұрыс, мұны халық та, қоғам да назарға алу керек. Сондықтан біз “Бірлігіміз жарасқан” форумы аясында “Денсаулық – жастар қуаты” атты бағдарлама жасап, нашақорлықтың алдын алу мақсатында есірткіге қарсылықтарын білдірді. Қалалық ішкі саясат басқармасының бастығы Роза Шамкенованың айтуынша, облыс орталығындағы мектептерде, колледждерде есірткіге, нашақорлыққа қарсы түрлі акциялар, шаралар, денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері келіп лекциялар өткізіп тұрады. Жас буын бұндай індетке жоламаулары керектігін кішкентайларынан біліп өсулері керек. Осындай шаралардың өткізілуінің басты мақсаты – саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Жастардың өздері өткізіп жатқан бұл қарсылық акциясы сабақ. Саламатты өмір салтының жарқын үлгісі. Жеңіл атлетикадан жарыс ұйымдастырылды, жағалау бойымен жүгірген жастардың арасында үлкендер де кездеседі. Стритбол ойнап шыныққан жастар да жүр. Қазір бұл ойынға құмар жастарды облыс орталығының әр жерінен көруге болады. Жағалауда құмдағы футбол, волейбол ойындары да қызықты өтті. Ал екінші бір жастар легі көше аралаған шеруден соң, жағалауға қайта оралды. Сол жерде “Мен – жұлдызбын” атты бағдарламаға қатысып, тірі дауыста әртүрлі тілде өлеңдер орындады. Алаңда өздерін флеш-моб жүйесі бойынша жаңа заман үлгісінде танытқысы келген әртүрлі әуендер бағытындағы рок, рэп, битбоксерлер, брейкерлер, тектоник билерін билеушілер көбейді. Әрине, қалалық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған бұл шара жастар үшін сабақ боларлық, үйренерлік жақсы бір мереке болып өтті. Алғашқы күні өткен “Бірлігіміз жарасқан” форумының соңы – келесі күні “Тәуелсіз елдің жастары” атты жастар мерекесіне ұласты. Жағалаудан ұшқан түрлі-түсті отшашу жарқ-жұрқ етіп көкке өрледі. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.____________________________________
ЖАСТАР ЖАМАН ӘДЕТТЕН ЖИРЕНЕДІ “Президент командасы саламатты да тегеурінді Қазақстан үшін” акциясына үш мыңнан астам жас қатысып, белсенділік танытты Мемлекет басшысының жолдауларында саламатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, жастарды жақсы бастамаларға қатыстыру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып, қолдау көрсетілгені белгілі. Көрсетілген сенім биігінен көріну мақсатында жастар да жақсы істердің өмірге келуіне мұрындық болуда. Соның бір айғағы Талдықорған қаласында есірткі дерті және есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытындағы шеру мақсатына жетті деуге болады. “Президент командасы саламатты да тегеурінді Қазақстан үшін!” акциясын ұйымдастырғандар қоғамның келешегі – жас ұрпақ арасында саламатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру, түрлі спорт ойындарына бауыр басып, шынығып өсуі кеңінен әңгімеленді. Шаһардың орталық алаңында өткен акцияға үш мыңнан астам жастың қатысуы оның өзегіне айналды. Денсаулық сақтау қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым, “Жасыл ел” қозғалысы, этномәдени бірлестік мүшелері мен жастар бір ауыздан ХХІ ғасырдың індеті – есірткі дертіне қарсылық білдірді. Аталған тажал талай жас өмірдің тамырына балта шауып, өзекті өртеп, ортасын қайғы-мұңға салғаны нанымды бейнеленіп, театрландырылған көрініс барысында тиянағын тапты. Жастар бірлестіктерінің белсенді өкілдері есірткіні пайдалану мен таратудың қоғамға келтіретін зияны жайлы ойларын ортаға салды. Есірткі дерті және есірткі бизнесіне қарсы ұйымдастырған шарада облыстық наркологиялық диспансердің, саламатты өмір салты орталығы, қалалық емхана, өкпе ауруы диспансері дәрігерлері медициналық кеңестер беріп, жастармен еш бөгетсіз әңгіме-дүкен құрды. Ал, облыстық “Дос” жастар денсаулығы орталығының мамандары ұйымдастырған тақырыпқа байланысты викторина қызықты болып, жастар белсенділігімен жалғасып жатты. Сонымен қатар, ақпараттық-насихаттық тұрғыдағы таратылған буклеттер де мазмұндылығымен айқындалды. Қазақстанның болашағы – жастар. Демек, олардың көзқарасы берік, елжандылық қасиеті басым, белсенді болуы шарт деуге болады. Отбасы, ошақ қасынан берілген тәлімді тәрбие осылай жетілдірілсе, онда ұрпағымыз бүгінгі күннің талабына адал болатыны даусыз. Әрине, бұл жөнінде өңірде көптеген жұмыстар қолға алынған. Нәтижесінде, жыл басынан бері осы тақырыпқа байланысты 190 шара өткізілсе, “Жастар есірткіге қарсы” денсаулық айлығы, “Біз саламатты өмір салтын қолдаймыз”, “Шылымсыз ғұмыр” акциясы, “Біз Қазақстанның болашағы үшін тер төгеміз”, “Елбасының саясатын қолдап, өз үлесімізді қосамыз” деген тақырыптардағы шерулер мен кездесулердің тәрбиелік мәні терең екені түсінікті. Аталған шараларды облыстық ішкі саясат басқармасы мен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы, азаматтық қоғам институтының өкілдері қатысып, оның мән-маңызын тереңдетті. Өңір жастары әрдайым Елбасының Жолдауын халық арасында насихаттауға өз үлестерін қосып келеді. Осы орайда жастардан құралған ақпараттық-насихаттық бригада облыстың жеті өңірінде өз жұмыстарын жүргізіп, тындырымдылықтарымен танылды. Жасыратыны жоқ, есірткіге қарсы күрес бүгінде баршаны алаңдатуда. Сол үшін оның жолын кесу бағытында бағдарлы жұмыс осылай өрістесе, қане. Болашақ бағдарлы болса, өмір де көрікті. Осы мақсатты көздеген акция алға қойған мақсатына жетті деуге негіз бар. Күмісжан БАЙЖАН. ТАЛДЫҚОРҒАН.