08 Мамыр, 2015

Ұмыт қалған батырлар

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

egemen (48)egemen (49)

Елордадағы Ұлттық музейде белгілі саясаткер Берік Әбдіғалиұлының «Ұмыт қалған батырлар» («Забытые герои») атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапқа Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, алайда, әртүрлі себептермен ала алмай қалған қазақстандық хас батырлар туралы материалдар топтастырылған. Сондай-ақ, бір сөзбен айтқанда жинаққа «Халық батыры» акциясы аясында анықталған 10 отандасымызға қатысты құжаттар мен нақты айғақтар топтастырылған екен. Бұлардың басым бөлігі қазақстандықтар үшін әлі де болса беймәлім күйінде қалып отырғанын еске сала кетсек дейміз. Кітапта Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан алынған материалдары мен құнды құжаттары тұңғыш рет жарияланып отырғаны және бар.

Салтанатты шараны аталмыш музей директоры Дархан Мыңбай ашып, кітап туралы жан-жақты мәлімет берді. Ол өз сөзінде, ел қорғаған ерен ерлеріміздің ерлігін халық жадында сақтау үшін тек Жеңіс күнінде ғана емес, үздіксіз насихат жұмысын жүргізу қажет екенін баса айтты.

Басқосу барысында жоба авторы Берік Әбдіғалиұлы: «Бұл жауынгерлердің барлығы да жан аямай ерлік көрсеткен батырлар деуге болады. Жас ұрпақ сол қаһармандарға қарап бой түзейді. Мақтан етеді. Отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлігі өз дәрежесінде дәріптелуі тиіс. Негізінен бұл жинаққа Мәскеуден алынған құжаттар жинақталған», деді.

Жоба авторының осыдан бес жыл бұрын Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры қызметін атқарып тұрған кезінде қолға алған «Халық батыры» бағыты бойынша Жеңістің 70 жылдығы аясында жүзеге асып отыр. Жобаға «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты мен «Байкадам Холдинг» компаниясы үлкен қолдау білдіріпті. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш игі шара соңы «Жеңіске құрмет» атты көрмеге ұласты. Музейдің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында ашылған бұл көрме негізі 2 бөлімнен тұрады. Көрменің бірінші бөлімінде «Қазақстан соғыс жылдарында» тақырыбын қамтып қазақстандық дивизия жауынгерлерінің суреттері, мұрағаттық құжаттары, ұрыс жолдары, карталар көрініс тапса, екінші бөлім «1942-1943 жылдардағы Сталинград шайқасының» фотоларынан құралыпты.

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.