23 Маусым, 2015

Футбол. Астанада Қазақстан Президентінің Кубогы үшін турнир өтуде

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
23-06-2015-prezident cup 01АСТАНА. 23 маусым. Кеше Астанада футболдан 17 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасында Қазақстан Президентінің Кубогы үшін халықаралық турнир басталды. Биыл VIII рет ұйымдастырылған жарысқа 8 мемлекет қатысуда. Бұл туралы ras.kz хабарлады. Қатысушы командалар екі топқа бөлінді. Оның біріншісінде Беларусь, Әзербайжан, Ресей-2, Грузия командалары болса, екіншісіне Испания, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан жастары топтасқан. Испан маманы Карлос Марторелла жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы алғашқы ойынын Қырғызстанға қарсы өткізді. Бұл ойында есепті қонақтар ашты. Кездесудің 25-минутында Эмир Шыгайбаев мергендігімен көзге түсіп, командасын есепте алға шығарды. Ал алаң иелері тек 68-минутта ғана таразы басын теңестіруге мүмкіндік тапты. Нәтижелі соққының авторы – Сағадат Тұрсынбай. Арада үш минут өткен кезде қазақ ұландары екінші голдарын соқты. Бұл жолы доп Мәди Жақыпбаевтың еншісіне жазылды. Ойынның нүктесін 80-минутта Қазақстан футболшысы Мұхит Жақсылық қойды. Нәтижесінде жастарымыз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Кеше өткен өзге ойындардың нәтижелері төмендегідей: Беларусь – Әзербайжан 1:3 Голдар: Ксенофонтов 4 – Мехдиев 23, Асадов 30, Гулер 78. Испания – Тәжікстан 3:0 Голдар: Алехандро 13, Барталонэ 71, Брандариц 79. Ресей-2 – Грузия 0:2 Голдар: Кимеридзе 13, Харабадзе 35. Бүгін 2-тур аясында Беларусь Грузиядан 1:2 есебімен жеңілсе (голдар: Казаков 17 – Спандерашвили 16, Харабадзе 58), Әзербайжан Ресейдің екінші құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті (гол: Оксуз 16). Дәл қазір Тәжікстан мен Қырғызстан футболшылары күш сынасуда. Ал Қазақстан – Испания ойыны сағат 19:00-де басталады. Соңғы тур ойындары 25 маусымда ойналады. Бұл сында Грузия – Әзербайжан, Ресей-2 – Беларусь, Испания – Қырғызстан және Қазақстан – Тәжікстан арасындағы ойындарға куә боламыз. Турнирдің финалдық кезеңі 26 маусымға жоспарланған. Әр топтағы бірінші орын алған командалар финалда ойнаса, 2-сатыға табан тіреген құрамалар қола жүлде үшін бақ сынайды. Қалған орындар да осы тәртіп бойынша сарапқа салынады. Еламан Қоңыр. Дерек: ras.kz. Сурет: presidentcup.kz.