23 Маусым, 2015

Қостанайда «Ата» қоғамдық қоры өзінің 10 жылдығын атап өтті (фото)

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
23.06.2015 QOS-2ҚОСТАНАЙ. 23 маусым. «Ата» қоры өзінің 10 жылдық мерекесін атап өтті. Салтанатқа Ұлы отан соғысы, тыл және еңбек ардагерлері немерелерімен бірге келді.  Сонымен қатар Ресейден де қонақтар шақырылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Облыс орталығындағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының көрнекті залында «Ата» қорының онжылдығы және осы мерейтойға арналған «Қалдырған ізі мәңгілік» атты кітап пен фильмнің тұсаукесері өтті.  Оған «Ата» қоры қамқорлық жасайтын ардагерлер, қала басшылары қатысты. 23.06.2015 QOS-3«Ата» қорының төрағасы және жалғыз құрылтайшысы Марат Қабдысалықов: «Біз Ұлы Отан соғысында Отанымызды қорғаған және тылда майдан үшін тынымсыз еңбек еткен, одан кейінгі жылдары еңбек үлгісін көрсеткен аға буын өкілдері — ардагерлеріміз алдында мәңгілік қарыздармыз. «Ата» қоры сол үшін құрылған болатын. Міне он жыл. Біз шығарған кітап пен фильмде ардагерлерімізбен қатар қордың тарихы, он жыл бойы істеген жұмысы туралы айтылады деді. Жиналғандар фильмді тамашалады.  «Ата» қоры ардагерлерге әлеуметтік көмек берумен қатар, соңғы жылдары олардың демалысын ұйымдастырды. Үлкен, жайлы автобуспен қарттарды Астанаға, Қостанай қаласының сыртындағы табиғат аясына, Бурабайға, Челябіге апарды. Ауруханаға түскен қарияларға дәрі-дәрмегін, тамағын апарып беретін де «Ата» қоры болды, қарайтыны жоқ қариялар о дүниелік болғанда оларды соңғы сапарға аттандыруды да өз мойынына алып отырады. Фильмде сөйлеген қариялар «Ата» қорының көрсеткен қамқорлығын   кейде өз жақындарынан да көрмейтінін ақжарылып айтты.  Мұндай қоғамдық қордың  елімізде баламасы жоқ деуге де болады. Салтанатта сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин «Ата» қорының  жұмысы қазақстандық патриотизмнің бір үлгісі екенні  тілге тиек етті. Кенжебек Укин: «Арамызда ұлы Отан соғысында осы бейбіт заман үшін оқ пен от кешкен 300-ден аса майдангерлер және тылда аянбай еңбек еткен 10 мыңнан аса тыл еңбекккерлері жүр. Соған шүкірлік етеміз. Соғысқа Қостанайдан 73,5 мың адам кетіп, соның 27 мыңнан астамы қайтып оралмады, 16 мың жауынгер  хабарсыз кетті. Бүгін 22 маусым — Ұлы Отан соғысының басталған күні. Көңілге ауыр тиетін күн. Біз соғыс құрбандарын ұмытпауымыз, олардың аруағына тағзым етуіміз керек, ал арамызда жүрген майдангерлерге қандай құрмет те артық емес» деді. Кенжебек Үкіұлы сонымен қатар Ресейдегі 28 панфиловшылар ерлігі тарихын жоққа шығарған қауесетке ренішін білдірді.  Ондай әңгімелер елдің арасын ірітумен қатар, кейінгі ұрпаққа дұрыс тәрбие болмайтындығын айта келіп, елді қорғау үшін жанын қиған аталарымыздың аруағына қиянат екенін де күйіне айтты. Салтанаттан кейін «Ата» қоры мен облыстық ардагерлер кеңесі бірігіп, ардагерлерге  дастархан жайды. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz