Ертең Ресей астанасы – Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған парад өтеді. Оған Қазақстаннан алты майдангер қатысады. Қарт жауынгерлердің арасынан үлкен шеруге қатысу кім-кім үшін де үлкен құрмет екені анық.
Нөмірде қазақстандық алты майдангердің үшеуі туралы мақала жарияланып отыр.
Астана ардагерлері атынан Мәскеу қаласындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге қатысатын ақсақалды іздеп, бұрынғы Л.Мирзоян, қазіргі Қаныш Сәтбаев көшесіндегі 10 қабатты үйдің жетінші қабатына көтерілдік. Есікті уақыт салмағымен еңкіш тартса да иілмеген, аңқылдаған Ахат Бекмәдияұлының өзі ашты. Тоқсанның төріне озса да Ахат қария қалжырамаған екен, екі бетінен қан тамып тұр. Соғыстың зардабынан болса керек, бір аяғын сылтып басқаны болмаса, жүрісі де жинақы, сөзі де ширақ. «Сүйегі асыл ғой» деген қанатты сөзді атам қазақ осындай қайыспас қара нардай қарттарына қарата айтса керек...
Ахат ақсақал 1923 жылдың 1 қыркүйегінде осы Астананың іргесіндегі Астрахан (ол кезеңде Калинин аталған) ауданының Қазқоскөл ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Бекмәдия Атбасардағы қызыл милиция құрамында Кеңес өкіметін құруға қатысқан көзі ашық, белсенді адам болыпты. Бастапқыда Атбасар қаласындағы мектеп-интернатта оқып, кейіннен Толқынкөлдегі жетіжылдық орыс мектебін бітірген Ахат Бекмәдияұлы 1939 жылы 16 жасында Қызылжар қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оқу жартылай ақылы екен. Бір жылғы 150 рубль қаржы төлеу керек. Содан күндіз оқу оқып, түнде жұмыс істеуге тура келді. «Мекемелерге жалданып, құжаттарын реттеп, көшіріп жаздым. Түнімен мекемелердің пештерін жағып, кеңселерін жылыттым. Стансаға барып, отқа жағуға арналған вагон-вагон ағаштарды түсірдім. Әйтеуір, оқудан шығып қалмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым, – дейді Ахат ақсақал қиын кезеңнің естелігін санасында жаңғыртып.
«Ауыр еңбек, ашқұрсақ күйде жүрсек те, бейбіт күнімізге шүкіршілік етуші едік. Ол күнімізді де көп көрген сияқты. Дүниені дүр сілкінтіп, соғыс басталды. Петропавл қаласының ортасында орналасқан педучилищенің қос қабатты ғимаратын Ресейден көшірілген ұшқыштар даярлайтын училищеге берді. Бізді сол жылдың күзінде Көкшетау педучилищесіне көшірді. Кездескен қиындықтар мен ауыртпалықтардың барлығына төзіп, қайткенде де педучилищені бітіріп шығуға бар күш-жігерімді салдым. Осы ерен еңбегімнің өтеуі өмірімді сақтап қалуға себепкер болғанын алдағы уақыт тәжірибесі дәлелдеді»... Аумалы-төкпелі заман шежіресін көз алдынан қинала өткізіп, осылай деген Ахат ақсақал ауыр күрсінді.
1942 жылдың мамыр айында мұғалімдер училищесін үздік бітірген Ахат туған ауылына оралды. Алайда алған мамандығы бойынша еңбекке араласу қол жетпес арманға айналды. Ауылға келгеннен кейін бір айдан соң Ахат әскер қатарына шақыру қағазын алып, майданға аттанды. Ақмола қаласында жасақталған 90-шы жаяу әскер полкының құрамында бір айдан кейін Волга бойындағы Сызрань қаласына әкеліп, әскери жаттығуларға үйрете бастады. Әскери ескі-құсқы киім таратты, мылтық жоқ. Содан бір күні эшелонға тиеп, Тула қаласына әкелді. Жолда бірнеше рет эшелонды жау ұшақтары бомбылады. Қаруы жоқ жауынгерлердің бар қолдан келетіні, жау ұшақтары эшелонды бомбылай бастағанда жақын маңдағы орман-тоғайға тым-тырақай қашу. Алғы шепке жетпей-ақ бомба жарықшақтарынан мерт болған жауынгерлер жол бойы жаусап қалды.
«Біз мінген эшелон алғы шетке жақындап келіп тоқтады. Алдыңғы шептен атылған оқ, жарылған снарядтың дауысын да еститін болдық. Сонда да мылтық беретін түрлері жоқ. «Осылар бізді соғысқа мылтықсыз апарып салар ма екен?» деген күдігіміз де жоқ емес. Тағы да жау ұшақтары бомбылай бастады. Осындай бір сәтте эшелонды қорғайтын зенитшілер жаудың бір ұшағын атып түсірді. Отқа оранған жау ұшағынан екі-үш неміс парашюттен секіріп, біз тығылған орманның шетіне түсті. Біздің ротаға жау ұшқыштарын қоршап, тұтқынға алу міндетті жүктелді. Біз неміс ұшқыштарын жылдам-ақ тауып, қоршауға алдық.
Бірақ қос-қос тапаншадан оқ жаудырған немістер жанына жолатар емес. Қаумалаған бірнеше жауынгер оққа ұшты. Қарсылық көрсететін мылтығымыз жоқ. Тек айғайлап, қолымызға іліккен ағаш сынықтарын лақтырып, қорқытқан боламыз. Сөйтіп жүзге жуық мылтықсыз жауынгер мұздай қаруланған екі немісті ала алмай бірнеше сағат әуреге түстік. Ақыры жанкешті азаматтар қапысын тауып, жараланғандарына қарамастан екі немісті қарусыздандырып үлгеріпті. Міне, менің жаумен бетпе-бет кездескен алғашқы шайқасым осылай басталған еді...
1942 жылдың шілде айында Мәскеу бағытындағы қиян-кескі ұрысқа араластық. Автоматшылар взводының құрамында жау бекінген биіктікті алу үшін шайқасқа кірістік. Қарша бораған оқ толас тапқан бір сәтте «уралап» қарсы шабуылға шықтық. Биіктіктегі жау окобына таяқ тастам жер қалғанда, жүгіріп келе жатқан бойы омақаса құладым. Белден ауыр жараланып, госпитальда есімді жидым. Содан Ряжеск деген қалада бірнеше ай бойы госпитальде жаттым.
Госпитальдан шыққаннан кейін мені кіші командирлер даярлайтын қысқа мерзімді курсқа жіберді. Бір айдан кейін 1943 жылдың сәуірінде сержан атағын беріп, жаңадан жасақталып жатқан әскери құраманың бөлімше командирі етіп тағайындады. Содан атақты Курск доғасындағы қанқасап соғысқа кірістік.
Таң қылаң бере бастағанда, мыңдаған зеңбіректер күндей күркіреп, жау бекінісіне қарай от боратты. Жарты сағатқа созылған жойқын артиллериялық отшашудан кейін біздің үр жаңа резервтік армиямыз шабуылға шықты. Өңкей тәжірибелі, талай-талай ұрыстарға қатысып, тіс қаққан жауынгерлерден тұратын бөлімшемді бастап немістің алғашқы бекінісіне бірінші болып жеттік. Сол үшін алғаш рет «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталдым. Курск доғасында болған сансыз шайқастардың бірінде ауыр жараланып, қайтадан госпитальге түстім.
Алғашқыда Тула, одан кейін Новосибирск госпитальдерінде ұзақ емделдім. 1944 жылы үкіметтің мұғалім, инженер сияқты мамандарды әскерден босату туралы қаулысы шықты. Сол жылдың наурыз айында маман мұғалім ретінде мені де әскерден босатты. Содан 1944 жылы елге оралып, сәуір айында Колутон стансасындағы №63 мектепке мұғалім болып орналастым. Содан 1988 жылы 65 жасымда зейнеткерлікке шыққанға дейін, 44 жыл бойы жас жеткіншек терге білім нәрін беріп, ұстаздық еңбек жолынан өттім»...
Қарт майдангер, тоқсан екі жасқа келген абыз ақсақал ұлағатты өмір шежіресін осылайша қысқа қайырып, бір сәт үнсіз қалды. Құдай қосқан қосағы Шәмшу екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріпті. Балаларының алды да зейнеткерлікке шығып, немере сүйіп отырған көрінеді. Алпыс жылға жуық отасқан бәйбішесі 2001 жылы қайтыс болыпты. Балалардан өрбіген 9 немере мен 9 шөберенің қызығын көріп, Ахат ақсақал мың шүкіршілік етеді.
Міне, тіршілік атаулыны балбыратып, жадыратқан мамыр келді. Барлық адал ойлы адамзат әлемді фашизм індетінен азат еткен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейлі мерекесін қарсы алмақ. Астана қаласының бүкіл ардагерлері атынан Ахат Бекмәдияұлы ғана Мәскеудегі Ұлы Жеңістің 70 жылдық салтанатты шеруіне қатыспақ. Бұл да қарт майдангер, ұлағатты ұстаз, абыз Ахат ақсақалдың маңдайына жазылған мерейлі мезет болса керек. Алда алыс сапар, сарғайған сағынышты жүздесулер...
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: Ұлы Отан соғысының ардагері Ахат БЕКМӘДИ.
Суретті түсірген: Орынбай БАЛМҰРАТ.