АЛМАТЫ. 23 маусым. Алматыда «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамының 90 жылдық мерекесіне мен Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күніне орай БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан турнир өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оған 11 команда қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы басқармасының бастығы Александр Князьев, «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы төрағасы орынбасарының кеңесшісі, полковник Марат Қашаев пен ардагер спорт журналисі Рабат Жәнібеков «динамолықтарды» мерейтойымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Динамо» ДШСҚ Баспасөз қызметінің өкілі Ақын Ордабайұлының айтуынша, аптап ыстықта күні бойы тер төккен командалар бір-бірлерімен бақ сынасып, түс ауа 11 команданың арасынан суырылып шыққан төрт команда жартылай финалдық ойындарын өткізді. Олар «Хабар», «Алматы», «Сардар» және «Аламан» командалары еді.
Финалда «Сардар» мен «Аламан» командалары кездесті. Тартысты өткен соңғы кездесуде қарсыластарын 2:0 есебімен жеңген «Сардар сайты» командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Олар жарыстың бас демеушісі «Global» құрылыс компаниясы әзірлеген түрлі-түсті теледидарымен марапатталды. Жүлделі үшінші орын «Хабар» командасын 1:0 есебімен жеңген «Алматы» теларнасының ұжымына бұйырды.
Жарыс соңында «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Көрерменнің көзайымы» және белсенді ойыншыларға берілген номинациялар бойынша бағалы сыйлықтар табысталды.
Турнирдің «Үздік ойыншысы» «Алматы» телеарнасының шабуылшысы Талғат Қожабеков лайық деп табылса, «Үздік қақпашы» атағы «Сардар сайты» командасын берік қорғаған Дәулет Кәрімовке берілді.
«Динамо» ардагерлер командасы да турнирге қатысты. Ал, ардагерлер арасында жастарына қарамай тартысты да тәртіпті ойын көрсеткен атақты комментатор Дияс Омаров, белгілі спорт журналисі Әлім Анапиянов, спорт шебері Ержан Баймолда сында ақ самайлы ағалар да бағалы сылықтарға ие болды.
«Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, жарыс ұйымдастырушысы Асқар Омарқұлов турнирдің алдағы кезде де өтетінін айтты.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: «Динамо» ДШСҚ.