23 Маусым, 2015

Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер заңсыздыққа жол берді

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
23-06-2015-Oral 01ОРАЛ. 23 маусым. Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының лауазымды қызметкерлері елімізге алыс шет елдерден ет өнімдерін жеткізу кезінде өздеріне сеніп тапсырылған тікелей функционалдық міндеттерін белден басқаны белгілі болып отыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті құрылған. Ал ел өңірлерінде оның аумақтық инспекциялары жұмыс жасайды. Қазіргі кезде бұл құрылымдарға жүктеліп отырған жауапкершілік өте жоғары. Әйтсе де Батыс Қазақстан облыстық инспекциясының қызметкерлері жоғарыдағыдай заңсыздықтарға жол берген. Мұндай кереғарлықтарды Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы анықтады. Атап айтқанда, аталған инспекцияның мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторлары Марат Қабденов пен Серік Сүндетовтер осындай лас іс-әрекеттерге барған. Олар елімізге жалған ветеринарлық сертификаттар бойынша ет өнімдерінің жеткізілуіне көздерін жұма қараған. Оны көрсе де көрмегендей түр танытқан. Бұл тұрғыда жасалған прокурорлық тексерулер ет өнімдерін жіберуші Бразилия елінен сертификат түпнұсқасының жоқ болғанын растайды. Сонымен бірге, Литва Республикасынан берілген құжат та тиісті үлгіге сәйкес келмеген. Соған қарамастан, жоғарыда аты-жөндері көрсетілген лауазымды қызметкерлер осы сертификаттарды заңсыз қайта ресімдеген. Кейін ет өнімдері тиелген автокөлік Ресей Федерациясында ұсталды. Сірә, халқымыз қойды қасқырға бақтыру деген тіркесті осындайда айтса керек. Темір Құсайын. Дерек: egemen.kz. Сурет: 1720.kz.