19 Ақпан, 2015

Тығырық төркіні – ретсіздік

559 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Әлемдік экономикада тұрақсыздық барған сайын тереңдеп барады. Энергетикалық қуат көздерінің арзандауы оны тұтынатын экономиканың басқа салаларына оң ықпал етсе керек еді. Алайда, мұнай бағасының 7-8 айға созылған төмендеу үдерісі де дамушы экономикалардың қарқынына серпін бере алмады. Осы орайда экономиканың дамуын тежейтін жаһандық қатынастарға дендеп кеткен ретсіздік пен жүйесіздік пе деген ойға қаласың. Дүние­жүзінің экономикалық қатынастарында белең алған бұл ретсіздік пен жүйесіздік алдағы уақытта әлемдік дағдарыстарды туғызатын бірден-бір себеп болатындығына күмән қалмайтын сияқты.

Француз ұшақтарынан бас тартты

Жақында әлемдік БАҚ-тарда Үндістанның Франциядан Rafale көп қолданысты жойғыш ұшақтарын сатып алу жөніндегі ірі жобадан бас тартқаны туралы хабар таратыла бастады. Бұл халықаралық ірі жобаның орындалмауына басты себеп – ұшақтардың бағасының қымбаттауы болып отырған көрінеді. 18 02 15 -1Екі ел компаниялары арасын­дағы алғашқы келісімде 126 ұшақ­тан тұратын машиналардың бірінші легін 10 миллиард АҚШ долларына сату көзделінген кө­рі­неді. Әскери ұшақтарды сату жө­ніндегі тендер өткізілгеннен кейін бұл жобаның құны 20 миллиард АҚШ долларына өсіп кетіпті. Алғаш өткізілген тен­дер­ге Ресейдің МиГ-35, Швеция­ның SAAB JAS-39 Gripen, аме­ри­ка­лық F-16 және F-18, еуропа­­лық Typ­hoon сияқты әскери ұшақ­тары да қатыс­қан. Тендер қоры­тын­ды­сын­да француздың Rafale ­жой­ғыш ұшақтары жеңімпаз болып танылған. Тендер бойынша енді Үндістан үшін француздың әрбір ұшағы 160 миллион доллардан айналмақ. Бұл өте қымбат баға. Оның үстіне бұл ұшақтар төртінші буынға жататын «жеңіл» жойғыш ұшақтар болып саналады. Ал Үндістан үшін ресейлік Су-30МКИ ұшақтарының әрқайсысының бағасы 100 миллион доллардан айналады. Оның үстіне Су-30 ұшағы жоғары бағаланатын «ауыр» жойғыш ұшақтар қатарына жатады. Францияның Rafale ұшақтарын сатып алудан Үндістанның бас тартуының тағы бір себебі, фран­цуз тарапы Үндістанда құрас­тырылатын ұшақтар үшін кепілдік бермейді, сонымен бірге, маши­наларды жасаудың толық жүйесі бойынша технологияларды беруге де келіспей отыр. Сондық­тан Үндістан тарапы алғаш­қы келісімде көрсетілген бағадан ауытқыған француз компания­сының өнімдерін сатып алудан бас тартты. Сонымен бірге, Франция компанияларының халық­аралық беделіне көлеңке түсуінің тағы бір себебі, Ресейге берілмей отырған «Мистраль» тікұшақ таситын француз кемесі төңірегіндегі келеңсіздіктер болып отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Алдағы уақытта Үнді­с­тан фирмалары ресейлік Су-30 ұшақтарын сатып алу жөнінде келісімге баратын сияқты. Оның үстіне бұл машиналардың модер­низацияланған үлгілері толығымен Үндістан аумағында шығарылатын болады. 126 Rafale жойғыш ұшақтарын сатып алудан Үндістан тарапының бас тартуы француздық Dassault компаниясының болашағына үл­кен соққы болатындығы даусыз. Бұл жоба орындалмайтын болса, Францияның Rafale маркалы жойғыш ұшақтарын экспорттау көлемі мүлде жоққа шығады. Тек компания үшін Египет тарапынан 24 Rafale ұшағын сатып алу жөніндегі келісімі ғана дәтке қуат болмақ. Бастапқы келісімді орындамай, тендер барысында әскери ұшақтарын кенеттен қымбаттатып жіберген француздық компания­лар халықаралық рынокта өз беделдеріне орасан зор нұқсан келе­­тіндігін ескермесе керек. Ең өкі­ніштісі, әскери техникалар шы­­ғаратын Францияның ком­па­ния­лары 2008 жылдан 2013 жыл­ға дейінгі аралықта өз өнім­де­рін экспорттау көлемін 30 пайыз­ға­ төмендетіп алған еді. «Жы­ғыл­ғанға жұдырық» демек­ші, үндіс­тандықтардың Rafale жойғыш ұшақтарын сатып алудан­ бас тартуы­ жағдайды одан әрі ушықтыра түспек.

АҚШ-ты аяз қысып тұр

«Жұт жеті ағайынды» демекші, әлемдегі тұрақ­­сыз эко­номи­калық ахуал­ды ауа райы қолай­сыз­дығынан болып жатқан табиғи апаттар одан сайын күрделендіре түсуде. 18 02 15 -2Осы аптада АҚШ-тың Атлант мұхиты жағалауындағы аймағы қалың қардың астында қалды. Синоптиктердің мәлімдеуінше, бұл өңірге 30 сантиметрге дейін қалыңдықта қар түскен. Сонымен бірге, АҚШ-тың шығыс бөлігін бұрын-соңды болмаған рекордтық аяз қыспаққа алып отыр. Ұлттық метеорологиялық қызмет бөлім­дерінің хабарлауынша, Миссури, Арканзас, Оңтүстік Иллинойс, Теннеси, Кентукки, Индиана және Огайо штаттарын қалың қар мен мұз көшкіні басып қалған. Тіпті, Вашингтонда өткен сейсенбі күні ауа райының жағдайына байланысты федералдық ведомстволар жұмысын тоқтатыпты. Авиакомпаниялар 2600-ден астам ішкі бағыттарға ұшақтар­дың ұшуын тоқтатты. Ауа темпе­ратурасының күрт төмендеуіне байланысты Солтүстік Каролина Вирджинии, Миссисипи, Джорд­жия, Кентукки және Вашингтон қалаларында төтенше жағдай жарияланды. Биылғы қыс АҚШ-тың кейбір штаттарына өте   ауыр соғып отыр. Мәселен, ақпан айының басында Американың 18 штатында қатты дауыл соғып өтті. Елдің орталық-батыс және солтүстік-шығыс өңірлерін қамтыған қарлы боранның кесірінен 2 мыңнан астам ішкі бағыттағы ұшақтар ұшуын тоқтатқан. Ал биылғы жылдың қаңтар айында АҚШ авиакомпаниялары ұшақтардың 5,7 мың бағытын ауа райының жағдайына байланысты тоқтатқан көрінеді. Қаңтар айында болған қатты боранның кесірінен Нью-Йорк қаласының экономикасы 200 миллион доллар зардап шекті, деп хабарлайды Moody s Analitics сараптама агенттігі. Ал ауа райының бизнеске әсері туралы зерттеу жүргізетін Planalytics фирмасының аға вице-президенті Эван Голдтің айтуынша, табиғат апаттарының АҚШ-тың солтүстік-шығыс өңірлеріне, оның ішінде Нью-Йорк, Филадельфия және Бостон қалаларына тигізген зардабы 500 миллион доллардан асып кеткен екен.

Алпауыттар табысы артты

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, дағдарыс қанша белең алғанымен байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық алшақтай түсуде. Байлар байыған үстіне байып барады.   18 02 15 -3aHenderson Global Investors компаниясының мәлімдеуінше, өткен жылы әлемнің 1200 ірі компаниясы өзінің акционерлеріне 1,67 триллион АҚШ доллары көлемінде дивиденд төлепті. Бұл 2013 жылғы әлемдік акционерлер алған дивиденд мөлшерінен 10,5 пайыз жоғары. Өз акционерлеріне дивиденд беруден америкалық фирмалар алдына жан салмайтын көрінеді. Олар өткен жылы 2013 жылмен салыстырғанда 52 миллиард долларға жоғары қаржы төлеген. Америкалық ком­­паниялардың акцияларын ұстаушы алпауыттардың 2014 жылғы та­быс­тары 15 пайызға артып, 392 мил­лиард долларды құраған. Америкалық фирмалардан олардың ұлыбританиялық бәсе­ке­лестері де кем қалатын емес. Бри­­тандық компаниялар акцио­нер­леріне төлеген табыс 31 пайызға артқан. Дүниежүзінде акционерлерге төленген дивидендтер көлемінің 18 пайызы 20 ірі компанияның үлесіне тиіп отыр, дейді өз есебінде Henderson Global Investors. Мәселен, Ұлыбританияда акционерлерге төленетін барлық төлемдердің 20 пайызын Voda­fone телекоммуникациялық алпауыты төлеген көрінеді. Акцио­нерлеріне мол табыс түсір­ген компаниялардың алдыңғы легінде Shell корпорациясы, China Construction Bank және HSBC банктері бар көрінеді. 2009 ­жылдан бергі өткен 5 жыл ішінде ірі компаниялардың акцияларын ұстаушы алпауыттарға төленетін дивиденд көлемі 60 пайызға өскен. Сарапшылардың болжамынша, экономикадағы тұрақсыздық­­қа қарамастан, 2015 жылы төлене­­тін дивиденд көлемі бұдан да ­жоға­ры болмақ.

Адам құны сұраусыз

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, заман күрделенген сайын адамдар арасында қатыгездік күшейе бастады. Жанашырлық, қайырымдылық сияқты адами құндылықтар аяқ асты болып барады. 18 02 15 -4Италияның Катания қаласында өткен жұмада ауыр қайғылы жағдай болды. Дәрігерлер ауруханада бос орынның жоқтығына байланысты дүние есігін енді ашқан Николь ди Пьетро деген нәрестенің өмірін сақтап қала алмады. Сәби «Джибиино» атты жекеменшік клиникада туыпты. Клиниканың заман талабына сай жабдықталмауына байланыс­ты нәрестеге дер кезінде көмек көрсетілмеген. Сәбидің тыныс алу жағдайы барған сайын қиындай бастаған. Жекеменшік клиниканың дәрігерлері өздерінде тиісті жабдықтардың болмауына байланысты сәбиді көрші ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай, бұл ауруханада да бос орын болмай қалыпты. Николь ди Пьетроның өмірін сақтауға барын салған ата-анасы келесі клиникаға барады. Бірақ мұнда да бос орын болмай, хал үстіндегі нәрестені қабылдамайды. Амалы таусылған ата-ана тұншығып жатқан сәбиді 100 шақырым қашықтықта орналасқан Рагуза қаласындағы ауруханаға жеткізуге мәжбүр болады. Алайда, ақ желеңді қатыгез жандардың әуре-сарсаңына шыдамаған Николь ауруханаға жетпей жедел-жәрдем машинасында көз жұмады. Қайғыдан қайысқан ана дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген дәрігерлерді айыптайды. Өз кезегінде дәрігерлер клиникаларда бос орынның болмағандығын алға тартады. Міне, ақша мен байлыққа тәуелді болған қатыгез капитализм қоғамындағы адам құны сұраусыз екенінің бір дәлелі. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».